Ақтөбеде сөзден мүдірмейтін шешентілді басшылар кімдер?

Ақтөбеде сөзден мүдірмейтін шешентілді басшылар кімдер?

«Aktobenews .kz» порталының «Үздіктер» жобасы тағы да жергілікті лауазымды қызметкерлерге арналады. Ақтөбелік басшылар арасында сөзге шебер, алдына келген адамды «алдай алатын» қызметкерлер кімдер?

Біз шешентілді басшылар тізімін төмендегідей жасадық. Ал, сіз бұл қатарға кімдерді қосар едіңіз? Сонымен…

Ердембеков Бауыржан Амангелдіұлы  – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры.

Жиындарда сөз алып, ойын ортаға салып жүрген Ақтөбедегі ірі жоғары оқу орнының басшысы көркем сөздің хас шебері. Оның 15 минуттық баяндамасының өзінен бірнеше мақал мен нақыл сөз тыңдай аласыз. Ол аудиторияны әдемі қызыл сөзбен баурайды. «Абайдың әдеби ортасы және ақындық мектебі» тақырыбында диссертация қорғаған философия ғылымдарының докторы сөз арасында дана Абайдың сөздерін жиі қолданады.

Жаңа басшы келгелі университет мамандары журналистермен байланыс орната бастады. Олар БАҚ беттерінде жағымсыз ақпарат шығармауға барынша тырысып жүр.

Бауыржан Амангелдіұлы Ақтөбеге Шығыс қазақстан облысынан келді.  Еңбек өтілін ұстаздық қызметтен бастаған.

 

Бекенов Қайрат Әскербекұлы – Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары.

Экономистердің ішінде сөзге шебер, белсенділікке құштар шенеуніктердің бірі. Ол Ақтөбеге Алматы қаласынан келген. 39 жастағы маман қызметтік өтілін инспекторлықтан бастап, тек лауазымды қызметтерде жасаған жолы болғыш жігіт.

Қайрат Бекенов Ақтөбенің жағымсыз иісімен білек сыбана күресіп жүрген шендінің бірі. Жергілікті белсенділерге қолдау білдірген облыс әкімінің орынбасары «Менің де иіске аллергиям бар еді» деп тілшілерге сұқбат беріп, жергілікті тұрғындарға Ақтөбенің енді сасымайтынын айтып сендіріп қойды.

 

Ләззат Оразбаева — Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары.

Ләззат Аманжолқызы атышулы Шалқар қаласының қызы. Әрдайым ойын жинап, сөзін жүйелеп жеткізуге тырысады. Ақтөбеде Сапарбаевтың сынына шыдап, өзін көрсете білген лауазымды қызметкерлердің бірі. Айналасымен тіл табысуда өз ерекшелігі бар.  Әркімнің жеке ерекшелігін зерттеп, көңілін таба біледі.

Ләззат Оразбаева мемлекеттік қызметтегі сәнқой ханымдардың бірі. Киген киімі, жаққан бояуы да талғаммен таңдалған. Қызыл костюм киіп, көзін көк түспен бояп алатындардың қатарынан емес.

Ол қызмет өтілін еңбек пәнінің мұғалімі болудан бастаған.

 

Маржан Қорғанбаева – Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының басшысы.

Қалада өтетін барлық мерекелік шараның басында жүреді. Үнемі қабағы қатулы жүргенімен тілшілерге сұқбат беретін кезде камера алдында жадырап тұрады. Маржан Нағашыбекқызының басқа лауазымды қызметкерлерден ерекшелігі — сіз сәнденіп барған мерекелік шараларда жау киіммен жүргені.

Себебі, мәдениет басқармасын басқарып отырған «мәдениетті» шенеуніктің бар жұмысы сол кезде басталады. Ол қарамағындағы қызметкерлерге талап қойып жүріп, әдемі сөздермен алдай да біледі.

Ол қызмет өтілін ғылыми жұмыстар айналысудан бастаған. Тараз қаласының тумасы.

 

Нұрлыбек Жұбатқан — сатирик. Ол жақында ғана басшылық қызметінен бас тартты. Осыған дейін Ақтөбе облыстық драма театрын басқарған басшы өзінің «Екі езу» театрымен филармония ұжымына қосылды. Басшылық қызметтен кетуінің себебін  шымшыма әзілдерді жиі қолданғанынан мүмкін екенін жасырмайды. Ол әр жағдайға байланысты ойымен әлеуметтік  желіде бөлісіп отырады. Сатирик соңғы кездері «бұзылған келіншектер» мәселесін жиі көтерді.

Aktobenews.kz

(фотолар ашық дереккөздерден алынды)

 

Пікір қалдырыңыз