Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысын жерге қаратқан қонақ үй басшыларын «сойып салды»

Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысын жерге қаратқан қонақ үй басшыларын «сойып салды»

ratel.kz

Облыс басшысының айтуынша, Ақтөбедегі мықты деген қонақ үйлердің өзінде дұрыс жағдай жасалмаған. Кофе сұраса, басқа бірдеңе ұсынады. Таңғы ас мәзірі жұтаң. Бөлмелері салқын. Тіпті, киім үтіктеуге  жағдай жасалмаған.

«Біреуінде жарық жоқ, екіншісінде тоңазытқыш, үшіншісінде теледидар жұмыс істемейді. Мәселен, «Амстердам» қонақ үйінде тұрғын кофе сұраған, бірақ оған мүлдем басқа нәрсе әкелген. «Дастан» жақсы қонақ үйі саналғанымен, мұнда да кемшіліктер бар. Таңғы ас түрлері аз, ерігіш кофе жоқ. Бөлме салқын. Қонақ үйі үтік, үтіктеу тақтасын бермейді деп тұрғындар шағымданады», — деді Бердібек Сапарбаев қызмет көрсету саласы өкілдерімен кездесуінде.

Өңір басшысы бір жыл бойы «Ақтөбе» қонақ үйіне жарық орнату керектігін айтып келеді. Құлақ асатын олар жоқ.

«Бұл әкімдікке керек емес. Клиент көбейту үшін сіздерге керек! Ескерту алмаған бір де бір қонақ үйі жоқ! Әр бөлменің терезесінен не көрініп тұрғанын қараңыздар. Егер қоқыс тұрса, жинау қажет», — деді Сапарбаев қонақ үй басшыларына.

Сондай-ақ, облыс әкімі дөрекі сөйлейтін даяшылар туралы сөз қозғады. Оларды мәдениетті сөйлеуге үйрету керектігін алға тартты.

Тексерілген 31 мейрамхананың ішінде тек 13-і ғана талапқа сай болып шықты. Тек төрт мейрамхананың жеке сайты бар, алайда интернеттен тек үш мейрамхана жайлы ақпарат табуға болады.

«Аз мәзірінде бағалар көрсетілмеген. Бағасы жоқ мәзір бола ма? Сайттарда да мәзір жоқ, тек салаттар мен ет тағамдары көрсетілген. Басқа тамақ жоқ па?», — деп таңғалды Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы жиында аталған кемшіліктерді екі аптаның ішінде жоюға тапсырма берді.

Еске сала кетейік, осыдан 10 шақты күн бұрын танымал ресейлік «Иванушки» тобының әншісі Андрей Аполлонов гастрольдік сапармен Ақтөбеге келіп, қымбат қонақ үйлердің бірінде еш жағдай жасалмағанын айтып, наразылығын білдірді. Ол тіпті арнайы видео түсіріп, желіде жариялаған болатын.

Ілияс Оразбаев, Aktobenews.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *