Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Сәуле Жанпейісова дәстүрлі өнерді жаңғыртуға үлес қосып жүрген ақтөбеліктерге алғысын жеткізді

Сәуле Жанпейісова дәстүрлі өнерді жаңғыртуға үлес қосып жүрген ақтөбеліктерге алғысын жеткізді

фото: Асқар Ақтілеу

Дәстүрлі өнердің насихаттаушысы Сәуле Жанпейісова Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығы аясында өткен «Жан серігім — домбыра!» өңірлік жыршы-жыраулардың байқауына қазылық еткен болатын. Әнші осынау өнерді жаңғыртуға үлес қосып келе жатқан облыс билігіне алғысын білдірді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Түн жарымына дейін созылған жыр кешінің кереметтілігін жеткізе алмаймын. Мұндай дәстүрлі өнерді әрдайым насихаттау керек» деген ол өткен жылы Ақтөбе облыстық филармониясы басшысының қоңырау шалып, байқау өткізсек деген ұсыныс білдіргенін жеткізді.

«Мақсаты Ақтөбе өңірінен шыққан ақын-жыраулардың шығармашылығын қайта жаңғырту, дәстүрлі өнерді насихаттау деп түсіндірді. Байқауға қатысушылардың дені Ақтөбе даласында өткен ғасырларда өмір сүрген ақын-жыраулардың шығармаларын орындады», — деді Сәуле Жанпейісова.

Дәстүрлі әншінің пайымынша, Ақтөбе өңірінен шыққан Молдабай, Әкімгерей, Сарышолақ, Қызыл Тұрдалыұлы, кешегі Жұбановтардың басынан өткен қилы тағдырларын ұмытуға болмайды.

«Қиын жолдардан өткен, мың өліп, мың тірілген қазақтың өнері бүгінге жетті. Ол әрі жалғастығын таба береді деген ойдамын. Сол себепті біздің бүгінгі ақын-жыршыларымыздың шығармашылығына орын бердік. Кешегі байқауға небары 13 адам қатысты. Меніңше, одан да көп адам қатысу керек еді. Әрине, көш жүре түзеледі. Тәуелсіздік алғалы кезінде жоғалтқан дүниелерді жаңғыртып жатырмыз. Өшкенімізді қалпына келтіріп, өлгенімізді тірілтіп жатырмыз, тәубе деу керек», — дейді ол.

Бүгінде Алматы мен Астана қалаларында «Аманат» деген атаумен ашылған өнер орталықтарына жетекшілік етіп жүрген Сәуле Жанпейісова оңтүстік астанадағы өнер театрына да шақырту алғанын айтты. Алдағы уақытта «Аманат Music» атты үлкен халықаралық фестиваль өткізбек.

Өткен жылдарға қарағанда соңғы уақытта дәстүрлі өнерге көңіл бөлініп, жағдай жасала бастағанын айтқан әнші республикалық телеарна басшыларына деген базынасын жеткізіп бақты.

«Телеарналарда дәстүрлі өнерді насихаттауға арнайы сағаттар бөлінуі керек. Тіпті, күнделікті беріліп тұрса да артықтық етпейді. Қазірде күн сайын түгілі айына бір рет те тыңдай алмайсың. Өсіп келе жатқан қаншама жастарымыз бар. Өкінішке қарай бүкіл арнада күні-түні эстраданы ғана насихаттайды. Шоу бағдарламалар эфирден түспейді», — деген әнші таяуда көрерменге жол тартқан «Мен қазақпын» жобасының аздық ететінін жасырмады.

«Ойыл даласында өткен Көкжар жәрмеңкесінің бір жарым ғасырлық тойында Қобыланды батыр, Асау-Барақ жырлары орындалғанда арқаларымыз қозып, денеміз шымырлап, керемет рух алғандай болдық», — деген Сәуле Жанпейісова ұйымдастырушылардың жұмысын жоғары бағалады.

Марат Төлепберген, Aktobenews.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *