Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбеліктер бұлақты өлкеде салынып жатқан мектеп пен Меккедегі құрылыстар арасынан ұқсастық іздеді

Ақтөбеліктер бұлақты өлкеде салынып жатқан мектеп пен Меккедегі құрылыстар арасынан ұқсастық іздеді

фото: А.Ақтілеу

Ала жаздай құрылысшыларға «маза бермеген» Сапарбаев екінші тоқсанда тапсырылатын білім ордаларын аралауға кірісті. Мектептер салып жатқан мердігер компаниялардың жұмысын қадағалап келген облыс басшысы Мәртөк ауданына қарасты Родниковка ауылында болды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Мұнда жауапты құрылымдардың олқылығынан болу керек, ғимаратты тұрғызарда жер асты сулары ескерілмегенге ұқсайды. Бүгінде Родниковка ауылындағы білім ордасы бұлақ сулары маңынан тұрғызылып жатыр.

Мердігер компанияның басшысы Вадим Масс Aktobenews.kz тілшісіне құрылыс жұмыстарының кешіктірілу себебін түсіндіріп берді.

«Негізі, келісім құжатында көзделген уақытта бастай алмадық. Өйткені, мектеп құрылысына бөлінген жердің айналасы бұлақ сулары. Оны бітеу үшін бір жарым ай уақытымыз кетті. Бірін бітесек, екінші жерден шығады. Тағы басқа көзі ашылады. Осылайша, жұмыстарды біршама кешігіп бастауға тура келді», — дейді Вадим Масс.

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев аталған мектептің қос қабатын аралап шықты. Бірқатар ұсыныстары мен ескертулерін айтты. Жоғарғы қабаттағы фойенің орнына кабинеттер жасауды ұсынды. Жалпы, құрылыс жұмыстары көңілінен шықты.

Мердігер компания басшысы құрылыс жұмыстарының оқу жылының екінші тоқсаны басталғанша аяқталатынын жеткізді.

«Ғимараттың іргесін бірнеше метрге көтеруге тура келді. Ішкі әрлеу және сылақ жұмыстарының 99 пайыз аяқталатынына сенімдімін. Ал, ауладағы жұмыстар кейін де жалғаса береді», — деді Вадим Масс.

Өз кезегінде, ауыл тұрғындары Родниковка ауылындағы жаңа мектеп ғимаратын Меккедегі құрылыстарға теңеп, жақсылыққа балап отыр. «Өйткені, киелі Меккенің өзінде көптеген нысан бұлақ суының үстіне салынған екен. Мінәжат орындарының қапталынан бұлақтар ағып жатыр», — дейді олар.

Айта кетейік, жаңа оқу жылының алғашқы күнінде облыста 8 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бүгінде 20-дан астам білім ордасы салынып жатыр. Жергілікті билік үш ауысымдық жүйені түбірімен жоймақ ниетте.

Марат Төлепберген, Aktobenews.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *