Мербол Құспанов: Үмітімізді үзе бергенде жүргізушінің «Ақтөбе, Қазақстан!» дегенін естіп жылап жібердік

Мербол Құспанов: Үмітімізді үзе бергенде жүргізушінің "Ақтөбе, Қазақстан!" дегенін естіп жылап жібердік

Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы қазақ камералық хорының көркемдік жетекшісі, дирижер Мербол Құспанов Алматыда білім алып, Ақтөбеге қайта оралды. Патриот, жаңашылдыққа құштар. Таяуда өңірде өтетін «Құтты мекен — Ақтөбе» атты форум кезінде 800 адамнан тұратын хорда дирижер болады. Уақытпен санаспай жұмыс істейді, үнемі жүгіріп жүреді. Ол таяуда шаңырақ көтерді. Үйлену тойына облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты шақырды. Кәсіби маман Aktobenews.kz тілшісіне өмірі мен еңбегі туралы сұхбат берді.

Бір қолыммен неке қию туралы куәлікті алып, бір қолыммен шақыру билетін бердім

— Үйлену тойым болатын күнді атаулы датаға арнайы белгіледім. 30 тамыз – Конституция күні. Енді бұл күн мен үшін жаңа өмірдің бастауы болды. Шығармашылық саласында жүрген адам үнемі жұмыста болады, қарбалас күндері көп. Сондықтан жеке өміріндегі маңызды күндерін естен шығаруы мүмкін. Мен ұмытылмас үшін 30 тамызды таңдадым. Сол күні бас даңғылда 50 жұп неке қидырды. Той дәл сол күнге белгіленді. Шақыру билетін арнайы дайындап, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа бердім. Бердібек Машбекұлын тойымда көргім келді. Оң қолыммен неке қию туралы куәлікті алып, сол қолыммен шақыру билетті бердім. Сол кезде «кешкі тойда күтемін» деп айттым. Бірақ халық адамының жұмысы көп, уақыты аз. Кешке құттықтау хатты Ақтөбе облыстық мәдениет бөлімінің басшысы Маржан Қорғанбаева тапсырды. Шақыру елеусіз қалмады. Өңір басшысы сәлемдемесін жолдап, жас отбасыға деген тілегін қағазға түсіріп жіберген екен. Суретімді әлеуметтік желіге салдым, қала әкімі Ілияс Испанов да құттықтауын жеткізген.

Алматыда оқып, Ақтөбеге оралдым

— 1988 жылы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Ақтайсай кенті Алакөл ауылында дүниеге келдім. Отбасыда бес баламыз. Мен 2 класты Алакөл ауылында аяқтап, ата-анам Ақтөбеге қоныс аударды. Бұл 90-жылдардың ортасы болатын. Ақтөбеге бірнеше жыл тұрақтап, пәтер жалдап тұру қиындығын көрген соң Алға ауданына көшіп барған едік. Анам физика-математика пәнінің мұғалімі болғанымен өзім есеп шығаруға шорқақ едім.

Мектепте мәдени шараларға жиі қатыстым. Сол кезде анам «қолыңнан күрек ұстау келмейді, инженер, мұнайшы бола алмайсың, музыкалық колледжге түс» деп ақыл айтты. Өзім 3 жасымнан бастап ән шырқағанмын. Бойым өте кішкентай болған. Мен үнемі орындықтың үстінде тұрып ән айтқанмын. Анамның ақылымен, өз таңдауыммен Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің дирижерлық бөлімінде білім алдым. Ұстазым — Алтын Нұрқасымқызы. Одан кейін арман қуап Алматыға бардым. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына түстім.

Халық әртісі, профессор Базарғали Жаманбаев ұстазым болды. Ол да ақтөбелік екен. 4 курстан бастап Чайковский атындағы музыкалық колледжде хор жетекшісі болып жұмыс істедім.
Алматыда қалатын мүмкіндігім болды. «Магистратураға түс, колледжде сабақ бер, жатақхана бар» деген кезде сағынышым басым түсіп, Ақтөбеге қайта оралдым. Жұмысымды бастадым, ештеңеге өкінбеймін. Қазір де жұмысқа шақырады. Бірақ мен Ақтөбеге орнығып қалдым. Ата-анамды Ақтөбеге көшіріп алдым. Әлеуметтік жағдайымыз түзелді. Асқан бай емеспіз. Нанымыз бар. Ұстазым Базарғали Жаманбаев «менің берген біліміммен нан мен оған жағатын май болса, сол да жеткілікті» деп айтатын. Сол күнге жеттік.

Жігіт әлеуметтік жағдайын түзеген соң үйленуі керек

— Адамдар өз жағдайын жасап алмай үйленуге құштар. Қазақта «бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деп айтады. Бірақ, мен ол жолды таңдамадым. Алдымен өз жағдайымды жасадым, кейін үйлендім. Өйткені, әйелім дайын жерге келуі керек. Ер азаматтың үй, көлігі, жақсы жұмысы, жақсы құсы болуы керек. Сол деңгейге жеттім. Биыл екі бөлмелі қызметтік жатақхананы алдым. Қазір ата-анаммен бірге тұрамын. Келін ененің мектебінен өту керек деп есептеймін. Ол сол мектептен өтетін болса, көпшіл, алды-артын білетін болады.

Ел аралауға мүмкіндік берген мамандықты таңдадым

— Мен облыстық филармонияда қазақ камералық хор ұжымының көркемдік жетекшісі және дирижерімін. Осы ұжымда хор әртісі, көркемдік жетекшінің көмекшісі болдым. Барлығы 30-ға жуық халықаралық байқауға қатысып, оның тең жартысынан бас жүлдемен оралдым. Сонымен қатар, 12 республикалық байқауға қатысып, тең жартысында жеңіске жеттім. Жоғары деңгейде өтетін конкурстар шетелде болады.

Шамамыз келсе, қолдау болса, елден шығып, өзге мемлекеттерде ұйымдастыралатын жарыстарға баруға күш саламыз. Мәселен, мен Қазақстанда алғаш рет хор ұжымын Санкт-Петербургке үш рет апардым. Екі рет колледж студенттерін, бір рет филармониядағы қазақ камералық хор ұжымы барды. Ол өте жоғары деңгейде өтетін байқау. 7 жюри 7 елден келді. Бәрі танымал дирижер. Әрі сайыс, әрі тәжірибе. Кәсіби мамандармен бір сахнада өнер көрсету үлкен мәртебе еді.

Алдымен студенттерге ұсыныс айттым. Барайық, көрейік дедім. Байқауға қатысу туралы өтініш қабылданды, шақыру келді. Студенттерге «әкімдік қолдамайтын шығар, өз ақшамызбен баруымыз мүмкін» деп ескерттім. Бірақ қалалық әкімдік қолдады. Барлығы 23 мемлекеттен 7 мыңнан астам адам қатысты. Байқау бойынша 32 Гран при белгіленді. Соның ішінен абсолютті чемпион таңдалды. Конкурс соңында абсолютті чемпиондарға диплом табыстап жатты. Сахнада тұрмыз. Үшінші, екінші чемпионды атады. Сол кезде біз үміт үзіп, сахнадан шығып бара жатқан едік. «Қазақстан Республикасы, Ақтөбе» деп атаған кезде бәрі жылады. Ол қуаныш жасы болды. Негізі мен мамандықты дұрыс таңдадым. Ел көру, жер көру менің мақсатым болды. Оны маған кез келген мамандық бермейді. Жұмыс істеп жүріп 9 елге бардым. Еуропа, Азия елдеріне болдым. Әлі мұхит аспадым, бірақ арманым бар.

Қазақ камералық хоры – Қазақстанда жалғыз

— Біздің ұжымға — 26 жыл. 1991 жылы 8 қаңтарда Қазақ камералық хоры құрылды. Ол кезде Кеңес Одағы жоқ, Қазақстан тәуелсіздігін жарияламады. 90 жылдары өңірдегі мәдениет саласын басқарған марқұм Қази Жасекенов құжат бойынша қазақ камералық хорын ашты. Дегенмен 1994 жылы жабылып, 2000 жылы қайта ашылды. Хорға 5 жылдан астам уақыт қаржы бөлінбеген, бірақ хор әртістерінің еңбек өтілі жүре берген. Уақыт өте келе қазақ атауы ұмытылып, камералық хор қалды. Түпнұсқа құжатты іздеп үш күн бойы мұрағат ақтарған едік. Табылды, қолда бар құнды құжатты басшыларға көрсетіп, 25 жылдықты атап өту туралы шешімге келдік.

Ұжымды құттықтауға келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «бұл ұжымды жоғары қою керексіздер, себебі бұл — қазақ камералық хоры» деп айтты. Қазақ камералық хоры Қазақстанда жалғыз. Негізі ұжымды қаржыландыру қиын. Барлығы 40 адам бар. Олардың айлығы, киімі, іс сапарлары жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. 2016-2017 жылдары Санкт-Петербургтен бастап, Түркияға дейін бардық. Барлығы 12 рет сапарға шықтық. Ел арасында «Ақтөбе – хор өнерінің астанасы» деген түсінік бар. Алғашқы қазақ камералық хоры Ақтөбеде құрылып, 2005 жылдан бастап «Жұбановтар көктемі» өткізіліп жүр. Биыл фестиваль атауы «Жұбановтар әлемі» болып өзгерді. Әр екі жыл сайын өтеді. Байқауға дайындық жүріп жатыр. Жюрилер Канада, Израиль, Ресейден келеді. Еуропа, ТМД елдерінің мықты ұжымдарын күтіп отырмыз. Біз Гран при алу үшін бар күшімізді саламыз.

Қазіргі хор ешкімді ұйықтатпайды

— Кез келген адам хорды тыңдайды. Хор туралы бір орында тұрып өлең айтады, ұйықтатады деп ойлайды. Қазіргі хор ешкімді ұйықтатпайды. Жас композиторлар, өңдеушілердің қызығушылығы өте жоғары. Сонымен қатар, көрерменнің де көрермені бар. Сіздер тыңдайтын 3 минуттық шығарманы орындау үшін біз үш ай жұмыс істейміз. 1 сағат 20 минутты шығару үшін бір кабинетте дайындаламыз, шығарманы нақышына келтіру орындаймыз. Ол кабинетте айқай-шу, ұрыс-керіс болады. Бәрі қайнайды, піседі. Піскен кезде алып шығамыз. Біздің көрермен жыл өткен сайын көбейіп келеді. Бұрын көрерменге билет сата алмайтын едік, қазір өзі іздейді. Олар концерт біткен соң қол соғып, алғыс айтады. Сахнаға келіп, әртістерге ризашылығын білдіреді, алғысын жеткізеді. Одан артық ештеңе керек емес. Кез келген өнер адамын көрерменнің ықыласы, ризашылығы шабыттандырады, шаттандырады. Қазір өзімді сахнасыз елестете алмаймын.

Әр ұжымның өз Мерланы бар

— Студенттермен, кәсіби шыңдалған музыканттармен, әуесқой өнерпаздармен дайындық жүргіземіз. Колледжде ұстаз және мұғалім деген шектеу жоқ. Студент келіп жылайды, барлық проблемасын айта алады. Оларға аға ретінде көмектесемін, әзілдесемін. Кәсіби музыканттармен тең сөйлесемін. Ал, әуесқой топта мен немере болып жүрмін. Бір күн дамыл таппаймыз, үнемі қозғалыс, жүгіріс. Жұмыс көп. Екі жылдан бері бір жобаны іске асыру үшін жұмыс істеп жүрмін. Бәрі сәтті аяқталса, хор деңгейі көтеріледі.

800 адамнан тұратын хор жерлестер форумында «Қарлығашты» орындайды

— Биыл аудандарды аралаймыз. Үш айда бәріне барамыз. Репертуарымызда 350 шығарма бар, бағдарлама дайын. Кім бізді қабылдай алады, сол жерге барамыз. Көлігіміз бар. Сонымен қатар, форум кезінде 800 адамдық хор ән айтады. Колледж студенттері, мектеп оқушылары қатысады. Бәрін өзім ұйымдастырамын.

Әңгімелескен Алтынай Сағындықова, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз