дүйсенбі , 25 қыркүйек 2017
Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбеде тұңғыш рет триатлоннан чемпионат өтті

Ақтөбеде тұңғыш рет триатлоннан чемпионат өтті

Ақтөбе қаласында тұңғыш рет жүзу, жүгіру, велосипед жарыстарынан командалық триатлоннан қала чемпионаты өтті, деп хабарлайды «Ақтөбе» газеті.

Чемпионат  Ақтөбе су қоймасының «Саяхат» жағажайында басталды. Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов жарысқа қатысушыларды спортшылар мерекесімен құттықтап, сәттілік тіледі.

Жарыстың бірінші кезеңі жүзуден басталды. Суда жүзушілер 200 метр қашықтыққа жарысты. Олардың қатарында қала әкімі Ілияс Испанов та болды.  Күн жел, су толқынды болса да спортшылар бұл сайыстан сүрінбей өтіп, кезекті веложарысқа  берді. Велосипедшілер  су қоймасынан бастап  Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы орталық мәдени-демалыс саябағына дейін, яғни жиырма шақырым қашықтыққа  жарысып келді. Осы жерде олар эстафетаны жүгірушілерге берді. Жеңіл атлеттер паркті айнала  5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті.

Ақтөбе қалалық спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаровтың айтуынша, триатлонға қатысуға ниет білдіргендер көп болыпты.

— Тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін де хабарласқандар толастамады. Отыздан аса команда жасақталды. Жалпы кейінгі жылдары ақтөбеліктердің спортқа деген қызығушылығы артып келеді. Қарапайым тұрғындардан бөлек, мекеме басшыларына дейін қатысуға ниет білдірді, — деді ол.

Жарысқа «Трансэнерго» АҚ, «Қазхром» компаниясы сияқты мекеме басшылығынан да қатысқандар болды.

Жүгіруден Александра Ермамбетова бірінші келді. Жеңіл атлетикамен бала кезінен айналысатын Александра бұл жолғы жарысқа да тыңғылықты дайындалыпты.

— Жарысқа «Мәулен» сауықтыру кешенінің атынан қатысып отырмын. Өте қызықты өтіп жатыр. Қатысушылардың барлығы дерлік мықты. Алғашқыда қобалжығаным рас. Ал қазір қуанып отырмын, — деді ол.

Ал отыз жастан асқандар арасындағы жүгіруден бірінші келген 49 жастағы Шыңғыс Төлеуов жарысты ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

— Ақтөбеде спорттық жарыстардан қалмайтын бір топ ардагер бар. Бүгін эстафеталық түрде ұйымдастырылған  жарысқа  қатысып отырмыз. Қасымдағы екі ардагер жүзу мен веложарысқа қатысса, мен жүгіруден сынға түстім. Бұған дейін қалада өткен «Ақбидай» спорт ойындарында бірінші орын алдым. Қазір республикалық жарысқа дайындалып жатырмын. Жалпы жеңіл атлетикамен бала кезімнен айналысамын. Шалқар ауданы Айшуақ ауылында  туып-өстім. Ауылда да осы спортты жаныма серік еттім. 2004 жылы қалаға көшіп келген соң тынысым ашыла түсті. Қалада мүмкіндік көп, түрлі жарыстарға қатысамын,  — деді Шыңғыс Төлеуов.

Спортшы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі кафедрасында оқытушысы болып еңбек етеді. Қалада осындай жарыстардың жиі ұйымдастырылуы, жастардың қызығушылығын арттыратынын айтты.

Ал жүзуден бірінші келген 17 жастағы Аида Аймұраттың спортпен айналысқанына он жыл болыпты.

— Жеті жасымнан бастап жүзумен айналыстым. Түрлі спорттық шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Әр жылдары өтетін ел чемпионаттарында бірінші орын алып жүрдім. Қазір спорт шеберлігіне кандидатпын. Ал бүгінгі жарыс мен үшін өте тартысты өтті. Суға түскен кезде толқынмен жарыса жүзу қиындық туғызды. Бірақ еңбектенгенімнің арқасында бірінші болып келдім, — деді ол.

Аида «Азая» тігін компаниясының атынан қатысып отыр. Компания басшысы Айнұр Бақтығалиева спортшыларының жарыста белсенділік танытқанын айтты. Алғаш рет ұйымдастырылған сайыс өте тартысты өтті. Қатысушылардың барлығы тағы да ұйымдастырылса деген тілектерін жеткізді. Жарыстың соңында жеңімпаздар  марапатталды. Оларға қаладағы мейрамханаларға сертификаттар берілді.

Кәмшат ҚОПАЕВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *