дүйсенбі , 25 қыркүйек 2017
Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Сапарбаев Ойыл ауданының шаруаларына: «Тары атасы Шығанақтың аманатын ақтамай отырсыңдар» (ФОТО)

Сапарбаев Ойыл ауданының шаруаларына: «Тары атасы Шығанақтың аманатын ақтамай отырсыңдар» (ФОТО)

фото: Асқар Ақтілеу

Ойыл ауданына іссапары барысында облыс басшысы Бердібек Сапарбаев тары шаруашылығымен де танысты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі. Егіс алқабында шаруа қожалықтары басшыларымен кездескен әкім тары атасы Шығанақтың үміті ақталмай жатқанын жеткізді.

фото: Асқар Ақтілеу

«Тары жеген адам аш болмайды. Бала кезімізде тарыны қапшықпен таситынбыз. Үш қапшығын 300 теңгеге сатып аламыз. Көп ақша тұратын. Қызылорда жақта сөкті сүтке былғап береді. Бала тоқ болады. Қарны ашпайды», — деді облыс басшысы шаруаларға.

Айта кетейік, жыл басында Ойыл ауданының басшысы Бұлбұл Күзембаева тары алқабын 460 гектардан 1150 гектарға ұлғайтамыз деген болатын. Оны брендке айналдыру керектігі де сөз болды. Аудан басшысы өткен жылы 460 гектарға тары егіліп, гектарынан орта есеппен 10 центнер егін орылғанын хабарлады.

Бердібек Сапарбаев аудандағы шаруа қожалықтары басшыларына тары шаруашылығының ақсаңдап жатқанын бірнеше тілге тиек етті. Ауыл тұрғындарымен болған кездесуде де, аудан активімен болған жиында да осы салаға назар аудару керектігі сөз болды.

«Егер Шығанақ атамыз тіріліп келсе, қазіргі ахуалды көріп, ұялар ма еді, кім білсін? Ақтөбе облысының Ойыл ауданына тән тары шаруашылығының жағдайы нашарлап кеткен. Ешкім онымен айналысқысы келмейді», — деп кейіді Бердібек Сапарбаев ойылдық шаруаларға.

Облыс басшысының пайымынша, облыста суармалы шаруашылықты дамыту аясында тары егуді де жандандыру керек.

Марат Төлепберген, Aktobenews.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *