дүйсенбі , 25 қыркүйек 2017
Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Жұлдыз Қожабекова: Бұрын Ақтөбедегі айтысқа келгісі келмеген танымал ақындар бүгінде біздің жаққа елеңдеп тұрады

Жұлдыз Қожабекова: Бұрын Ақтөбедегі айтысқа келгісі келмеген танымал ақындар бүгінде біздің жаққа елеңдеп тұрады

Ақтөбе облысының Хромтау ауданы Ақжар ауылында өсіп, мектеп қабырғасында айтысқа қатысып, кейін үлкен сахнада бас жүлде алып жүрген Жұлдыз Қожабекова мемлекеттік тапсырыспен кітап шығарып, докторантурада білім алуды армандайды.

Ол Ақтөбенің айтыс сахнасында жалғыз өзі нәзік жандылардың намысын қорғап, талай додада жүлдемен оралып жүр.

Ақтөбенің Жұлдызы ақындарға жақсы таныс. Ол – нәзік жандылардан жалғыз, ол — айтыскер ақын. Қолына домбыра алып, аудан мен ауыл кезіп, жырсүйер тыңдарманын қуантқан Жұлдыз Қожабекова ақын әрі тіл маманы.

Ол Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық мемлекеттік университетінің тілдер кафедрасында қазақ тілі курсынан сабақ береді. Оқытушы кәсіби қазақ тілі пәнінен дәріс беріп, орыс тобына қазақ тілін үйретеді. Міне, 5 жылдан астам уақыттан бері бір орында, бір қызметте.

Ол негізгі жұмысы мен ақындық өнерін қатар алып жүретін жан. Бірі тіршіліктің қамы, екіншісі жанның қалауы. Қос жауапкершілік үлкен күш артқанымен, бұл жүкті Жұлдыз Қожабекова абыроймен арқалап келеді.

«Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін 2008 жылы бітіріп, сол жылы магистратураға құжат тапсырдым. Емтихандарым тұрмыс құру күніне дәл келіп, құдалар үйге келіп жатқан кезде мен емтихан тапсырып жүрдім. Талай күнгі еңбегім еш кетпеді. Алдымен тест тапсырып, кейін комиссия қабылдауында болдым. Бұл мен үшін берілген жақсы мүмкіндік еді. Дипломдық жұмысым да «Ақтөбе өңірінің айтыс өнері» тақырыбы болып, мен Әбубәкір Кердері, Сарышолық Боранбайұлы секілді ақтөбелік ақындардың жырларын зерттедім. Олардың арасында аты-жөндері сақталмаған айтыскерлер де бар. Мұның бәрін жетекшілерімнің көмегімен зерттеп, Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорынан құнды дүниелер тауып, таныстым. Сол тақырып магистратура сынағында алдымнан шығып, өте сәтті тапсырдым. Грант негізінде білім алып жүрдім, 45 мың теңге шәкіртақым бар. Екі жоғары оқу орнын да үздік дипломмен аяқтап, бірнеше жерде жұмыс істедім», — деді айтыскер ақын Жұлдыз Қожабекова Aktobenews.kz тілшісіне.

Жұлдыз Қожабекова аға қамқорлығын сезген ақын. Ол университетте білім алып жүрген кездері оқу орнының ректоры марқұм Ғалымжан Нұрышевтің шапағатына бөленді. Тіпті соңғы курста Ақжар орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді, табыс тапты. Бұл оның сабақ үлгеріміне ешқашан кері әсерін тигізген емес. Кейін Ақтөбедегі Тілдерді дамыту орталығында сабақ берді. Магистратурадан соң Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетіне жұмысқа орналасты.

«Жанашыр адамдар бар. Марқұм Ғалымжан Нұрышев өнер адамдарын өте жоғары бағалап, бізге еркіндік берді. Бір айтыстан оралып, Ғалымжан Нұрышевпен кездесу мүмкін болмаған кезде қабылдау бөлмесіне өзім бір ауыз өлең жолдарын жазып, тастап кеткен болатынмын. Сол өлең қолжазба күйінде сақталған екен. Кейін арнайы кітапқа енгізілген. Өмірде сирек болса да жақсы адамдар кездеседі. «Айналаңа қандай көзбен қарасаң, сондай адамдар жолығады» деп айтады. Мен көп адамдарды жолықтырдым. Біреулер туралы жаман пікір естіп тұрасың, сыртынан жаман сөздер жиі айтылады. Сол адамның жақсылығын өзің көргенде қатты таңырқайсың. Мәселен, Мақсат Байжарқынов көп жақсылық көрсетті. 4 курста оқып жүргенде Ғалымжан Нұрышев еркіндік беріп, сабаққа қалаған уақытта қатысуға рұқсат етті. Бір жыл «Нұрдәулет» газетінде жұмыс істедім. Еңбек жолым дәл осы газетте басталды. Мақсат Байжарқынов студентке әкелік қамқорлығын көрсеткен адам. Өнерге құрметі ерекше кәсіпкер. Ұлттық нақышқа аса мән береді. «Аламан айтыстың» телевизиялық нұсқасына қатысқан кезде киім тіктіріп, жол шығынын өтеді. Қытайдан домбыра жасатып әкелді. Өте нәзік еді. Үні де жақсы болған. Домбыраның үстіне тон түсіп кетіп, сынып қалды», — деді ол өткен күндерін еске алып.

Өзіне деген сенімділікті нығайтып, ынтасын арттырған Нұрлыбек Қалауов еді. Ақтөбелік жас ақындарды сыннан өткізіп, сахнаға бейімдейтін, үйрететін ұстаздың «осы қыздан шығады, көзінде от бар» деген бір ауыз сөзі бойға қуат дарытты. Сөзі, ойы, сахнадағы келбеті, өзін-өзі ұстауы. Бәрі ұстаздың көңілден шықты. Жұлдыз Қожабекованың айтыс өнеріне келуіне әріптесі Марат Ахметов те ықпал етті.

«Мені айтысқа алып келген Марат. Негізі филология факультетіне 125 қыз оқуға түссе, бәрі өлең шығарады. Соның бір-екеуі ғана ақын болды. «Өлеңдеріңнің мықты екенін білесің бе?» деген сауалға газетке барғанымды, ешкім пікір айтпағынын, жарыққа шықпағанын айттым. Ол айтысқа шығуға ұсыныс жасады. Ең алғашқы айтыста өлең жолдарын жазып, оны жаттап сахнаға шықтым. Екеуміз Қ.Жұбановқа арналған айтысқа дайындалдық. Кейін ол маған тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастырумен өткен айтысты айтты. Сол айтысқа Сырымбек Сәрсенбай, Талғат Тілеулес, Марат Ахметов, Қайнар Алагөзов қатысты. Жалғыз қыз мен болдым. Жатақханадан шықтым, қалтамда автобусқа мінетін ақша болмады. Жаяу облыстық филармонияға бардым, айтыс өтті, әділқазылар төрағасы Кәрім Айнабеков бас жүлде берді. Бұл мені ынталандырды, күш берді.  Өзімді жолы болғыш адамдар қатарына қосамын. Өмірде қамқорлық танытатын адамдар кездесті»,- деді Жұлдыз Қожабекова.

Ол республикалық ақындардың басын қосатын әлеуметтік чатта жиі отырады. Әріптестерімен пікір алысады, тіпті сол алаңда айтысады. Ол бұрын «Ақтөбеде өтетін айтысқа барғымыз келмейді» деген сөзді жиі естісе, қазір танымал ақындардың Ақтөбеге ұмтылып тұратынын айтып, мақтана алады.

«Жүрсін Ерман арқылы көп айтыс ұйымдастырылады. Ол ақынды тыңдап алмай үлкен додаға қоспайды. Сынақтан өту емес, бірақ сол бір белесті бағындыру парыз. Мен бар өмірімді сахнаға арнай алмаймын. Тіршіліктің қамы бар, несиеге алған пәтеріміз бен көлігіміз де ай сайын ақысын күтеді. Сондықтан университеттегі жұмысымды тастап келе алмаймын, кез келген уақытта сұрану да мүмкін емес. Өнер адамы болдық деп жауапкершілікті өзімізден алып тастамаймыз», — дейді айтыскер ақын.

Жұлдыз Қожабекова тойда асаба, сыңсу айтып, қыз ұзатуға қатысады. Арнау әндер айтады. Қосымша табысынан бас тартпайды. Көбіне арнау өлең айту үшін шақырылады. Танымал, беделі бар адамдар телефон шалып, «тойға қатысып, лебізіңді білдіріп кет» деп айтып жатады. Кейбір асабалар арнау өлең сұранысқа ие деп таң қалады. Қыз бала болғасын да сыйлайтын шығар. Біз ойымызды нәзік жеткіземіз», — деді ол.

Жұлдыз әзілді жиі айтады, сәтті оңтайлы пайдалана алады.

Айтыскер ақын өз жүлдесін санап, тізбектеген емес. Аудан, облыс, республикалық айтыстардың бас жүлдесін алып жүрген ол соңғы екі жылда алған алғыс хаттары мен дипломдарын жинақтаған. Өзгесі есте жоқ, сақталмады. Ал жүлдесі 4-5 көліктің құнымен тең. Ол тұрмыстық техникасын санаған емес. Реті келсе сыйлыққа тарту етеді.

«Өлеңдерімді жинамаймын. Қайда қалғанын білмеймін. Кейде әр жерден тауып аламын. Әлеуметтік желі жақсы болды, сол жерге сақтап қойып жүрмін. Ғалым Жайлыбай «неге кітап шығармайсың» деп айтады. Ақтөбедегі беделді адамдар көмектесетіндерін жеткізді. Хромтаудың Ақжар ауылынан шықтым. Барсам, кітабымды шығарғым келеді деп айтсам, олар да көмектесер еді. Бірақ, ең бірінші кітабымның біреудің арқасында емес, мемлекеттік тапсырыспен шыққаным қалап жүрмін. Тағы бір арманым, докторантурада оқығым келеді. Дүниеге қызықпаймын. Байлықты, біреудің өмірін қызғанбаймын. Байлығы бар адамның бақытсыз екенін де көрдім. Бәріне еңбекпен жетіп келемін. Ешкімнен ештеңе сұрап көргенім жоқ»,- деді ол.

Жұлдыз Қожабекова Ақтөбе айтысындағы жалғыз қыз. Сіңлілері қатарға қосылса, ниет білдірсе қуанады. Бірақ, тәрбиелеп, бағыт беруге әлі ерте екенін айтумен келеді. Әріптестерінің «өзі біреу, не көбеймейді, не азаймайды» деген әзіліне де үйренген. Табанды, өнерге шын жанашыр, өз жұмысын жауапкершілікпен атқаратын Жұлдыз Қожабекова тағы бір додаға дайындалып жүр. Ол  Дербісәлі Беркімбаевқа арналған аймақтық айтысқа қатысады. Оған Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязов шақырылған. Бұл жолы да ол ер адамдар арасында жалғыз өзі өнер көрсетпек…

Алтынай Сағындықова, арнайы Aktobenews.kz үшін

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *