Заңды жер телімін қорғамақ болған Ақтөбе облысы тұрғынының тісін сындырып кетті (ВИДЕО, ФОТО)

Заңды жер телімін қорғамақ болған Ақтөбе облысы тұрғынының тісін сындырып кетті (ВИДЕО, ФОТО)

Өзгенін жерінің шөбін шауып, иесінің тістерін сындырған шаруа иесі жауапкершілікке тартылмай отыр. Темір ауданына қарасты Саркөл ауылының тұрғындары жан-айқайларын Aktobenews.kz тілшісіне жеткізді.

Олардың айтуынша, «Ильяс» шаруа қожалығының иесі Макар Өтегенов әлімжеттік көрсетіп отыр.

«2016 жылы бос жатқан 420 гектар жер аукционға түскен еді. Бұрында ол «Жетіру» шаруа қожалығына тиесілі болды. Алайда бұрынғы қожайыны қалаға көшіп кетіп, жер қараусыз қалды. Былтыр байқауға түсіп, сол жерді заң жүзінде меншіктеп алдық, — дейді Саркөл ауылының тұрғыны Нұрбибі Қазбағамбетова.

Алайда, тұрғынның сөзінше, ауылдағы өзге шаруа қожалығының егесі ұтып алған жерге малын жайып, шөбін шауып кетеді. Тіпті, өлген малын қалдырып кеткен.

«10 шілде күні Макар Өтегеновтың үйіне бардық. Малының біздің жерімізде жайылып жатқанын айттым. Бірақ ол қасымда үн-түнсіз тұрған жұбайыма келіп, «Сен менің жерімді тартып алдың» деп шүйліге бастады. Ешқандай жауап қайтармаған күйеуімнің аузынан ұрып жібереді. Қан бұрқ ете қалады, — дейді ашынған Нұрбибі Қазбағамбетова.

Ауыр соққыдан күйеуі Бақыт Қазбағамбетовтың аузындағы протезі жарылып кетіпті. Нұрбибі мұны суретке де түсіріп алған. Дегенмен, жергілікті полиция да, прокуратура да, сот та ешқандай шара қолданбай отырғанға ұқсайды.

«Полицияға жазған арызымнан жауап келмеді. Шұбарға бару керек деген ауызша жауап қана қатты. Шұбарға барып, прокуратураға арыз жаздым. Сотта маған Өтегеновтың іс-әрекеті 108-баппен қаралатынын айтты. «Шілденің 8-нен бастап бұл бап жеңілдікке ұшырады» деп шала-шарпы мені сыртқа қарай шығарып салды», — дейді әділдік іздеуден шаршаған Нұрбибі Қазбағамбетова.

Әділетсіздікке тап болған Нұрбибі тілшілерден көмек сұрайды. Өз кезегінде, Aktobenews.kz сайты екінші тарапқа да пікір алаңын ұсынуға әзір екенін хабарлайды.

Амангелді Қойшыбаев, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз