Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбе облысында қоғамдық көмекшілерге әкімдер тарапынан да, халық жағынан да сенім азайды

Ақтөбе облысында қоғамдық көмекшілерге әкімдер тарапынан да, халық жағынан да сенім азайды

Ақтөбе облысында қоғамдық көмекшілерге билік тарапынан да, халық жағынан да сенім азайды. Мәселен, Мәртөк ауданының әкімі Нұржауған Қалауов Aktobenews.kz тілшісіне берген сұхбатында ауданға қарасты 13 округтің тек төртеуінде қоғамдық көмекшілерінің белсенді екенін айтады.

«Әдетте, ауылдық округтердегі әкімдер кей жайтты жасырып қалады. Сол себепті, тұрғылықты халықтың арасынан беделі мен айтары бар, мәселе көтеріп жүретін ақсақалдар қатарынан қоғамдық көмекшілер тағайындағанбыз. Рас, өкінішке қарай, тек санаулысы белсенді жұмыс істейді», — дейді Мәртөк ауданының әкімі.

Нұржауған Қалауов қоғамдық көмекшілеріне сенімсіздік танытатынын ішінара мойындады да. Тіпті, тығырықтан шығудың жолын тапқанын да жасырмады.

«Қоғамдық көмекшілер жұмыс істейді. Дегенмен, ауыл-аймақтарда өзге белсенді тұрғындар аз емес. Мәселен, кейбір ауылдарда өзге белсенді әжейлер бар. Телефонымның нөмірін беріп қойғанмын. Сондықтан, егер қарамағымдағы әкімдер дұрыс жұмыс істемесе, тұрғындар телефоныма тіке хабарласа алады. Сіздің адамыңыз анда жүр, сіздің әкіміңіз дұрыс жұмыс істемейді деген сарында ақпарат беріп отырады. Сондықтан, бақылау жағынан еш кемшілік жоқ», — дейді аудан басшысы.

Санаулы күн бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Ойыл ауданындағы қоғамдық көмекшісінің үстінен де шағым түсті. Аудан активінің отырысында аудандық басылымның жетекшісі Серікбай Қойбағаров қоғамдық көмекшінің облыс басшысының атын пайдаланып аудан тұрғындарымен тілдескенде мәдениетсіздік танытатынын хабарлады.

Бердібек Сапарбаев көпшілік алдында қоғамдық көмекшілерге тапсырылған міндеттер туралы тізбелеп берді.

Марат Төлепберген, Aktobenews.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *