Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбе облысының белсендісі ауылдастарына әлеуметтік желі арқылы Сапарбаевқа шығуға болатынын үйрете бастады

Ақтөбе облысының белсендісі ауылдастарына әлеуметтік желі арқылы Сапарбаевқа шығуға болатынын үйрете бастады

фото: Қамбар Мұқаш

Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылының белсендісі Ардақ Құбашева ауылдастарына әлеуметтік желілерді игеруді үйрете бастады. Белсендінің өзі таяу уақыттан бері фейсбук желісін еркін меңгеріп, енді ауылдағы аға буын өкілдеріне де қордаланған мәселелерді әлеуметтік желі арқылы Бердібек Сапарбаевтың өзіне тікелей жеткізуге болатынын түсіндіріп жүр.

«Жасымыз келді, фейсбугіңді түсінбейміз дейді. Олай болмайды. Жергілікті әкім-қаралар кейбір жайтты облыс орталығына жеткізе бермеуі мүмкін. Сондықтан, ең болмағанда әлеуметтік желі арқылы ауылдағы мәселені көтеріп тұрғымыз келеді. Қазіргі таңда 7-8 адамға күнделікті фейсбуктің қыр-сырын үйретіп келемін», — дейді Ардақ Құбашева.

Ауыл белсендісі шешімін таппай жатқан мәселелерді ұялы телефонның көмегімен ғаламторға жүктеп, орталыққа жеткізудің маңызы зор екенін айтады.

«Бұл ауыл мен аудан басшыларына ұнамауы мүмкін. Қағазбастылыққа салынып, өзекті мәселелердің шешілуін ұзақ уақыт күткеннен гөрі әлеуметтік желінің көмегімен жеделдетуге болатынын айтудан жалықпаймын. Жалпы, Темір ауданында мәселе жеткілікті. Бір Ардақ Құбашева қайда жетсін?! Күн демей, түн демей ауыл тұрғындары маған хабарласады. Қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Дегенмен, тұрғындар да қалалықтар үшін үйреншікті жайт болып кеткен жаңашылдықтарды үйрену керек шығар. Әсіресе, аға буын өкілдері осы тұрғыда артта қалып келеді, — дейді ол.

Марат Төлепберген, Aktobenews.kz   

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *