бейсенбі , 24 тамыз 2017
Бастапқы бет / Қазақстан / 7 өңір «Нұрлы жол» аясында білім саласына бөлінген қаржыны игере алмауда

7 өңір «Нұрлы жол» аясында білім саласына бөлінген қаржыны игере алмауда

diapazon.kz

Еліміздің 7 өңірі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім саласына бөлінген қаржыны игере алмай отыр. 

Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ағымдағы Ұлттық қордан білім саласындағы жобаларды жүзеге асыруға 71,7 млрд теңге бөлінген. Оның 26,5 млрд теңгесі  өткен жылы құрылысы басталған 53 мектепті салып бітіруге бағытталса, 45,2 млрд  теңгесі 56  жаңа мектептің құрылысын бастауға бөлінген.

«Ағымдағы жылдың 1 тамызындағы жағдайға сәйкес, әкімдіктер 41,1  млрд теңге  аударылып, оның 38,6 млрд теңгесі немесе 94 пайызы игерілді. Игерілмеген қаржы көлемі 2,5 млрд теңгені құрайды. Қаржыны 7 өңір игере алмай отыр. Олардың қатарында Алматы Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстары бар», — деді Асылова.

Оның айтуынша, аталған өңірлерде қаржының игерілмеуіне мердігерлердің орындалған жұмыстардың актісін ұсынбауы мен конкурстық процедураларға шағымдар себеп болуда.

«1 тамыздағы жағдай бойынша 7 мектептің пайдалануға берілгенін атап өткім келеді. Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарында  1 мектептен, Оңтүстіктік Қазақстан облысында 4 мектеп және Мағыстау облысына қарасты Жаңаөзен қаласында өткен жылы Ұлттық қор есебінен қаржыландырылған 320 орынға арналған балабақша салынды. 2017 жылдың соңына дейін қалған 70 мектептің құрылысын аяқтау  жоспарлануда», — деді вице-министр.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *