сенбі , 24 маусым 2017
Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Б.Сапарбаев: Ақтөбе облысы Батыс өңірінің медицина орталығына айналады

Б.Сапарбаев: Ақтөбе облысы Батыс өңірінің медицина орталығына айналады

Ақтөбеде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың қатысумен Ақтөбе облысындағы медициналық кластерді дамыту мәселесі талқыланды.

Жиналысқа халықаралық медициналық орталықтың атқарушы директоры, Сеул ұлттық университеті госпиталінің вице-президенті Кванг Вунг Ли, Сеул ұлттық университеті бауыр трансплантациясы бөлімінің клиникалық профессоры Кьюнг Чуль Юн, облыстың денсаулық сақтау қызметкерлері, жергілікті өкілдік және атқарушы органдар қатысты.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мемлекет басшысының қолдауының арқасында өңірдегі денсаулық сақтау және медициналық туризм жүйесін жетілдіру үшін материалдық-техникалық база, кадр әлеуеті көтеру секілді барлық жағдайдың жасалғанын атап өтті.

Атап айтқанда, М.Оспанов атындағы БҚМУ 500-ге тарта жас мамандарды әзірлеп шығарады, 2016 жылы емдеу-алдын-алу мекемелеріне 73 түлек орналасса, ағымдағы жылы 114 маман дәрігерлер қатарын толықтырмақ. Мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру есебінен 2016 жыл мен ағымдағы жылдың бес айы ішінде 32 денсаулық сақтау нысаны жөнделіп, 6 нысан салынып, пайдалауға берілді.

Соңғы үш жылда ірі буындарды эндопротездеу бойынша 500, ересектер мен 300 баланың жүрегіне 1000 операция жасалып, 2016 жылдың өзінде медициналық қызметтің 1036 жоғары технологиялық түрі көрсетілді, сондай-ақ 28 бүйрек және 8 бауыр ауыстыру операциялары жасалды.

— Облыстың өткен жылдағы маңызды оқиғасы — ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен келісімге сәйкес Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының тұрғындарын жоғары медициналық қызметтермен қамтамасыз ететін медициналық кластер құру болды. Аталмыш жұмыс мемлекет басшысының медициналық туризмді дамыту туралы тапсырмасын орындау аясында жүргізілуде. Медициналық кластер құрамына облыстық деңгейдегі ірі емдеу-диагностикалық мекемелері мен үш қазақстандық медицина университеттері кірді. Жыл сайын облысымыздың емдеу мекемелерінде өзге өңірлерден келген үш мыңнан аса емделуші ем алады. Халықаралық ынтымақтастық белсенді дамуда: Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей, АҚШ пен Израильдің медицина қызметкерлерімен ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойылды.
МЖС аясында 27 жоба іске асырылуда. Түрік инвесторларының есебінен жылына 150 мың шақырту қабылдайтын қалалық бекет пен қала бойынша 3 қосалқы бекеттің құрылысы басталды. Израильдік әріптестермен Жедел медициналық көмек ауруханасының құрылысы бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде, — деген облыс әкімі өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Батыс-2» мен «Нұр Ақтөбе» шағын аудандарында әрқайсысы 500 адам қабылдайтын екі қалалық емхананың, офтальмологиялық орталықтың, облыстық клиникалық аурухананың жанынан позитрондық-эмиссиондық томография орталығының, облыстық балалар клиникалық ауруханасындағы онкогематологиялық корпусының және ауылдық жерлерде 21 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталды.

— Бұған қоса, өңірде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуынсыз шешу қиынға соғатын проблемалар да бар.
Азаматтардың денсаулығын республикалық деңгейде қамтамасыз ету бойынша басқару қызметтерін шамадан тыс орталықтандыру үрдісі — өте маңызды мәселе. Біз орталықтандыру реформалау формасы ретінде мөлшерленген және есептелген болуы тиіс деп ойлаймыз. Вакцинациядан бас тартушылар санының артуына, медициналық кластер мәртебесіне, Ақтөбе қаласында еліміздегі Батыс аймақтар үшін республикалық санитарлық авиация бөлімшесін ашуға байланысты өзге де мәселер бар, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

— Әрине, алда көп жұмыстар бар. Алайда, мен Бердібек Мәшбекұлын біле тұра оның істі соңына дейін жеткізетініне сенімдімін. Бұдан кейін де осындай жақсы тәжрибені өзге де өңірлермен бөлісуге болады. Бұл үшін барлық алғышарттар бар, — деген ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі алексей Цой өзінің көқарасын білдірді.

Меймандар облыстық балалар клиникалық ауруханасының, «Дару» оңалту орталығының, Ақтөбеде МЖС аясында пайдалануға берілген нысандардың қызметтерімен танысты.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *