бейсенбі , 17 тамыз 2017
Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Қалада емес, ауылда ән айтқан ұнайды — Қуанышгүл Серікбаева

Қалада емес, ауылда ән айтқан ұнайды — Қуанышгүл Серікбаева

Қуанышгүл Қалымқызы екі баланың анасы, әнші-термеші. Ол үлкен байқаулардың жеңімпазы. Ақтөбе музыкалық колледж тәмамдаған соң Облыстық халық шығармашылығы үйіне жұмысқа шақырылған әнші бір орында тапжылмастан 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазақ әйеліне тән мінезі бар. Кішіпейіл, ақжарқын, еңбекке адал, досқа берік. «Мен» деп кеудесін ұрып, «өзім» деп қара басының қамын ойлаған емес. Бәрінен ұлттық өнер мен адалдықты биік ұстайды. Aktobenews.kz тілшісі бұл жолы бес жасынан домбыраны серік еткен Қуанышгүл Серікбаевамен кездесті.

Халық шығармашығы үйі – өнердің ортасы. Мұнда жұмысына адал, шын берілген адамдар ғана жұмыс істейді. Эстраданы емес, дәстүрлі ән мен ұлттық өнерді бағалайтындарды тек осы жерден табуға болады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Қуанышгүл Серікбева да бала кезінде домбыра тартып, 5 жасында қойшылардың алдында ән айтқан әнші. Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында туып, өскен ол 11 жылдық мектепті бітірген соң арман қуып Ақтөбеге келген. Талай таланттың бағын ашып, өнерін шыңдаған Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжінде күйші мамандығын меңгерген Қуанышгүл Серікбаева жыр айтуды Қайдар Өтеғалиев пен Света Мырзабаевадан үйренді, ойға түйді.

«Музыкалық колледжді бітірген соң облыстық драма театры, филармония мен халық шығармашылығы үйінен шақырту түсті. Драма театры әншілердің емес, әртістердің ортасы. Ал филармонияның іссапары көп болды. Таңдауым халық шығармашығы үйіне түсіп, бір орында тапжылмастан еңбек етіп келемін. Өнер ордасы халық арасында кең танылуыма ықпал етті. Ақтөбенің аудан, ауылдарына барып концерт береміз, көрерменнің ыстық ықыласына бөленеміз. Өткен жылы Халықаралық әйелдер күні Байғанин ауданының әкімдігі шақырып, концерт бердім. Аналарға сый жасадым. Сонымен қатар,  Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қармақшы ауылының құрылғанына 60 жыл толып, әкімі шақырды, концерттік бағдарламамен барып келдім. Ауыл адамдары дәстүрлі әнді, термені ерекше  ықыласпен тыңдайды. Халық қошемет көрсеткенде әнді барынша әсерлі жеткізесің. Өзіме қалада емес, ауылда ән айтқан ұнайды», —  деді Қ.Серікбаева.

Әншінің өз домбырасы бар. Осыдан 7 жыл бұрын алматылық шебердің қолынан шыққан ұлттық аспапты 50 мың теңгеге сатып алған. Қуанышгүл Қалымқызы нотаны біледі, бірақ ән айтқанда әуенге баса назар аударады. Екі ұлының үлкені Аслан Жалғасов та бес жыл бойы музыкалық мектепке барып, домбыра тартуды үйренген. Ол әнді анасының домбырасымен айтқанды ұнатады. Бірақ ер азамат басқа саланы таңдады. Қазір ол «Ақтөбе жас» командасында қақпашы болып жүр.

«Екі балам бар. Аслан мен Абылайхан. Үлкені ер жетті. Кішкентайым 5 жаста. Адамда арман көп. Орындалмай қалғаны бар деп айта алмаймын. Бәрі өз ретімен іске асып жатыр. Өнер жолы әйел адамға өте қиын. Үй, бала-шаға,  жұмыс, тойдағы қосымша табыс. Бәріне үлгеріп, өзімді-өзім алып шықтым. Үйде тамақ пісіргенді ұнатамын. Үлкен балам Аслан алыс сапарда  менің тамағымды сағынып келеді. Интернеттен, теледидардан көргенімді тез жасауға асығамын. Қашанда қолдан жасаған тамақ дәмді болады», — деді әнші.

Қуанышгүл Серікбаева жыл өткен сайын мәдениет саласына деген қамқорлықтың артып келе жатқанына қуанады. Еңбегі еленіп, алғысқа бөленіп те жатыр. Ол алғыс алса ынталанады, «балаларым анасымен мақтанса» дейді. Сондықтан болар, әр жерді емес, бір ғана Халық шығармашылығы үйін таңдады. Бір орында тапжылмады. Тіпті еңбек кітапшасында бір ғана мекеменің атауы түссе деп отыр.

Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алында екі рет ән шырқады. Алғашқысы 90-шы жылдардың аяғы еді.

«Президенттің алдында екі рет ән шырқадым. Біріншісі 1998 жыл болуы керек. Бізді арнайы дайындап, киім тіктірді. Бояу, сәндеуді әкімдік жеке бақылады. Күнде дайындықты тексеріп, қажет болса ескерту айтты. Сол кезден бастап әншінің сахналық мәдениетін терең ұғындым. Кез келген киіммен халықтың алдына шығуға болмайды. Міндетті түрде ұзын көйлек киемін. Ал екіншісі, Жаңажол ауылындағы зауыттың ашылуы. Сол кезде төбеге, «Назарбаев жасасын!» деп ақ кірпішпен жазылды. Өте алыс әрі өте жақын. Бәрі әдемі көрінді», — деді Қ. Серікбева.

Қазақстанның қайта құру кезеңін бастан өткерген әнші сахналық киімнің өте қат кезін қазір ертегідей еске алады. Бірде Қарағандыда өткен Мәди Бәпиұлы атындағы байқауға қатысу үшін дайындалып, қос етек көйлекті көп жерден іздеп таппаған. Сол кездері облыстық мәдениет басқармасы пойыз жүрер алдында өлшемі үлкен көйлекті қолына ұстатты. Ықшамдап кейіп, сол байқауда Қуанышгүл Қалымқызы көрермен көзайымы болып оралды.

Оның жеңісі көп. 1997 жылы «Жас дәурен» байқауы басталып, сол жылы ол лауреат атанды. Ақтау қаласының 35 жылдығына орай «Жасай бер, жаса, ақмаржан қала» атты республикалық конкурста бас жүлдені жеңіп алды. 2005 жылы Түркияға барып, өнер фестивалінде лауреат болды. Ресейге барып,  Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың жерленген жерінде көрермен қошеметіне бөленді. Таяуда Халық шығармашылығы үйінің екі бөлмелі пәтері әншіге берілмек. Сол кезде Қуанышгүл Серікбаева пәтерінің бір қабырғасына ондаған марапатын іліп қоймақшы. Кез келген қыз-келіншектің үйінде косметика болса, Қуанышгүл Серікбаева бұл жерді еңбегімен келген алғыс хатпен толтырмақ.

Ол осыдан бес жыл бұрын «Барып қайт, балам, ауылға» аты шығармашылық концертін берді.

Ол жастарға үнемі ақыл айтып, дұрыс жол сілтеп отырады. Бір күнде жұлдыз болуды армандайтын кейінгі ұрпаққа өткен жылдардағы қиын күндерінен ескелік айтады. Ол өнері мен отбасын қатар ұстап, тең жүрген әйел. Бақытты әйел. Балаларымен мақтанады, екі ұлы анасын пір тұтады.

Алтынай Сағындықова, Aktobenews.kz

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *