бейсенбі , 24 тамыз 2017
Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Әндеріме арнап сайт ашамын – Бақтығали Жұмалин

Әндеріме арнап сайт ашамын – Бақтығали Жұмалин

«Бақыт деген…», «Аққулар, қош болыңдар», «Көзіңнен айналайын» атты әндердің авторы, композитор Бақтығали Жұмалин қазір Халық шығармашылығы үйіндегі «Жазира» ұлт-аспаптар ансамблінің жетекшісі болып жұмыс істейді. Оның әндерін Айжан Нұрмағамбетова, Бақыт Шадаева орындап, халыққа танылған болатын. Алматыдай өнер ортасында емес, Ақтөбеде жүріп ел мақтаған әндерді жазған композитормен Aktobenews.kz тілшісі кездесіп келді.

— Атақты композитор Бақтығали Жұмалиннің туған жері мен өскен ортасын білгіміз келеді…

— Атырау облысы, Қылылқоға ауданындағы Мұқыр стансасында туып, өстім. Ақтөбеге 1973 жылы көшіп келген болатынмын. Бұрын Ақтөбеде мәдени-ағарту училищесі болған еді. Сол оқу орнында білім алған соң Атырау педагогикалық институтында музыка факультетінде оқып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының баян мамандығында білім алдым. Кезінде бұл ең мықты мамандық еді. Қазір көбі электронды жолға көшкен. Компьютермен дыбыс, минус жаздырып алады. Әншілер, әнші домбырашылар көбейді.

Еңбек жолыңызды қай жерде бастадыңыз?

— Ақтөбе педагогикалық институтының музыка факультетінде дәріс беріп, қосымша Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда жұмыс істедім. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрда да еңбек еттім. Өнер адамдары бірнеше мекемеде жұмыс істей алады. Мен бір мезгілде үш орында еңбектендім. Кейін драма театр музыка бөлімінің меңгерушісі етіп шақырып, бір жерде тапжылмастан еңбек еттім. Өткен жылы жұмыстан шығып, қазір Халық шығармашығы үйіндегі «Жазира» ұлт-аспаптар ансамблінің жетекшісімін. Ансамбльдің халықтың атағы бар.

— Драма театрдағы жұмысыныңыз туралы айтып берсеңіз…

— Драма театрда ертегілер мен қойылымдарға музыка жаздым. Мәселен, «Бала мерген», «Қаңбақ шал», «Айман-Шолпан» қойылымдары бар. Көбі есімде жоқ, бірақ мерекелік қойылымдарға арналған музыка жазылып, әндер өмірге келді.

— Сізді танытқан «Бақыт деген…» әні қай уақытта дүниеге келді?

— Ол 1997 жылдың наурыз айы болатын.

— Ән тыңдарманға қалай тарады?

— «Бақыт деген» әнін алдымен Есет Сәдуақасов пен тағы бір қыз орындады. Дуэт бірінші рет концертке шығып, ұнамаған соң тек Есеттің орындауында қалдырдық. Сол кезде теле-радио арқылы құттықтау бағдарламаларында жиі шырқалып, халыққа жетті. Мектепте, клубтар шырқалды. 2001 жылы Алматыға барып, Айжан Нұрмағамбетовамен кездесіп, таныстым. Әнді тегін бердім. Орында, атымды ата, ән танылсын деген мақсат болды менде. Ән Ақтөбеде қалып қоймас үшін үлкен сахнада жүрген әншілерге ұсынамыз. Кейін Айжан Нұрмағамбетова «Бақыт деген» әнін «Нұр-Мұқасан» тобымен орындады. Ән өміршең болуы үшін ұрпақтан ұрпаққа берілуі тиіс. Сол кезде ән қайта құлпырып, ұмытылмайды. Сонымен қатар, сол кезде Бақыт Шадаева «Бақыт әлде», «Көзіңнен айналайын», Ақжол Мейірбеков «Ана бұтағы» әнін орындады.

— Сіз қанша ән жаздыңыз?

— Жан-жануарларға, табиғатқа арналған, патриоттық әндер де бар. Дәрігерге, жол полициясы қызметкерлеріне де арналды. Бәрін есептесем, 250-ден астам ән бар. Есебі бар, сақтаулы. Бәрі әртүрлі әншілердің орындауында сақталды. Арнайы сайт ашып, әндердің бәрін жүктеп қоямын.

— Соңғы жылдары шыққан әндеріңіз  туралы айтып берсеңіз…

— Әуесқой ақындарға сұраныспен жазамын. Олар сахнада 1-2 рет орындалған әндер. Ал жиі орындалатыны «Ақтөбем менің», «Аққулар, қош болыңдар», «Көзіңнен айналайын» әндерін Марат Әйтімов, Жадыра Арыстанова, Сәния Жұмабекова орындап жүр. Марат Әйтімов «Шашу», «Досым-ау, қайдасың сен?» әнін айтып жүр. Бұрынғыдай талпыныс жоқ. Техниканың дамыған заманы бұл.

Әуенді қай аспапта шығарасыз?

— Фортепиано, баян, гитара, домбыра. Әртүрлі аспапта шығаруға болады. Ешқандай аспапсыз да шығаруға болады әнді. Шабыт келген кезде бәрі ойда сақталады. Өлеңнің сөзін ойға сіңіріп, әуен дүниеге келеді. Ақын Ертай Ашықбаевтың 20-ға жуық өлеңіне, Жақсылық Айжановқа, Олар Байсеңгірдің сөздеріне ән жаздым.

— Сіз өз әндеріңізде атақты әншілерге ұсынасыз ба?

— Ия. Ыңғайы келсе ұсынамын. Ол үшін Алматыға барып, 20 күндей жүру керек. Әншілермен кездесу, оларға тыңдату керек. Ұнатса бересің. Бірақ біраз жыл болды, Алматыға бармадым. Бәрі қаржыға келіп тіреледі. Бір амалы, әндеріме арналған сайт болайын деп тұр. Әншілерге телефон шалып, «әнімді алшы» десең, почтама жіберіңіз деп кейін ол ұмыталады. Сол аралықта  ұрланып кетуі мүмкін. Орындалмаған әндер көп. Оны мұқият тыңдау керек. Кез келген әнші түсіне алмайды. Көп әнші той бағдарламасына қажетті көңілді әуен іздейтіні де жасырын емес.

— Әндер жинағын шығардыңыз ба?

— Бірде-бір кітап шығара алмадым. Менде 5-6 кітапқа жинақталатын ән бар. Әнді тақырыпқа арнап бөлсек, жақсы кітап шығар еді. Қаржы тапшылығы қол байлады. Әр кітапқа кем дегенде 200 мың теңге қажет болады. Кітап шығару ұсынысымен облыстық мәдениет басқармасына да бармадым.

— Алғашқы әніңізді қай уақытта шығардыңыз?

— 1979 жылдары шығара бастадым. Бірақ біз жазған әнді тыңдатуға ұялатын едік. Ізденіс бар, бірақ даму болмады. Қазір ақын, сазгер көп. Бұрын көркемдік кеңес болды. Қорқасың кеңеске көрсетуге. Жазып, сақтадым. Ұнамады, лақтырып тастадым. 1985 жылдары ақын Гүлнар Шамшиева өлең жазып, әуенін маған тапсырды. Содан кейін ашыла бастадым. Менің композиторлық шебердігімді танытқан сол ақын. Ақын, компазитор, әнші. Осы үшеуі жұмыла жұмыс істесе, бәрі жақсы болады. Үшеуінің достығынан жақсы туынды шығады. Қазір әркім өз жолымен жүр.

— Әңгімеңізге рақмет.

Анықтама

Бақтығали Жұмалин «Ару қалам – Астанам» әнін орындаған Г.Юсупова «Шабыт» фестивалінде лауреат болды. 1999 жылы Әлия Молдағұлованың 75 жылдық мерейтойына жарияланған ән байқауында Ертай Ашықбаевтың сөзіне жазылған «19 – жас» әнімен 1-орынға ие болды.

2004 жылы Мәдениет министрлігі ұйымдастырған, 1-Республикалық «Елім менің» патриоттық әндер конкурсының «Ата мекен» номинациясы бойынша «О, туған жер» әні үшін лауреат атанып, марапатталды.

2006 жылы Қазақстан Республикасы «Бөбек» Ұлттық ғылыми – практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы ұйымдастырған, адамгершілік — рухани білім беру бағдарламасын дамыту мақсатында балаларға арналған үздік шығармалар мен әндерге жарияланған Республикалық конкурста ән номинациясы бойынша 1–орынға ие болды.

Қаламыздағы «Алақай» қуыршақ театрна арналған бірнеше әндері мен қуыршақ театрның әнұранына жарияланған конкурста ,әнұранын жазып 1-орынға ие болды.

2011 жылы 16-желтоқсанда Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атағын алды.

Алтынай Сағындықова, Aktobenews.kz

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *