Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Қызметі мен шаңырағының ұйытқысы бола білген тәртіп сақшысы

Қызметі мен шаңырағының ұйытқысы бола білген тәртіп сақшысы

Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментінің техникалық қызмет басқармасының бастығы, полиция полковнигі Гүлнәр Қожабаеваның еңбек жолы жас буынға өнеге. Гүлнәр Маратқызының мойнына артылған жүк жеңіл емес. Ол ішкі істер саласына қажетті техникаларды жабдықтауға жауапты қызметтің тізгінін ұстап, қызметін жауапкершілікпен атқарып келеді. Қазақстан полициясының 25 жылдығы қарсаңында Гүлнәр Қожабаевамен қыр-сыры мол полиция қызметі туралы ой бөлістік.

30 жылдан кейін өзге қаладан өз еліне оралу. Шаңырағын Ақтөбе жеріне көшіру.  Жастайынан қолға алған  қызметін Ақтөбе жерінде де көрсету Гүлнар Маратқызының ойы түгілі түсіне де кірмеген. Қазір  Ақтөбе облыстық ІІД-інде техникалық қауіпсіздік басқармасын басқарады. Заты нәзік болса да ісі  көпке  үлгі Гүлнар 32  жыл бұрын Қарағанды қаласына Ақтөбедегі Электротехника колледжінен жолдама алып, теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға барады.  Сол жерде өзін үлгілі студент ретінде көрсетіп, жұмысқа да  шақырту алады.  Сол сәттен бері  Қарағанды жеріндегі  қызметін ойдағыдай атқарған ол   жоғарыдағы басшылардың шешімімен Ақтөбе жеріне жіберіледі.

Ер адамға тән, техниканың қыр-сыры, байланыс құралдарын жөндеу, бөлшектерге бөліп, шашып, оны қайта құрып,  іске  қосу, соның бәрін де  әйел адамның нәзік қолдарымен жасауға да болады екен. Гүлнар Маратқызы алғашқы жұмыс жолын осындай қарапайым да күрделі істен бастады.  Барлық техниканың іске қосуды әбден меңгерген ол бірнеше жылдарды артқа тастап, өзінің тиянақтылығы мен жауаптылығының арқасында бүгінгідей басшы  дәрежесіне көтерілді. Оның  қазіргі негізгі міндеті  облыстағы ішкі істер органдары саласында бейнебақылау, радиожелі байланысы  қызметін үздіксіз әрі сапалы жүргізуді үйлестіру. Сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздікті арттыру да осы кісі басқарып отырған басқарманың құзіретінде.

Оның жұмысы өңірдегі Ішкі істер саласына қажетті техникаларды жабдықтауға да қатысты. Мәселен, ғимараттардағы бейнебақылаулар,  күзет дабылы,  өрт сөндіру, жол полициясы көліктеріндегі дабыл жарығы мүлтіксіз әрі қалтқысыз істеп тұруы Гүлнар Қожабаеваның мойнына артылған жауапты жүк. Ал, сол жүкті абыроймен атқара білудің өзі кейінгі буынға, өзге де әріптестерге үлгі болып тұр.

Иә, Гүлнардың аса жауапты жұмысын  алаңсыз атқаруға қолғабыс ететін шаңырағындағы  қолдауы да мықты. Күйеуі Болат Балапанов та  бұрын соңды милиция болған. Қазір зейнеткер. Олар осыдан 32 жыл бұрын шаңырақ көтерді.  Қарағанды жерінде.  

Олардың жұптық өмірі сәтті басталды. Қос ұл сүйді. Үлкені Әділ қазір Қарағанды қаласында жұмыста. Кішісі Еділ Жезқазған қаласында жоғарғы білім алып жүр. Ата-ана қос бірдей балапанын өсіріп, тәрбие берді. Ер жеткізді. Енді қос құлынын келіншек алса дейді.

Қазір Темірғалиевтер отбасы татулық, түсіністік пен мейірім орнаған ұя. Дегенмен, шаңырақтарының шаттығы  артып,  кемелденетін  тұсы алда екен. Яғни ол тұсты кішкентай баланың көп болған кезінде көре аламыз дейді. Немеренің былдырын естіп, қызығына бөленсек пе деген армандары бар.

Гүлнар да өзге аналар секілді. Үйдің тауқыметі де мойнында. Түрлі ас әзірлеп, қонағын да күтеді. Алайда, ол жұмысына шын берілген адам. Жауапты ісін үйге келсе де бір сәт есінен шығармайды.

Гүлнар Маратқызының айтуынша, отбасындағы  тәрбие  үшін әженің орны бөлек. Оның  жан жақты болып қалыптасуына, өмірде жетістікке қол жеткізуіне әжесінің ықпалы да көп  болыпты.

Қандай жағдай болмасын  қиындыққа мойымау, отбасын сақтау, шаңырақтың берекетін кіргізуді Темірғалиевтердің  әуел баста ұран еткен.

Гүлнар Маратқызының қазіргі шені — полиция полковнигі. Мұндай шен  Облыстық  ІІД-інде тек  екі әйелде  бар. Ал, оның жеке  өмірінде одан да маңызды шен бар. Отбасында — Асыл ана, аяулы жар. Шаңырағымдағы ең басты атағым да отбасылық шенім де   — мейірімді ана болып қалу. «Ардақты әже» деген күнге жетсем деген деген тілегі де басым. Шын тілек бар жерде арман да орындалады. Ал, әрбір шаңырақтың  жемісті де жеңісті тұсы көздеген мақсатқа бірігіп қол жеткізу мен мол түсінікте жатыр.

 

Әлия Оразай

Ақтөбе қаласы

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *