дүйсенбі , 21 тамыз 2017
Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбеде ірі оқу орнының ректоры 27 қытай компаниясымен келісімшартқа отырды

Ақтөбеде ірі оқу орнының ректоры 27 қытай компаниясымен келісімшартқа отырды

Бүгін бір топ қытай компаниясының өкілдері  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне келді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Мақсат — білім мен ғылым және өндірістік саладағы тиімді ынтымақтастықты арттыру. 27 қытай компаниясының өкілдері университетпен ынтымақтастық келісімге қол қойды. Университеттің жаңа ректоры екі ел арасындағы байланысты дамытуды көздеп отыр. Қытай елінен білім алатын қазақстандық студенттердің саны енді арта түспек.

«Біздің бірнеше студентіміз Қытай елінен білім алып қайтса, қабылдаушы тараптың 40-қа жуық студенті біздің университетімізде білімін жалғастырды. Сонымен қатар, 20-дан астам оқытушымыз тәжірибелерін шыңдап жатыр. Дуальдық оқыту жобасы бойынша қазақ-қытай мұнай компанияларымен келісімшартқа қол қойылғаннан кейін студенттеріміз үшін мол мүмкіндіктер ашылады. Дипломдық сабақтар, зертханалар бойынша ізденістер, өндірістік тәжірибелер бойынша сол компаниялардың өндірісінде ұйымдастырылатын болады», — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков.

Университет ректоры қытай компанияларына ұсыныстарын да айтты.

«Облысымыздағы Қытай инвестициялық компаниялар базасында университет кафедраларының филиалдарын ашу, кәсіпорындар мен ЖОО бірлескен зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға қолдау көрсету. Біз тұрақты түрде ғылыми конференциялар өткізуге тиіспіз. Біздегі Конфуций институтының ашылғанына 7 жыл болды. Қырғызстанның Ош қаласында Конфуций ілімін алатын жеке ғимараттар салып берді. Біз арнайы ғимарат салып бермесе де, Конфуций ілімін алуға көзқарас оң болады деп ойлаймыз», — деді ректор.

Ардан Сердалы, Aktobenews.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *