жұма , 23 маусым 2017
Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Демалысында Аллаберген Жақсыбаев Ақтөбе облысының бірқатар аудандарында тегін концерт бермек

Демалысында Аллаберген Жақсыбаев Ақтөбе облысының бірқатар аудандарында тегін концерт бермек

Танымал әнші Аллаберген Жақсыбаев еңбек демалысы кезінде Ақтөбе облысының бірқатар аудандарында тегін концерттер бермек, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі. Бұл туралы жеке парақшасында жазған журналист Жаңалық Ахаш әншінің мұқтаж қыз балаға көрсеткен көмегін де еске салыпты.
«Ақтөбеден біреуге көмек керектігі туралы хабар берсем, ең бірінші осы азамат хабарласады. Өзі Форбстың тізімінде тұратын бай да емес. Бірақ көңіл мен пейілге бай. Осыдан төрт жыл бұрын медакадемияда оқитын Иба есімді қарындасымыз төсектен тұра алмай қалған еді. Оған Самара қаласында бұрын қатерлі ісікке шалдыққан деген диагнозбен мықын сүйегін алып тастаған-ды. Сол көрші елдің мамандары жалғап берген жамбас пен омыртқа аралығындағы темір сымдар мүжіліп, терісінен шодырайып шығып кетіп қиналғанын жаңалықтардан көрсеткенбіз. Қайырымды жандардан көмек сұрадық. Қажетті қаражат жиналып Иба аяғынан тұрды. Қиналған кезінде қолдау көрсеткен ағасы Аллаберген Жақсыбаев болды. Былтыр Оралға гастрольдік сапары кезінде Иба анасымен бірге сахнаға шығып алғысын да айтты. Қуаныштан сахнада тұрып әнші мен Ибаның анасы көз жастарына ерік берді. Бұл Аллаберген қатысты бір ғана мысал», — деп жазады журналист.

Жаңалық Ахаштың хабарлауынша, Аллаберген Жақсыбаев Астанадағы Ақтөбенің күндеріне қатысады.

«Елордаға бармас бұрын бір апта ауылда демалуды жөн деп шешкен. Бірақ жыбырлап қалған әнші ағамыз тыныш жатпай, ауыл-елді аралаймын деп отыр. 20 маусым Ойылдың, 22 маусым Қандағаштың, 23 маусым Алғаның орталық алаңдарында тегін концерт береді. Әнші ағамыз үшін бағасына көрермендердің батасы жарайды және сол кештен көңілдері көтеріліп қайтса болғаны», — дейді журналист.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *