дүйсенбі , 21 тамыз 2017
Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Димаштың қытайлық жанкүйерлері Ақтөбеге баруға дайындалып жатыр

Димаштың қытайлық жанкүйерлері Ақтөбеге баруға дайындалып жатыр

«ЭКСПО» көрмесі аясында өтетін Димаш Құдайбергеннің концертін әншінің Қытайдағы жанкүйерлері асыға күтіп жүр. Қазақстанға келуге ынтыққан олар тіпті Димаштың туған жері Ақтөбеге де келмекші деп хабарлайды Aktobenews.kz.

«Ұмытылмас күн» деген Димаштың әнін қыздар жатқа айтады. Қытайлық тыңдармандар сүйікті өнерпазы туралы сағаттап айтуға бар. Бірі қолтаңбаны қалай алғанын баяндаса, енді бірі смартфонындағы суреттерімен масаттанады. Лю Чань бастаған Димаштың фанаттары Астанаға маусымның 25-26-сы күні ұшып бармақшы. Алдымен «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі мен Димаштың жеке концертін тамашаламақ. Содан кейін әншінің туған жері Ақтөбеге ат басын бұрғалы отыр.

“Мына суреттегі қыздардың барлығы Димаштың фанаттары. Олардың визасы және Димаштың концертіне билеті дайын. Бірақ түрлі себептермен Қазақстанға бара алмайтын болды. Олардың арасында Гуаньчжоу, Шанxай, Чэньди және Сианда тұратындары бар. Көпшілігіміз визамызды дайындап болдық”, – дейді жергілікті тұрғын  Лю Чань.

“Маған Димаштың өнері, биязы мінезі қатты ұнайды. Біз Димаш арқылы Қазақстанды, қазақ өнері мен мәдениетін таныдық. Кешелі бері екі елдің арасындағы достық әріптестік туралы көп естіп марқайып қалдық. Енді Астанаға қыдырып барып, көзіммен көрсем деймін”, – дейді жергілікті тұрғын Чэнь Чжэнь.

Жер жаһанды шарлап, көзіммен көрсем дейтін қытайлықтар көп қазір. Былтыр сыртқа шығып өзге елдің экономикасына 261 млрд доллар қалдырып кеткен. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 12%-ға артық. Сондықтан қазір қай мемлекет болсын туризм саласында Қытаймен әріптестік байланысты бекемдей түсуге мүдделі. Әрине, Қазақстан да туризм жылын пайдаланып, пайдаға кенелуден ниетті. Сондай жобаның бірі Оңтүстік Қазақстан облысында бар. «Ұлы Қытай қорғанынан – Жібек жолының кіндігіне» деген ұранмен екі ел арасындағы туристер санын арттырмақ.

“Былтыр 130 млн-нан астам қытай азаматы шетелге шыққан. Соның аздаған пайызы біздің елге келсе, соның өзі жақсы. Табиғатымызды, тарихымызды, мәдениетімізді таныстырамыз”, – деді ОҚО кәсіпкерлік, ИИД және туризм басқармасының басшысы Батырхан Құрмансейіт.

Әзірге қытайлық туристерді «Астана ЭКСПО-2017» мен Димаштың концерті арқылы тартып жатырмыз. Олар Қазақстанның таңғажайып табиғаты, терең тарихы мен қонақжай қасиетіне тәнті болса, қайта оралары сөзсіз.

Stan.kz, 24.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *