жұма , 23 маусым 2017
Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбеде лаңкестік құрбандарын еске алуға арналған жарыс мәреге жетті

Ақтөбеде лаңкестік құрбандарын еске алуға арналған жарыс мәреге жетті

Ақтөбе қаласында бүгін өткен жылы 5 маусымда лаңкестер қолынан ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған әскери-құқық қорғау құрылымдары арасында самбодан облыстық жарыс мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталмыш турнирге тоғыз команда құрамында жүзге жуық палуан қатысып, жеті салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6655-әскери бөлімінің командирі, подполковник Еркін Жаңабергеновтің атап өткеніндей, арыстарды еске алуға арналған жарыс алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Енді ол дәстүрлі сипат алатын болады.
Жарыс қорытындысында өз салмақ дәрежелерінде Жасұлан Базарбай (57 кг), Исатай Асқанбай (62 кг), Асланбек Сұлтанов (68 кг), Азатбек Айбаба (74 кг), Еламан Қойшыбаев (82 кг), Ержан Нығметуллин (90 кг, олардың бәрі 6655-әскери бөлімінен), Шыңғыс Шоқпытов (+90 кг, Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті) жеңімпаз атанды. Жалпыкомандалық есепте алты алтын, бір күміс медальді олжалаған 6655-әскери бөлімінің палуандары ешкімге дес бермей, озық шықты.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті екінші, Ақтөбе заң институтының командасы үшінші орынға ие болды. Жеңімпаз-жүлдегерлер кубок, грамоталармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Еске сала кетейік, өткен жылғы лаңкестік шабуыл кезінде 6655-әскери бөлімнен майор Даниэль Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев және қатардағы жауынгер Досбол Сапар ерлікпен қаза тапқан болатын.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *