дүйсенбі , 21 тамыз 2017
Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбе «Көше саудасының 1000 орны» атты жобасы қолға алынады

Ақтөбе «Көше саудасының 1000 орны» атты жобасы қолға алынады

«Көше саудасының 1000 орны» атты жобасы бастау алады. Осыған орай қалада жаңа сауда орындарының жерлері анықталуда, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасында қала әкімі Ілияс Испанов жергілікті бизнес өкілдерімен кездесті. Жиында кәсіпкерлердің алдында туындайтын проблемалар, олардың шешу жолдары талқыланды.

Ілияс Испановтың айтуынша, кәсіпкерлер тарапынан шағымдар жиі түседі. Көп жағдайда бұл жер мәселесімен байланысты. Кәсіпкер жер алғанның өзінде коммуникация желілерін тарту үшін бірнеше мекемені аралап жүреді екен.

— Қазіргі таңда қала бойынша 111 мың адам үй салу үшін жер кезегінде тұр. Оның үстіне биыл су апатынан 970 жанұя зардап шекті. Осыған орай жер қатынастар бөлімінің жұмыстары ауырлай түсті, — деді қала әкімі.

Ілияс Испановтың ұсынысы бойынша, үй салуға жер кезегінде тұрған азаматтардың арыздары және кәсіпкерлердің өтініштері бөлек қаралуы тиіс.

Бүгінгі таңда қаладағы бірқатар сауда орындары техникалық, санитарлық, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейді немесе қаланың сәнін кетіріп отыр. Ал кейбір сауда орындары заңсыз орнатылған.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Көше саудасының 1000 орны» атты жоба бастау алады. Осы жоба бойынша көше сауда орындары 5 жылға жалға беріледі. Соның арқасында шағын және орта бизнес өкілдері сауда орнының жақсаруына үлкен қаржы салуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ павильондар Қала құрылысы кеңесінде бекітілген талаптарға сай болуы қажет.

«Атамекен» палатасында кәсіпкерлерге сауда орындарының жаңа үлгілері таныстырылды. Ендігі мақсат — жер алу мәселесіндегі кедергілерді жою.

—  2015 жылдан бері кәсіпкерлерді қолдау орталығы жұмыс істеп келеді. Ол 8 түрлі ақысыз қызмет көрсетеді. Кәсіпкерлерде жерді игеру мәселесі туындайды. Жер алғаннан кейін коммуникация желілерін тарту үшін техникалық келісімшарт жасауда бірқатар мәселелер пайда болады. Осыны шешу үшін кәсіпкерлерді қолдау орталығы коммуналдық қызмет көрсету мекемелерімен тікелей жұмыс істесе екен, — деп «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов ұсыныс жасады.

Ұсынысты қабылдаған қала әкімі Ілияс Испанов жерді аукцион арқылы бөліп беру тиімді деп ұйғарды. Оның айтуынша, аукционнан түскен ақша қаланың абаттандырылуына жұмсалады.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласында соңғы төрт айдың ішінде шағын және орта бизнестің 43 222 субъектісі тіркелді. Өсім 105,9%-ды құрайды. Соның ішінде 32 938 субъекті жұмыс істеп тұр. Дүниежүзілік банктің жүргізген зерттеуіне сәйкес, кәсіпкерлікке жағымды жағдай жасаудан Ақтөбе қаласы Алматыдан кейін екінші орында тұр.

Қамбар Мұқаш, «Ақтөбе»

1 пікір

  1. Шұғыла

    керемет жаңалық екен))
    тек Алға Ақтөбе))
    менде осы басшылықтағы кісілердің көмегінің арқасында жұмыс тауып отырмын)))
    Алғыстан басқа айтарым жоқ)))
    дами берсін))) байыса қазақтың ұл қыздары байысн))

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *