жұма , 23 маусым 2017
Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Темір ауданының кәсіпкерлері су тасқынынан зардап шеккен көпбалалы отбасыға Ақтөбеден 2 бөлмелі пәтер алып берді

Темір ауданының кәсіпкерлері су тасқынынан зардап шеккен көпбалалы отбасыға Ақтөбеден 2 бөлмелі пәтер алып берді

Темір ауданының кәсіпкерлері сәуір айындағы су тасқынынан зардап шеккен көпбалалы отбасыға Ақтөбенің Тұрғындар қалашығы ауданынан 2 бөлмелі пәтер сыйлады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Мейрамгүл Дәрментаева — жеті баланың анасы. Үлкені 17 жаста. Кішісі небары 1 жаста. Қуанышты хабарды Темір ауданына сапары барысында облыс басшысы Бердібек Сапарбаев жеткізді.

«Өткенде  су тасқынан зардап шеккендерге көмек қолын созу жөнінде аудан әкімдеріне өтініш айтылды. Әрбір аудан кем дегенде бір пәтерден алып берсе жақсы болар  еді. Біздің қуанышымыз да ортақ, қиыншылықтарымыз да ортақ болу керек», — деді Бердібек Сапарбаев.

Бүгінде саяжайда тұрып жатқан Мейрамгүл Дәрментаева Тұрғындар қалашығы базарында еден жуады екен. Күміс алқа иегері. Үлкені колледжде оқиды, кенже қызы бір жаста. Қалғандары мектепке барады. Отағасының жұмысы тұрақты емес.

«Құрметті Бердібек Машбекұлы, сізге, Темір ауданы халқына отбасымның атынан рахметімді айтамын. Орынбасарыңыз тұрып жатқан үйіміздің жағдайын қарап кетті. Алғысым шексіз. Тек тыныштық, бейбіт болсын! Су тасқыны ешқашан болмасын! Балаларымыз аман болсын!», — дейді екі бөлмелі пәтердің сертификатын алған Мейрамгүл Дәрментаева.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *