жұма , 23 маусым 2017
Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбедегі өткен жылғы лаңкестік оқиғадан кейін күзет күшейтілді — Мұхаметқали Сатов

Ақтөбедегі өткен жылғы лаңкестік оқиғадан кейін күзет күшейтілді — Мұхаметқали Сатов

Ақтөбедегі № 6655 әскери бөлімнің күзеті күшейіп, қосымша бейнебақылау камералары қондырылды. Қазір еліміз бойынша әскери бөлімдерде төтенше шабуылға қарсы дайындық күшейді. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Мұхаметқали Сатов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен жылдағы лаңкестік шабуылдан соң Ақтөбегі № 6655 әскери бөлімінде күзет күшейіп, сарбаздар мен офицерлердің дайындығы жанданды. Ақтөбедегі еске алу, ерлікке құрмет көрсету шарасына келген ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Мұхаметқали Сатов лаңкестер қақпаны автобуспен бұзып өтіп, шабуыл жасаған кезде барлығы ережеге сай қарсылық көрсеткенін айтты.
«Ұлттық ұланның жеке құрамы төтенше шабуылға дайын болды. Айта кетсек, 5 маусым күні 17 лаңкес әскери бөлім территориясына кірген кезде әскери қызметкерлер ереже бойынша оларға тойтарыс берді. Алдымен кезекші бөлім жұмыс істеуі керек. Тексеру-өткізу бекеті терроршыларға қарсы оқ атып, сол жерде сержант Берік Қалиев қаза болды. Қарауылдың жеке құрамындағы үш адам лаңкестерге қарсы оқ атты. Қару-жарақ қоймасын басып алу мақсатын көздеген лаңкестер өз мақсаттарына жете алмады. Қойманы сақтау жолында жауынгерлер мен әскери қызметкерге қарулы қарсылық көрсетті. Осыдан соң террористік шабуылға дайын болмады деп айту дұрыс емес»,- деді М. Сатов.
№ 6655 әскери бөліміндегі қауіпсіздік шараларын күшейту жұмысы әрі қарай жалғасып жатыр. Бөлімнің алдыңға қақпасы ауыстырылып, қоршауларды биіктету жұмысы басталды. Бақылау мұнаралары да жаңартылды. Әскери бөлім аумағындағы бейнебақылау камераларының саны артып, «Тигр» атты әскери техника сатып алынған.
«Еліміз бойынша әр әскери бөлімде Әскери күзет қызметі пайда болады. Күзет басшысы жеке құрамның төтенше шабуылға, тосын жағдайға дайындығына жауап береді. Ішкі қарауыл да күшейтілді. Офицерлер мен сарбаздардың дайындығына мән беріп, патриоттық шаралар кешенді түрде іске асырылып жатырмыз. Әскери бөлімдерде қару, оқ-дәрі, әскери техниканың бәрі бар. Ұлттық ұлан Отанды, елді қорғауа дайын, бұрын да дайын болдық»,- деді ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Мұхаметқали Сатов. 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *