Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбеліктер бір жыл бұрын болған лаңкестік шабуылдың құрбандарын еске алды

Ақтөбеліктер бір жыл бұрын болған лаңкестік шабуылдың құрбандарын еске алды

Ақтөбеде былтыр болған лаңкестік шабуылдың құрбандарын еске алды. №6655 әскери бөлімде осы күнге орай шеру ұйымдастырылды. Бір минут үнсіздік жарияланып, әуеге бірнеше мәрте оқ атылды. Шараға қорғаныс, құқық қорғау, мемлекеттік билік саласы мен азаматтық қоғам өкілдері, әскерилердің туыстары қатысты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ әскери бөлім ауласындағы ескерткіш-монументке гүл шоқтарын қойды. Сонымен бірге, олар «Мәңгілік сапта» атты естелік тақтаның ашылуына қатысты.

«Балам Досжан Сапар көз жұмды деуге аузым бармайды. Ол ерлікпен қаза тапты. Шейіт болды. Құран кәрімде отан қорғау жолында қаза болған адамдар шейіт болады дейді.  Барлық жасұландықтарға патриот болыңдар деймін, жас ұрпақ экстремизмнен аулақ болсын. Бейбітшілік болғанын қалаймын. Егемен елде өмір сүргенге не жетсін», — дейді Досжанның анасы Жұлдыз Құдабаева.

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев бір жыл бұрын болған оқиғада бірнеше сарбаздың өмірлерін қиғанын айта отырып, олардың туыстарына тағы да көңіл айтты.

«Халықтың қауіпсіздігі үшін бірқатар шаралар қолға алынып жатыр. Отан алдындағы борышын өтеп жүріп қаза болған жауынгерлерімізді ұмытпауымыз керек», — деді облыс басшысы.

Марат Төлепберген, Aktobenews.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *