Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбеде бас қосқан травматолог-ортопедтер Денсаулық сақтау министрлігіне резолюция жолдамақшы

Ақтөбеде бас қосқан травматолог-ортопедтер Денсаулық сақтау министрлігіне резолюция жолдамақшы

Ақтөбеде таяуда бірнеше мемлекеттің білікті дәрігерлерінің бас қосқаны белгілі. Аталған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысқан шетелдік меймандар осы шараны ұйымдастыруға қолдау танытқан Бердібек Сапарбаевқа алғыстарын жаудырды.

«Жалпы, жарақаттар мен олардың заманауи диагностикасы, кешенді емдеу тақырыбында мұндай ауқымды шара республика көлемінде алғаш өткізіліп отыр. Ақтөбені таңдауымыздың себебі де жоқ емес. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев қолдау танытатын болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген мамандар АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея, Түркияда травматология саласында қолданылатын озық үлгідегі технологиялармен танысты. Айтайын дегенім, қазақстандық травматологтар Бердібек Сапарбаевтың медицина саласындағы ең өзекті мәселені көтеріп, ұйымдастырып, оған шетелдік ғалымдарды шақырып өткізіп жатқанына дәрігерлердің атынан, травматологтардың атынан алғыс айтып жатыр», — дейді екі күндік шараны ұйымдастырушылардың бірі, Астана қаласындағы №1 қалалық ауруханасының политравма және ортохирургия орталығының жетекшісі Ерсін Жүнісов.

Оның айтуынша, конференцияның ең негізгі ерекшелігі жан-жақтан шақырылған ғалымдардың жол апаты кезінде, өндірістік жарақат болған кезде науқастарды жарақат алған жерден бастап, ауруханаға жеткізіп, қабылдау бөлмесіне тапсыру, одан кейінгі жағдайларын, емдеу барысына кеңінен тоқталып өткендігінде. Травматология бөлімінде науқасты қалай емдеу керек, одан кейін реанимация бөлімінде не істеу керектігі, т.б. конференция аясында қамтылды.

Ерсін Жүрсіннің айтуынша, АҚШ-тан келген маман жол апаты болғанда қандай көмек көрсету керектігіне кеңінен тоқтап өтті. Ал түрік дәрігерлері екінші кезеңде нендей жәрдем көрсетілетін айтып берді. Ал, Германиядан келген қонақтар реанимация жұмыстарының жүргізілу барысымен таныстырды. Қытай дәрігерлері жан сақтау бөлімінен травматологияға ауысқан пациентке қандай ота жасалатынын көрсетті.

Екі күнге созылған конференция соңында дәрігерлер жиналып, қаулы қабылдады. Оны Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының атынан ҚР Денсаулық министрлігіне жолдамақ ниетте. Резолюцияда осы шетелдік жоғары технологияларды Қазақстанға кіргізу қажеттілігі көрсетілген.

Марат Төлепберген, Aktobenews.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *