Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Сапарбаевтың алдында жетімдерге үй алып беремін деген кәсіпкер уәдесін орындады

Сапарбаевтың алдында жетімдерге үй алып беремін деген кәсіпкер уәдесін орындады

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында жетім балаларға арналып салынып жатқан тұрғын үй күзде қолданысқа беріледі. Кәсіпкер Ибрагим Сәрсенбаев екі қабатты тұрғын үйге балалар үйінде тәрбиеленген жас отбасыларды кіргізбек, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Мен облыс әкіміне жетім балаларды қамқорлықты алатынымды айттым. «Туған жерге тағзым» акциясымен осы жобаны қолға алдым. Балалар үйінде тәрбиеленген жеті жас отбасына баспана, қолына жұмыс тауып бергім келеді. Құрылыс жұмыстарын күз айына дейін бітіреміз. Үй бітпей тұрып, ешкімді шақыра алмай отырмын. Жеті отбасыға 2-3 бөлмелі үйден беріледі. Басында алты отбасыға үй беретінімді айтқан едім. Бірақ, рамазан айында  киелі сан болсын деп жеті отбасын көшіріп әкелуді жоспарлап отырмыз. Осы жерге балалар үйінде тәрбиеленген балаларды әкелгім келеді. Оларды жұмыспен қамтуға толық мүмкіндігім жетеді. Қолдарына бір-екі малын беремін. Сүтін ішсе, бақшасын ексе деген ойым бар», — деді Ибрагим Сәрсенбаев.

Қазіргі уақытта 90 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкердің өзі кезінде пәтер жалдап тұрған.

«Менің мамандығым – экономист. Оқуды бітіріп келгеннен кейін жолдамамен ауылда есепші, бас есепші болып жұмыс бастадым. Өзім пәтерде жүрдім. Кейін совхоз жас мамандарға құрылыс материалдарын беріп, үй салып алдық. Әйелім мектепте мұғалім. Мейрамхана да сол кісінің атында. Өзімнің екі балам бар. Бүгінгі күні 90 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Мен кәсіпкермін деп ақша санап отырған адам емеспін. Бастаған ісім ұнайды. Бір кірпіш қаласам да туған жерімде қалсын деп кәсіпті ауылдан аштым», — дейді Сәрсенбаев.

Ырғыз ауданында мал шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкер жетістікке жету құпиясымен де бөлісті.

«Жетістікке жету үшін адам өзі жасап отырған кәсібін сүю керек және білім керек. Адам өзін дамытуға тиіс. 20 жылдан бері кәсіпкерлік салада жүрмін. Осы жиырма жыл ішінде бес мәрте аудандық мәслихаттың депутаты болдым. Екі рет Ырғыз ауданында жыл адамы атағын берді. Американдық кәсіпкерлер «несие алу ұят емес, қайтара алмаған ұят» деп айтады. Өзім бірнеше рет несие алып қайтарып отырмын. Қазір де төлеп отырған несием бар. Кәсіпті де осы несиенің арқасында жүргізіп отырмыз. Қазір мемлекеттен қолдау көп. Малды баққанымызға, жақсы өнім алғанымыз үшін де ақша төлеп жатыр», — дейді Ибрагим Сәрсенбаев.

Ардан Сердалы, Aktobenews.kz

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *