Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Америкадан келген ұлты қазақ дәрігер Бердібек Сапарбаевпен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды

Америкадан келген ұлты қазақ дәрігер Бердібек Сапарбаевпен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды

Ақтөбе облысына әлемнің бірнеше мемлекетінен білікті дәрігерлер травматологтардың халықаралық форумына жиналды. Екі күнге созылған шарадан кейін дәрігерлер облыс басшысының қабылдауында болды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімдігі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының халықтық ауруханасы және Сент Луис университетінің ортопедиялық госпиталымен өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Әкім сонымен бірге, аталған госпитальдің директоры, ұлты қазақ Жолдас Құлжановты күзде Ақтөбеде өтетін жерлестер форумына да шақырды.

Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, өңірде халықтың денсаулығын жақсартып, халықтың орташа жасын ұзарту мақсатында жұмыстар істеліп жатыр. Дүние жүзіндегі озық тәжірибелерді үйрену керектігін айтқан облыс басшысы көптеген мемлекеттермен әріптестік байланыс орнатылып жатқанын тілге тиек етті.

«Мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында жедел жәрдем станциясы еліміз бойынша Ақтөбеде алғаш рет салынып жатыр. Түрік инвесторлары қалаға 33 реанимобиль әкелді. Сонымен қатар, өңірде офтальмологиялық емхана құрылысы басталды. Балалардың стоматологиялық емханасы да бой көтеріп жатыр. Ал жаңа мөлтек ауданда емхана құрылысы жүргізіледі. Бәрі де мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында салынады. Жалпы жоспар бойынша биыл барлығы 35 медициналық мекеменің құрылысын бастаймыз», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Әкімнің айтуынша, өткен жылы Оңтүстік Корея елінің дәрігерлері мен жергілікті мамандар 25 бүйрек, 7 бауыр ауыстыру отасын жасады. Соңғы кезде бүйрек ауыстыру отасын ақтөбелік дәрігерлердің өздері жасап жүр. Сонымен қатар, өңірде жүрек-қан тамырлары ауруына 280 ота, эндопротездеу бойынша 500-ге жуық ота жасалды.

«Бір өкініштісі, кадр тапшы. Ауруханалардың жабдықталуы халықаралық талапқа сай келгенімен дәрігерлердің біліктілігі жоғары болмай жатады. Сондықтан Елбасына тапсырмасына сай дәрігерлерді оқуға жіберіп, үздіктерді тәжірибе алмасу үшін өңірге шақырамыз. Биыл жыл соңына дейін облыста травматология орталығы ашылады», — деді Б.Сапарбаев.

Мұхит Әлжан, Aktobenews.kz

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *