Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Телеарна ұжымы ақтөбелік баланы қамқорлыққа алды

Телеарна ұжымы ақтөбелік баланы қамқорлыққа алды

Бүгін «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының ұжымы ақтөбелік жасөспірім Әсия Жоламанованы балалар күнімен құттықтап барды, сый-сияпат жасады. Еске салсақ, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кәсіпорындар мен мекемелерге ата-анасынан айырылған балаларды қамқорлыққа алу туралы тапсырма берген болатын. Осыған сәйкес, Әсия енді 18 жасқа толғанша, «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясының қамқорлығында болады. Бүгін ұжым мүшелері Әсиямен танысып қайтты.

Жуырда ғана бесінші сыныпты бітірген Әсия тағдырдың тақсіретін тартып үлгерді. Кішкентайынан әке мен ананың аялы алақанын көрмей өсті. Дегенмен, Әсияны бұл қиындықтар мойытпады. Алғыр, дарынды бала сурет салып, би билегенді ұнатады. Өткен оқу жылын үздік тәмамдады. «Анам» деп атап кеткен әжесіне үлкен үй салып беру арманы екен.

ӘСИЯ ЖОЛАМАНОВА

— Менің арманым биші болу, сосын дәрігер болу. Әрине, мен бірінші дәрігер болуға талпынамын. Мен өскен кезде мамды бағамын. Сосын бәріміз бір отбасы болып, мамама үлкен үй салып береміз. Мектебіме рахмет айтамын. Олар маған көмектеседі.

Әсия, туғаннан өзін бауырына басқан Айшолпан — әжесінің тәрбиесінде. Бес баланы өмірге әкеліп, алғашқы үшеуін аяқтандырған әжесі Әсияны үй шаруасына мығым дейді. Оны балалардың ескі, әрі тар үйде өсіп жатқаны қынжылтады. Көктемгі су тасқыны кезінде де қиналған. «Бұл осы «Ромашка» бау-бақша ұжымының тұрғындары үшін үлкен мәселе туғызды», — дейді.

АЙШОЛПАН ЖОЛАМАНОВА, ӘСИЯНЫҢ ӘЖЕСІ

— Опекунға ақша төлейді 22 мың теңге. Соны аламыз. Сосын балаларға әкесі жоқтығы үшін жәрдемақы аламын. Бізге көмек енді барынша үй жағынан керек.

Бүгін Әсия тұратын үйге  «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен «Базарларды басқару» серіктестігінің өкілдері азық-түлік ала барды. Ал біздің телеарна қызметкерлері Әсияға әдемі көйлек пен жазғы лагерьге жолдама және циркке билет сыйлады. Әсияны қамқорлыққа алған телеарна ұжымы оған жасы 18-ге жеткенше көмектесіп тұрады.

ЕРНҰР БУРАХАН, «ҚАЗАҚСТАН-АҚТӨБЕ» ТЕЛЕКОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

— Әсияның атына «Тұрғын үй жинақ банкінде» есепшот ашылған. Соған осы «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының ұжымы Әсия бойжеткенге дейін пәтерге алғашқы жарнаға қаражат жиналсын деп ай сайын біздің ұжым ақша аударып тұратын болып ұйғардық. жылпы, біздің ғана ұжым емес, мысалы кейбір кәсіпорындардың осылай патронатқа бала алып, көмектесіп жатқанын көріп жүрміз. Осы ретте барлық ақтөбеліктерді игі бастаманы қолға алуға шақырамыз.

Бүгінде қала бойынша, 415 бала — қорғаншылық ал 27 бала — патронаттық тәрбиеде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, мекеме, кәсіпорын ұжымдары қамқорлыққа алған. Әрі барлығына да «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшот ашылды. Ниет білдірген кез-келген адам ақша аудара алады.

Ә.Мырзатайұлы

Aktobetv.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *