Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Бірқатар танымал ақтөбеліктер бала кезінде қандай болды?

Бірқатар танымал ақтөбеліктер бала кезінде қандай болды?

Асила Төреғалиева

Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы. Кезінде «Екі езу» театрына Оралдан келген төрт жас актердің бірі. Асила осы уақытқа дейін белсенділігімен көзге түсіп келеді. Бірқатар басты рөлдерді сомдап жүр. Сонымен бірге, жергілікті арналардың бірінде бағдарлама жүргізеді. Жеке өнер мектебінде де жастарға актерлік өнердің қыр-сырын үйретеді. Асила бала кезінде ерекше белсенді болған секілді. Ізденімпаз, ешқандай үлкен жобадан қорықпайды.

Шыңғыс Ілияс

Алға жастары бүгінде Шыңғысты аңыз қылып айтады. Ерте жастан қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, көзге түскен кадр. Медицинаны оқыса да, бүгінде медиаға біртабан жақын. Қазіргі таңда «Ақтөбе ақпарат» орталығының модераторы. Шыңғыс әжесінің қолында өскен. Содан болар, қатарына қарағанда айтар ойы, сөйлеген сөздері оқ бойы озық тұрады.

Ләззат Оразбаева

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары. Бала кезінде мектепте оқу озаты болғанын айтады. Үйде балалардың алды болғаннан кейін бар жауапкершілікті арқалаған. Содан болар, Ләззат Аманжолқызы қызметте үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Осыған дейін Ақтөбе қаласының бас педагогы болған ол бүгінде облыс орталығының әлеуметтік жағына жауапты шенеуніктерінің бірі.

Гүлбағда Көбеева

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының тележүргізушісі, журналист. Гүлбағданың мінезі өзге әріптестеріне қарағанда биязы, салмақты. Жұмысына ұқыптылықпен қарайды. Республикалық арналарда тәжірибе жинақтаған. Бүгінде облыстық телеарнаның жаңалықтар бөлімінде редактор.  Әріптесіміздің арманы телевидениеде көптің көкейінде жүрген мәселелерді көтеретін жоба әзірлеу. Бала кезінде кітаптан бас көтермейді екен. Ауыл кітапханасын «тауысқан».

Димаш Құдайберген

Димаштың балалық шағы туралы бүгінде тек ақтөбеліктер емес, күллі әлем біледі деуге болады. Әсіресе Қытайдағы жанкүйерлер ерекше қызығушылық танытып, бала Димаштың суреттері ғаламторды кезіп кетті. Анасы Светлананың айтуынша, Димаштың кішкентайында ойыншығы аудиотаспалар болған. Музыкалық аспаптарға әуес болған бала бүгінде Ақтөбені де, Қазақстанды да әлемге танытты.

Aktobenews.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *