Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Жазғы демалыста ақтөбелік балалар Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватына саяхат жасайды

Жазғы демалыста ақтөбелік балалар Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватына саяхат жасайды

Ақтөбе облысында биыл 112 мың бала жазғы демалыспен қамтылады. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, қала сыртында 11 лагерь жұмыс жасайтын болса, оның 9-ы — жекеменшік иелігінде. Бұдан өзге мектеп жанынан 380 лагерь, 30 шатырлы лагерь өз жұмысын бастайды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Жазғы демалыспен оқушылардың 92 пайызы, яғни 112 мың бала қамтылады. Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватына және Ақтөбе облысының өзге де қорықтарына саяхат жасау жоспарланған. Барлығы 25 туристік маршрут жасақталды.

Жыл сайын әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын сауықтыруға баса назар аударылады. Облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова хабарлағандай, биыл ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған және көпбалалы 14 мың отбасының балаларын жазғы демалыспен қамту жоспарланған.

Жиын кезінде балалардың демалу мүмкіндігін кеңейту тақырыбы да көтерілді.

— Шатырлы лагерьлер санын арттырған жөн. Әр ауданда ең болмағанда бір шатырлы лагерь болуы керек. Аталған мәселені 10 күннің ішінде шешуді тапсырамын. Бұл сондай-ақ, еңбек отрядтарына да қатысты, — деп атап өтті облыс әкімі.

2016 жылы қазанда облыс әкімінің бастамасымен «Ақбөбек-Шығыс» лагерінде дарынды балаларға арналған жыл бойғы демалыс орны өз жұмысын бастаған болатын. Жоба мемлекеттік-жеке серіктестік аясында жүзеге асырылды. Лагерь 12 күндік бір ауысымда халықаралық, республикалық олимпиадалардың, ғылыми және спорттық жарыстардың, шығармашылық конкурстардың қатысушыларынан құралған 115 баланы қабылдайды. Биылғы жылдың соңына дейін мұнда 3220 бала демала алады.

Айта кетейік, мамыр айының басында жыл бойы жұмыс жасайтын екінші  лагерь ашылды. Мұнда 2017 жылдың соңына дейін 1610 бала қабылданатын болады. Жыл он екі ай жұмыс жасайтын демалыс орталығында балалардың демалысы мен сауықтыруынан өзге, олардың білімдерін тереңдетуге мүмкіндік беріледі.

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *