дүйсенбі , 25 қыркүйек 2017
Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбеде Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған дзюдодан халықаралық турнир өтуде

Ақтөбеде Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған дзюдодан халықаралық турнир өтуде

фото: Аймұрат Дәрібай

Ақтөбеде Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 72 жылдық мерейтойы қарсаңында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған ерлер арасында дзюдодан халықаралық турнир басталды. Салтанатты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев,  Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, Олимпиада чемпионы болған алғашқы қазақ — Жақсылық Үшкемпіров, ҚР дзюдо федерациясының президенті Маратбек Мықтыбеков, Əлия Молдағұлованың туыстары қатысты.

Жарысты ашқан өңір басшысы ерлермен бірге Отан қорғаған жас мерген қыздың ерлігі туралы еске салды.
Әлия Молдағұлова 1925 жылы 25 қазанда Қобда ауданының Бұлақ ауылында туған.  Өрімдей жас қыз 1943 жылы тамызда майданға өз еркімен кеткен. Екінші Балтық маңындағы майданның 22 әскеріндегі 54 атқыштар бригадасының құрамында шайқасқан ол 78 фашистің көзін жойған. 1944 жылы 14 қаңтарда Новосокольники қаласының солтүстігінде қатты жараланып, ұрыста қаза тапты. Қаза тапқаннан кейін 1944 жылы 4 маусымда оған  Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

фото: Аймұрат Дәрібай

«Құрметті қонақтар, қымбатты жерлестер! Бізге осындай бейбіт, тыныш өмірді алып берген батырларымызды ұмытпауымыз керек. Өсіп келе жатқан ұрпақ  үшін жастығына қарамастан өз Отанын, халқын  өмірінің соңғы минутына дейін ерлікпен қорғап, Отаны  үшін қаза тапқан жерлесіміз Əлия Молдағұлованың ерлігі әрқашан үлгі. Жас ұрпақ елі, Отаны үшін білім алып, спортпен айналысып, өзінің және елінің дамуы үшін еңбек етуі керек. Алғаш рет өткізіліп отырған дзюдодан халықаралық турнирдің негізгі мақсаты осы», – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Қазақстан, Ресей, Грузия, Қырғызстан мен Өзбекстаннен келген 200-ден аса спортшы турнирде екі күн қатарынан бақ сынасатын болады. Халықаралық мәртебесі бар сайыс 9 мамырда аяқталады.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *