Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Молодой Тудта он мың қазақ жауынгері жатыр

Молодой Тудта он мың қазақ жауынгері жатыр

IMG_1838 (1)

Жақында  бір топ ақтөбелік  Ресейдің Тверь облысы орталығы – Ржев қаласы, Оленин ауданы Молодой Туд деревнясында  болып, осында  қазақ сарбаздары жатқан бауырластар зиратына барып  дұға бағыштады.

Алматыдан жасақталған 100-ші және 101-ші  ұлттық бригаданың 10 мың жауынгері   түгелдей дерлік осы жерде ажал құшты. Бұлар – 1942 жылдың күзінен 1943 жылдың ортасына дейін «Ржев үшбұрышы» атанған аумақта Жуковтың пәрменімен басталған «Марс» операциясында күш тең емес неміс әскерлерімен бетпе-бет қалды. Мәншүк Мәметова, Әзілхан Нұршайықов 100-бригада құрамында  шайқасты.

Ақтөбелік әлиятанушы, соңғы кезде Ржев шайқасында өлген жауынгерлерді түгендеумен шұғылданып жүрген «Қос шынар» бірлестігінің  жетекшісі Ғалымжан Байдербеспен Ржев сапарын әңгімеледі.

    — Ржевке не үшін бардыңыз?

— Ржев қаласының жаудан азат ету күнін атап өтуге шақырды. Біз әуелі Мәскеуге поезбен жетіп, мұндағы Әлия Молдағұлова атындағы гимназияда оқушылармен кездестік. Содан Мәскеудегі Қазақстан елшілігі  берген микроавтобуспен Мәскеуден 200 шақырым Ржев қаласына келдік. Жанымызда «Әлия» патриотық клубының студенттері, Ақтөбе облыстық филармония әртістері. Бізбен бірге Мәскеуден осында оқитын қазақстандық студенттер де ілесті. Мәскеудегі Болат балқыту институтында оқитын Нахида Әбдірейм атасы Әбдірейім Бегімовке тағзым ету үшін келді.

Ржев қырғынын осы күнге дейін  Александр Твардовскийден артық ешкім  суреттеген жоқ.  Өлген солдаттың монологы түріндегі «Я убит подо Ржевом» балладасы  Тверь орманында батпақта көмусіз қалған миллиондаған сарбазға  қойылған  ескерткіш. Әлі күнге дейін орман ішінде  жауынгер сүйектері табылып жатады.  Қазіргі бауырластар зираттары –1950  жылдары   қырғын соғыс өткен ашық алаңқайлардан, орман арасынан  қазылып, бір жерге жерленген орындар.

Сталинград шайқасында 1 миллион 600 мың, ал Ржевте 2 миллоннан астам кеңес жауынгері ажал құшты деп айтылады. Тоғыз жолдың торабындағы Ржев –  Мәскеу  плацдармының қорғаныс белдеуі, Вермахт армиясының негізгі  шабуыл  нүктесі. Екінші жағынан, «Марс» операциясы Вермахтың негізгі күштерін  Мәскеуден алдарқату үшін  Жуковтың ойластырған жоспары деп  те айтылады.  Кім білсін? Әйтеуір  осы жерде Калинин майданындағы қазақ жауынгерлері түгелдей қырылды. 1941 жылдың күзінен 17 ай бойы  8 кеңес армиясы   200 шақырымдық  белдеуде Вермахтың  мұздай қаруланған 4 армиясына төтеп берді. Ржев плацдармы –200 шақырымға созылған Мәскеу  қорғанысының  қиыр  нүктесі: Ржев-Зубцов-Сычевка-Гжатск-Вязьма-Белый-Оленин.

IMG_1824

Ржев – Еділдің  бір сағасы  Валдай өзенінің биік жарқабағында орналасқан, 60 мыңнан астам тұрғыны бар ескі қала. Бірнеше жыл бұрын Ресейдегі Қазақстан елшілігінің ұсынысымен Ржев қаласындағы №5 мектепке қазақстандық 100 және 101 атқыштар бригадасының  есімі берілді. Біз осы мектепте  оқушылармен кездесу өткіздік. Осы жерге 101-атқыштар бригадасының екінші командирі Иван Воробьевтің немересі Галина Богданова  келді. Санкт-Петербургте тұрады екен. Атасы 1944 жылы Витебск үшін шайқаста қаза болғанда, марқұмның жұбайы  ерінің сүйегін Невель қаласындағы Мәншүк Мәметованың  жанына әкеп қайта жерлепті. Әжесінің  әрекетін көзіне жас алып айтты.

Ржев қаласына  кіреберістегі  жол айырығындағы көрнекі жерде тұрған  100 және 101-бригаданың жауынгерлеріне арналған мемориалдық кешенде  салтанатты митинг болды. Мэрия, қалалық дума депутаттары да қатысты. Он мың жауынгердің есімдері гранитке қашалып жазылған гранит қабырғаны Ақтөбе облысының басшысы Елеусін Сағындықов 2005 жылы басы-қасында өзі жүріп тұрғызған еді.

— Оленин ауданына жол түсті ме?

— Митингтен соң іле-шала елшіліктің микроавтобусына мініп, Оленин ауданына тарттық. Тверь облысының Оленин ауданының орталығы – Оленин қала үлгісіндегі елдімекен, Ржевтен онша қашық емес. Ресейдің деревнялары бір біріне тиіп тұр ғой.

Ауданның аумағында 30 бауырластар зираты бар. 1941 жылдың  қазанында  неміс әскері келіп кірді, 17 ай бойы немістердің  ықпалында  болғанда, 400 деревнясы  түгел жойылған. Соғыс басында  80 мың  аудан тұрғыны болса,  1943 жылдың наурызында 28 мыңы ғана қалған. Балаларды, жас әйелдерді Германияға айдап кеткен, бірен сараны болмаса, көбі қайтпапты.

Жалпы, соғыс көрген, қырғыншылық көрген жердің табиғаты да, адамы да өзгеше. Ауасы ауыр, аурасы да ауыр.  Ел томаға тұйық, естелікпен өмір сүреді. Бәлкім  деревня ішінде, сыртында басқан сайын  кездесетін бауырластар зиратындағы өлі тыныштық адамдарды үнемі ойландырып жүретін болар. Оленин ауданының халқы  егін егіп,  мал-құс өсіріп  кәдімгі орыстың деревняларының тірлігін кешіп жатыр. Бірақ орман ішінде әлі күнге дейін беті жауынгер сүйектері табылып жатады. Аудандағы «Орел» іздеу отрядының мүшелері жауынгерлерді тауып, қайта жерлеумен айналысады.

— Қазақ сарбаздары Оленин ауданындағы Молодой Туд деревнясындағы бауырластар зиратында жатыр дейді. Бұл қаншалықты рас?

— Біз уақыт оздырмай Оленин ауданының Молодой Туд деревнясына келдік. Оленин мен Молодой Туд арасы – 30 шақырым. Граф Шереметьевтің имениесі болған Молодой Тудтың  дворяндық тарихымен жергілікті музейдің экскурсоводы Сергей Данилов таныстырды.  Ресейде музейге өте ұқыпты қарайды. Әр деревняның музейі  экспонаттар мен  тарихқа тұнып тұр. Қандай үлкен оқиғалар өтті, кім не істеді, құдайым-ау, экскурсовод айта жөнелгенде, құдды бір сол Шереметьев заманына  қазір ғана  барып келгендей сипатта болдым. Музей мәдениетінен  орыстар бізден оқ бойы озып тұр. Тарихты түгендеуді  деревнялар тарихынан бастаған.

Молодой Туд деревнясын екіге бөліп Тудовка өзені ағып жатыр. Деревняда екі бауырластар зираты бар. Біріншісі – Тудовка өзеніне таяу төбедегі 7 метр  биіктікте.  1950 жылы 279 жауынгердің сүйегін  жерлеп, бауырластар зираты тұрғызылды. Бекіністі алу кезінде кеңес сарбаздары қойдай қырылған осы  аумақты деревня халқы «жан алатын жер» деп атап кеткен. Төбеден төмен төңіректе жер астында  бірнеше қабат сүйектер жатыр. Түнімен жаңбыр құйып, таңертең осы биіктікті алу үшін шайқас өткенде, аяқтары тайып, жоғарыға өрмелей алмаған кеңес сарбаздарын биіктіктегі немістер пулеметпен қыра берген. Сергей Данилов әлі күнге дейін орманда бос орын жоқ, аяқ бассаң адам сүйегіне сүрінесің деді.

IMG_1808

Екіншісі –деревняның  дәл ортасында 2000 сарбаз тыныстап жатқан бауырластар зираты. Бірыңғай  қазақ сарбаздары жатқан орын деуге болады, себебі  Алматыда жасақталған 100 және Ақтөбеде жасақталған 101-атқыштар бригадаларының сарбаздары осы жерде. Қойылған белгі де мұсылмандық белгімен, мешіт мұнарасы тәрізді иілген белгі. Осы жерде Құран оқып, әруақтарғы дұға қылдық. 1942 жылдың күзінде «Марс» операциясы басталғанда, Молодой Туд леревнясы үшін  шайқаста қос бригаданың  10 мың сарбазы «Ржев үшбұрышының» қанды қырғынына түсті.

100-бригаданың жауынгері, белгілі қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаев  жақында ғана Ржевке – Молодой Тудқа  қаруластарына тағзым етіп  кеткенін білдік.

— Деревняда соғыс куәгерлері  тұра ма?

— Молодой Туд деревнясының тұрғыны, 84 жастағы  Иван  Дубинин  қазақ сарбаздарын қалай көргенін былай деп айтты. «Мен ол кезде 8 жастамын, бір топ  жауынгер кіріп келгенде, олардың орыс емес екендіктеріне қатты  таң қалдым. Әскердің қасында шауып жүгіріп жүрдік. Олар өте көп еді. Балалар танысып та үлгерді. Ерекше бауырмал жандар еді, басымыздан сипағанда, көздерінен мейірім шашып тұрды. Бірақ олар деревняда көп тұрмай, кетіп қалды. Артынша немістер кіріп келді. Балаларды шетінен ұстап алып, Германияға жөнелтіп жатқанын біліп,  деревнядан орманға қаштық. Орман ортасында саңырауқұлақ жеп,  күндіз тығылып бірнеше ай  күн көрдік. Артынша  шайқас болып,  біздің сарбаздар немістерді ығыстыра бастағанда  қайтып келдік. Біз көрген орыс емес  жауынгерлердің көбі  осы жерде қаза тапты. Деревня адамдары  оларды жинап алып,  шама келгенше көмді».

Әңгімелескен Баян Сәрсембина, Aktobenews.kz

  

  

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *