Бастапқы бет / Басты жаңалықтар / «Үмітіңді үзбеші, біз біргеміз, жаным!»

«Үмітіңді үзбеші, біз біргеміз, жаным!»

Бірі 20 жыл арбаға таңылған жұбайын, ал келесі бірі 30 жыл арбада отырған жолдасын сүйреген отбасылардың жұптық билері көпшіліктің жүрегін елжіретті. Арбада отырған жолдасын сүйреп шығып, мың бұрала билеген келіншек пен жан жарының мұңлы жанарына күлкі жүгірткен азаматтың биін «Біз біргеміз!» шарасына келгендер тамашалады.

Ақтөбеде бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан мүгедектерге арналған «Біз біргеміз!» жобасының авторы Құралай Бәйменова биыл да мыңдаған адамның алғысына бөленді.
-Қазір біздің қоғамда 920 адам бар. Ілкі жылдары, жарты жылға дейін жәрдемақымызды ала алмай жүрген кездің өзінде, Сіздер, мықты екендіктеріңді көрсеттіңіздер. Тігіншілік, тоқымашылық, қолөнер жұмыстарымен айналысып, тапқан табысымызды өзара бөлістік. Біз ешқашан шағым айтқан жоқпыз. Біз жақсы күннің келетініне сендік. Бүгінде еліміздің тәуелсіздігін атап өттік. Жәрдемақымызды уақытында алып отырмыз,- деді қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының төрағасы Құралай Бәйменова.

Өзі секілді арбада отырған жандарға әрдайым қолдау білдіріп жүрген Құралай Бәйменова өңір басшысына алғысын айтты.
-Үнемі мұқтаж жандардың қасынан табыла білетін сіздей кең жүректі адамға біз не сыйлай аламыз!? Алғыс хат! Алғыс қана!,- деді Құралай Бәйменова.

Мерекелік дастархан барысында облыс әкіміне алғыс хат тапсырылып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Бар болса тасымай, жоқ болса жасымай ғұмыр кешіп келе жатқан ерлі-зайыптылар вальс биін билеп, ұлттық киімдерден сән үлгілерін көрсетті.
«Сен биіксің, биік болып қаласың…» деген ән құшағында билеген ерлі-зайыптының биі көпшіліктің көзіне жас әкелді.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *