Бастапқы бет / Сұхбат / Облыстың бас ұстазы Сәуле Өмірбекова: «Мектепті сағынған кезде барып, сыртынан қарап кетемін…»

Облыстың бас ұстазы Сәуле Өмірбекова: «Мектепті сағынған кезде барып, сыртынан қарап кетемін…»

Сәуле Өмірбекова қазақ тілін қалай үйренгенін, лауазымды қызметтерден гөрі жанына педагогтық қызмет жақын екендігін және өзі жеткен жетістіктердің құпиясы неде екенімен бөлісті.

 Қазақстан интеллектуалды ұлт болу бағытына бет алды. «Интеллектуалды ұлт – 2020» ұлттық жобасының негізгі мақсаты — Қазақстанды бәсекелестік қабілеті жоғары адам капиталына бай елге айналдыру. Бұл бағытта педагогтарға үлкен міндет жүктеледі. Ұлт болашағының тәрбиешілері мен  ұстаздары оқушыларды жаңа формацияға тәрбиелеу, білім беру жүйесін инновациялық дамыту бағытында жауапты миссияны атқарып келеді. Сондай ұстаздардың бірі — тәжірибелі педагог, Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Сәуле Өмірбекова. Сәуле Рахымқызы қарапайым лаборанттан бастап колледж мұғалімі, мектеп директоры, білім басқармасының басшысы қызметтеріне дейін атқарды. Атқарып та келеді.

Мамандығы тарих пәнінің мұғалімі. Бұл мамандықты атасының кеңес беруімен таңдағанын айтады. 1 қыркүйек білім күні қарсаңында облыстың бас ұстазымен пікірлескен едік:

«Мен қазақ тілін қалай үйрендім..»

  • Хромтау ауданында өмірге келдім. Мектепті тәмәмдағаннан кейін осындағы педагогикалық институтта оқыдым. Менің мұғалім болуыма атам себепші болды. Мектеп бітіргесін атам шақырып алып, кім болатынымды, қандай оқуға түсетінімді сұрады. «Мүмкін экономист, бухгалтер, мүмкін архивариус болармын» дедім. Атам мені тыңдағаннан кейін: «Балам, сонау замандардан бері елге қадірлі екі маман иесі бар, олар — мұғалім мен дәрігер. Бірі адамның денсаулығын қарайды, екіншісі ұлт болашағын тәрбиелейді. Егер мұғалім болсаң, елге сыйлы маман боласың, ұлт болашағын тәрбиелейсің» деді. Содан институтқа түсіп, тарих пәні мұғалімі болып шықтым. Алайды, қазіргі уақытта өзімді толыққанды тарих пәні мұғалімімін деп ауыз толтырып айта алмаймын. Себебі, біз кезінде негізінен кеңестік тарихты, шетел тарихын оқыдық. Қазір тәуелсіз ел болдық, өз тарихымызды түгендеп жатырмыз. Ал мен қызметтік жұмыста жүргендіктен, күн сайын өз пәніме қатысты кітаптарды оқып, білімімді шыңдау мүмкін емес. Ал 21 ғасырдың маманы болу үшін күн сайын біліміңді жаңартып тұруың қажет.    
  • Педагогтік қызметіңіз туралы айтсаңыз?
  • Еңбек жолымды Ақтөбедегі бұрынғы педагогикалық институттың тарих факультетінде қарапайым лаборант болып бастадым. Кейін өңірдегі кооперативтік колледжге қызметке тұрдым. Мектепте, оқу орнында орысша білім алдым, 27 жасқа дейін қазақ тілінде сөйлегенім жоқ. Осы колледжге оқуға келгенде қазақ тілін оқушыларыммен бірге үйрендім. Әлі есімде, колледжге жұмысқа келгенде әріптестерім: «Қазір сенен директор: «Қазақ тілін білесің бе?», — сұрайды, «Білемін», — деп айта бер», — деген соң, басшымызға қазақ тілін білетінім туралы айттым. Себебі тоқсаныншы жылдары жұмыс табу қиын еді. Бір күні сабақ кестесіне қарасам, мені қазақ бөлімдеріне сабақ береді деп жазып қойыпты. Дереу директорға бардым. Қазақ тілін білмейтінімді айттым. «Өтірік айттың ба?» деді, «Иә» дедім, «Ендеше, екі ай уақыт беремін, осы екі айда үйренбесең, арызыңды жазып, кете бер» деді. Ол уақытта ата-енеммен бірге тұрамыз, түнімен лекцияларды қазақшаға аударамын, атам таң ата ерте тұрып, оны маған тексеріп береді, оны колледжге жеткенше автобуста отырып оқимын. Колледжге келіп, балалардың алдына шыққанда барлық оқығанымды ұмытып қаламын, әйтеуір оқушыларға мен, олар маған үйретіп, қазақ тілін бір кісідей сөйлеуге үйрендім. Әлі есімде, жыл аяғына қарай директор мені қазақ бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Сол кезде директорға: «Мені қашанғы қинайсыз?» деп бір апта жылағаным бар. Дегенмен, сол кездегі колледж директорына әлі күнге дейін ризамын, менің қазақ тілін үйренуіме бірден бір себепкер сол кісі болды. Әрине, шындығына келгенде мұндай жағдай педагогтарда болуға тиісті емес, бірақ жас кезде сондай адамдарды жолықтырғаныма ризамын.  

«Нағыз педагог үшін мұғалімдік жұмыстан қол үзу өте қиын»

Колледжден кейін Сәуле Өмірбекова Ақтөбе педагогикалық институтында, кейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. Алайда, табиғатынан ұстаздық жанына жақын кейіпкеріміз бұл жерде ұзақ тұрақтай алмағанын айтады. Ақтөбе облысы әкімінің аппаратында бөлім басшысы болып қызмет етіп жүргенде мектеп қабырғасын сағынғанын, көп ұзамай бұл қызметті тастап, білім саласына кетіп қалғанын былайша еске алады:

Нағыз педагог үшін мұғалімдік жұмыстан қол үзу өте қиын. Облыстық әкімдік аппаратында бірнеше жыл жұмыс істедім. Сол кезде басшыма жұмыстан кету туралы өтінішімді үш рет барып айттым. «Жинаған тәжірибеңді далаға лақтырасың ба?» деп біразға дейін мені жұмыстан жібермеді. Үшінші рет барғанда рұқсатын берді. Жалпы, қызметтік жұмыста жүргенде көбіне қағазбен жұмыс істейсің, біртүрлі өз жұмысыңның нәтижесі жоқ секілді көрінеді. Қанша қиын болса да, балалармен, ата-аналармен жұмыс жасаған қызықты. Балалардың күліп тұрған жүзін, мектеп бітірген түлектердің көшеде көріп қалғанда балаша жүгіріп келіп, саған сәлем беретіні — бәрі-бәрі жүрекке жақын. Менің ойымша, педагогикалық бақыт деген осы. Сол жұмыстан кеткен кезде қаламыздағы №23 мектептің директоры зейнетке шығып жатты да, мені соның орнына директор етіп тағайындады.

«Назарбаев зияткерлік мектебі — өзінше бір бөлек әлем»

2013 жылы Ақтөбеде елімізде алғашқылардың бірі болып Назарбаев зияткерлік мектебі ашылған болатын. 120 орындық жатақханасы бар 720 бала білім алатын мектеп бүгінде өңірдегі ғана емес, еліміздегі таңдаулы мектептердің бірі. Сәуле Өмірбекова осы мектептің алғашқы директоры ретінде білім ордасының тарихында қалды.

  • Назарбаев зияткерлік мектебіне арнайы конкурс арқылы бардым. Осы мектептің алғашқы кірпіші қаланғанынан бастап қазіргі күні жеткен жетістігіне дейін куә болып келемін. Құрылысшылармен бірге жүріп, мектептің қалай салынғанын көрдік. Бір жыл бойы өзімнің кәсіби біліктілігімді арттыру үшін білім алдым. Себебі, осындай деңгейдегі білім ордасын басқару үшін іштей өсу, біліміңді арттыру қажет. Менің түсінгенім — егер адам өзі өзгергісі келмесе, оған қандай жағдай жасасаң да, ол өзгере алмайды, сондықтан, өзгерісті өз ішіңнен бастау керек. Қазір білім саласында жасалып жатқан реформа көп, өзгеріс көп. Оны мұғалімге қабылдау оңай емес, мұғалімге оңай болмағандықтан, балаға да, ата-анаға да қабылдау қиын болады. Екінші жағынан алсақ, 21 ғасыр — нағыз білімнің заманы, оқымаса, сол өзгерістерге қарай бейімделмесе, болмайды. Қазір интеллектуалдық бәсекенің заманы. Адам адамнан біліммен ғана озатын кезең. Ғылыми прогресс әлдеқашан алға қарай кетіп қалды. Осы дамудан қазақ баласы шет қалмауы тиіс.  Біз 10 жылдан кейін әлемнің қандай болатынын, ғылыми прогресстің қандай бағытқа қарай өзгеретінін, балаларымызға барынша терең білім беруіміз керек. Балаларды жаңа өмірге үйрету керек, ол үшін мектеп бағдарламасына өзгеріс енгізген дұрыс, осыны түсінуіміз керек. Балалар техникалық прогресске ілесу үшін ағылшын тілін білгені жақсы.
  • Сіз ағылшын тілін білесіз бе?
  • 100 пайыз білемін деп айта алмаймын. Бірақ Назарбаев зияткерлік мектебінде жүргенімде ағылшын тілін меңгеруге тырыстым. Балалармен бірге мен де ағылшын тілін оқыдым. Қазір қарапайым деңгейде білемін. Жалпы, Назарбаев зияткерлік мектебі — өзінше бір бөлек әлем. Ол менің тек білімге ғана емес, өмірге деген көзқарасымды өзгертті.

 

 «Мектепті сағынғанда сыртынан қарап кетемін…»

Сәуле Рахымқызы маусым айында облыстық білім басқармасының басшысы болып тағайындалды. Бұл өте жауапты қызмет екені белгілі. Алайда, мектепті тастап, мемлекеттік қызметке келу педагог адамға қиын екенін айтады. Үйдегілермен, жақындарымен ақылдасқаннан кейін Назарбаев зияткерлік мектебі директорлығы қызметін тапсырып, білім басқармасы басшысы тізгінін қолына алды.

 

  • Осындай ұсыныс түскен кезде ойланғаным рас. Үйдегі үлкендермен ақылдастым. Үйдегі үлкендер: «Үкімет сенің білім алуың, тәжірибе жинауың үшін көп қаражат жұмсады. Енді саған осындай сенім артып тұрған кезде жауапкершілікті мойныңа алғаның дұрыс» деп ақыл айтты. Сөйтіп білім басқармасы тізгінін қолыма алдым.
  • Мектеп тірлігін сағынасыз ба?
  • Әрине. Мектептің әр сәті қызық қой. Балалар, әріптестер барлығы бір отбасы секілді болып кетеді. Таңғы 6-да ұйқыдан тұрғаннан бастап тірлігің сол мектепте өтеді, кейде түнгі 2-3-терде оянып кетіп, көлікке отырып, жатақханадағы балаларды қарап қайтатын едім. Қазір де кейде ұйықтай алмайтын кездерім болса, мектеп жанына барып, мектепті сыртынан қарап кетемін. Мұғалімдермен, оқушылармен кездесіп тұрамын.   

P.S. «Егер сізде білім саласына қандай да бір өзгеріс енгізуге мүмкіндік болса, не істер едіңіз» деген сауалға сұхбаттасымыз елдегі барлық балалардың бірдей білім алуға мүмкіндігі болғаны дұрыс деген пікірін білдірді. Ол Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы болсын, ол қарапайым ауыл мектебінің оқушысы болсын — барлығы тең білім алуы тиіс. Себебі олардың болашағы ортақ, себебі ол балалардың барлығы да қазақтың болашағы. Олардың барлығы табысты, білімді болуы тиіс дейді кейіпкеріміз.

Ал өзінің өмір жолында жеткен жетістігінің құпиясы жақындарының қолдауы дейді. «Жетістікке жетудің құпиясы  — әсіресе, әйел адам үшін жолдасының, ата-анасының, достарының қолдау көрсетуі. Өмірлік жарыңды және мамандығыңды дұрыс таңдай білу. Менің құпиям осы» дейді кейіпкеріміз.

 М.Сатаева.

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *