Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбедегі Ойыл ауданының күндері (ФОТО)

Ақтөбедегі Ойыл ауданының күндері (ФОТО)

Ақтөбеде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай «Туған жерім — нұрлы елім!» атты акция аясында Ойыл ауданының күндері өткізілді.

Атақты ақ тарының атасы Шығанақтың  елінен келгендер Ақтөбені екі-үш күн бойына әдемі ән-күйге бөлеп, қызықты шаралар өткізді. Асан қайғы «Ойыл көздің жасы еді» деп өлеңге қосқан өлке туралы түрлі тарихи деректерді қамтыған көрмелер, мәдени-танымдық шаралар өткізілді.

Аудан күндері Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжі ауласындағы Шығанақ Берсиевтің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Облыстық өнер музейіне келген жұрт  Шығанақ Берсиевтің 135 жылдығына арналған «Шығанақ бағындырған шың» тақырыбындағы шара барысында «Ақ тарының ақтаңгері — Шығанақ» атты көрмедегі жәдігерлерді тамашалады.

С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Туған өлке» атты Ойыл ауданының анықтамалық-ақпараттық танымдық жинағы таныстырылды.

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрда Н.Қалауовтың «Шығанақ» спектаклі қойылды. Сондай-ақ ойылдықтар «Табыс» коммуналдық базарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізіп, ауылдың дәмін алып келді. Ойылдың тарысын іздеп келгендер көп болды. Бүгінде ауданда тары өсірумен 4 шаруашылық айналысады екен.

Ойылдың бренді —  «Көкжәр жәрмеңкесі» екені рас. ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта өткізілген «Ұлы Жібек жолында жаңғырған Көкжар жәрмеңкесіне» ауданнан келген 300 өнерпаз қатысты.

Ойылдықтардың Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап жайған 25 метрлік дастарқанынан ауыз тиген халық ризашылығын білдіріп жатты. Осы жерде ұлттық бұйымдар көрмесі, спорттық шаралар мен аудан өнерпаздарының концерті де өткізілді.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *