дүйсенбі , 21 тамыз 2017
Бастапқы бет / Басты жаңалықтар / Ninety One тобының әншілері: Біз өзімізді Q-pop-тың негізін салушымыз деп айта аламыз

Ninety One тобының әншілері: Біз өзімізді Q-pop-тың негізін салушымыз деп айта аламыз

«Media Pro» продюсерлік орталығы ұйымдастырған жазғы лагерьге қатысушы балалар жастар сүйіп тыңдайтын Ninety One тобының әншілерімен кездесті.

Балалар үшін арнайы келген топ мүшелері бір сағат бойы кішкентайлардың әртүрлі сұрақтарына жауап беріп, кешкі самалмен концерт қойды. Бір қызығы, балалар бұл топ туралы бәрін біледі екен. Жігіттердің руынан, тума-туыс, бауырларынан, тұратын жері, жас ерекшеліктері, сүйіп тыңдайтын әндерінен бастап, аяқ киімдерінің өлшемі, кімге қандай шаш үлгісі, қандай түс ұнайтатынына дейін жатқа біледі екен. Музыкалық лагерь балалары әншілерге ересек адамның ойына келмейтін түрлі сұрақтар қойып, кешті өздері қыздырды. Одан кейін әншілермен бірге өнер көрсетті. Осы кездесу барысында Ninety One тобының әншілерімен аз-кем пікірлесудің сәті түскен еді:

— Топтың құрылу мақсаты — қазақтың поп жүйесін дамыту. Яғни, еліміздегі қазақ тіліндегі поп өнерін таныту және әлемдік деңгейдегі топтармен бәсекеге түсу.

— Сіздердің киім киістеріңіздің, шаш қою үлгілеріңіздің, жалпы стильдеріңіздің ерекшелігі немен байланысты? Бұл жай ерекшелену ма, әлде басқа мақсаты бар ма? Идея авторы кім?

— Идея авторы топтағы бес жігіт және біздің продюсеріміз Ерболат Беделхан. Бәріміз ақылдасып, осындай стильді таңдадық. Себебі, бұл стиль әлемдік деңгейдегі поп өнерінің стандарттарымен сәйкес келеді. Бұл поп стилі кез-келген елде қолданылады.

— Топтарыңыз болашақта сұранысқа ие бола ала ма, қалай ойлайсыздар?

— Егер ойға алған мақсатымыз орындалып, бір толқынмен жүре алсақ, сұраныста боулы тиіс.

— Сіздің топ туралы көптеген пікір айтылды. Бірі тіпті сіздің жігіттерді «қазақы болмысқа жат топ, олар қылмыскерлер» деп атаса, енді бірі «таптаурын ойдан ада, стереотиптік санадан алшақ» деп, жоғары баға беріп жатты. Осындай сыни пікірлер сіздерге қалай әсер етті?

— Сынды қабылдай аламыз. Әйтсе де, бізге қатысты кәсіби сын әлі айтылған жоқ. Әрине, жеке азаматтар ойларын айтып жатыр, айта берсін. Себебі, әр адамның ойына біз төтеп бере алмаймыз, әркімнің өз ойын айтуға құқы бар.

— Кімнен кәсіби сын күтесіздер?

— Бізде кәсіби сыншы бар ма? Бар болса, солардан пікір күтеміз. Бұған дейін тек қана біздің келбетімізге, жүріс-тұрысымызға, киім киісімізге ғана пікірлер айтылды. Ал өнерге, біздің айтып жүрген әндерімізге қатысты ештеңе қозғалған жоқ.

— Топтарыңызда өзгеріс болмай ма?

— Әзірге жоқ. Осы қалпымызда ән сала береміз.

— Сіздерді жас балалар, мектеп оқушылары ұнатып тыңдайды. Қалай баурап аласыздар, әлде пиар жақсы ма?

— Бұл продюсерге қойылатын сұрақ. Дегенмен, бізде жастық рух бар секілді. Қазір топтағы әншілердің ең үлкені 23-тегі жігіт, ең кішісі 18-де. Біз де қарапайым өнер тасушымыз, орындаушымыз.

— Жеке имиджмейкерлеріңіз бар шығар?

— Бар. Бибота деген брендтің киімдерін киеміз, дизайнеріміз Ақбота деген азамат. Және оған қоса өзіміздің екі стилисіміз бар.

— Сонда сіздердің бағыттарыңыз K-pop жанрына (Korean pop) сәйкес келе ме?

— Жоқ, korean pop, british-pop, frensh-pop деген секілді, біздің бағытымыз қазақша попты дамыту, біз оны Q-pop деп атадық. Біз өзімізді Q-pop-тың негізін салушымыз деп айта аламыз.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *