дүйсенбі , 21 тамыз 2017
Бастапқы бет / Басты жаңалықтар / Ақтөбеде Хромтау ауданы күндері өтті (ФОТО)

Ақтөбеде Хромтау ауданы күндері өтті (ФОТО)

Ақтөбеде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясында Хромтау ауданының күндері өткізілді.

Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойына хромтаулықтар ерекше бағдарлама әзірлеген. Акцияның алғашқы күндері ауданнан келген басшылар мен кәсіпкерлер облыстағы балалар үйлеріне барып, арнайы сыйлықтар табыс етті, мерекелік бағдарламалар ұйымдастырды.

Кітапханаларда «Мүмкіндігі мол өлке» атты мәдени-танымдық шаралар өткізілді. Онда келушілер Хромтау ауданының мүмкіндіктерімен, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени өмірімен танысты.

Тарихы 1935 жылы басталған Хромтау ауданы әлемде қойнауындағы хром кенінің молдығымен танымал. Кітапханашылар келгендерге аудан туралы барынша айтуға тырысты.

Аудан күндері аясында ел тәуелсіздігінің 25 жылдық тойын ту еткен ат жарыс та ұйымдастырылды. Оған тек Хромтаудың ғана емес, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан, Ақтөбенің Ойыл, Қобда, Алға, Әйтеке би және басқа да аудандардың жүйрік аттары мен шабандоздары қатысты. Жарыста аламан бәйге, тоқ бәйге және жорға бәйге жүлделері тігілді. Барлық топ бойынша ақтөбеліктер жеңісті қолдан бермеді.

Аудан күндерінің соңында хромтаулықтар «Табыс» коммуналдық базарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін қыздырды. Жәрмеңкеде Хромтау қаласынан және аудандағы 14 селолық округтен келген шаруа қожалықтары мен тұрғындары әкелген табиғи таза өнімдер тиімді бағамен сатылды.

Кешкі мезгілде хромтаулықтар қаланың орталық саябағында қолөнершілер көрмесін өткізіп, аудан өнерпаздарының концертін өткізді. Балаларға тегін балмұздақ таратып, ақтөбеліктерге және қала қонақтарына әдемі бір мереке сыйлады.

Аудан күндері атаулы жылдың аяғына дейін ұйымдастырылып тұратын болады. 12-13 тамыз күндері Ақтөбеде Ойыл ауданының күндері өткізіледі.

2

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *