бейсенбі , 24 тамыз 2017
Бастапқы бет / Сараптама / Қазақстанның бас урологы Мырзакәрім Алшынбаев: «Нағыз еркектер жойылып бара жатыр!»

Қазақстанның бас урологы Мырзакәрім Алшынбаев: «Нағыз еркектер жойылып бара жатыр!»

Бүгінгі қоғам үшін еркектің денсаулығы медицинаның шеңберінен шығып, жалпы адамзаттық проблемаға айналды және мемлекет пен жеке адамның назар аударуын қажет ететін әлеуметтік мәселе статусын алды. Әлем елдері дабыл қаққан проблема туралы қазақстандық медицина да үнсіз отырған жоқ. Академик Б.Жарбосынов атындағы Ғылыми орталық — урология саласында зерттеулер жүргізіп, ер-азаматтарды денсаулығына төнген қауіптен, өмірін түрлі кеселден құтқаруға бағытталған жұмыспен айналысушы бірден-бір медициналық орталық. Ғылыми орталық мамандары бас директор, Қазақстанның бас урологы Мырзакәрім Алшынбаевтың басшылығымен «Ерлер денсаулығы мектебін» ашып, еліміздің барлық аймақтарында жұмыс жасай бастады. Өткен аптада Өскеменде уролог, кардиолог, терапевт, эндокринолог дәрігерлердің басын қосқан жиын өтті. Қазақстан мен ТМД елдерінің мықты деген профессорлары мен спикерлері әлемдегі және Қазақстандағы соңғы жылдардың нақты зерттеулері нәтижесінде мәлім болған ақпараттарды ашық талқылады.

Ақтөбеде де уролог-мамандар жетіспейді

Ерлердің денсаулығы ұлттың, ұрпақтың болашағымен тікелей байланысты десек, әйел ғана емес, әлем арқа сүйеген ерлердің белсіздік, эрекция функциясының бұзылысы, басқа да урологиялық аурулары, эндокриндік аурулары үлкен проблемаға айналғаны ащы да болса шындық екенін мойындауға тура келеді.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еркектердің өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 10 пайызға төмен. 75-ке жеткен ерлердің арасында осы жастағы әйелдермен салыстырғанда қатерлі ісік аурулары екі есе көп кездеседі. Бұл жерде, әрине, дәрігер ерлердің өз денсаулығына, өз өміріне қаншалықты жауапсыз қарайтыны туралы бәрімізге белгілі себептерді атады. Отбасында, өмірінде кез келген қиындыққа төтеп бере алмай, морт сынатын еркектер сырттай мықты көрінгенмен әйелдерге қарағанда іштей әлсіз. Тіпті жаңа туған сәбилердің арасында болатын өлім-жітім кезінде көп жағдайда ажалмен арпалысып, ауруды жеңуге тырысатын қыз балалармен салыстырғанда ұл балалардың шетінеп кетуі үш есе жиі екені дәлелденген. Әйел қырық шырақты!
Сонымен қатар ғалымдардың зерттеулері 1950 жылдан 1990 жылға дейін жыл сайын болатын суицидтердің 70-80 пайызы ерлердің «үлесінде» екенін дәлелдеген. Жыл сайын әлемде 25000 еркек өзіне-өзі қол жұмсап, жарық дүниемен қоштасады. Ер-азаматтар әйелдерге қарағанда дәрігердің қабылдауына үш есе сирек баратындықтан, олардың бойындағы ауруды асқынбай тұрып анықтау мүмкін бола бермейді. Сондықтан да болар, соңғы бес жылда қуық асты безі қатерлі ісігінен көз жұмған ерлердің саны сүт безі қатерлі ісігінен өлген әйелдердің санына қарағанда екі есе өсті. Осы мәліметтерді депуттардың алдына жайып салып, құзырлы ведомствалардан қолдау сұраған Б.Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының зерттеулерін естігенде жүрегі қан жылағандар аз болыпты. Оның есесіне әйелдерді қорғау, гендерлік саясатты қолдау сияқты елімізде ондаған бағдарламалар қабылданып жатыр. Бірақ әлі күнге дейін еркекті қорғайтын бірде-бір бағдарлама жоқ.

Ауруын жасырған өледі

— Біз қоғамның санасын өзгертуге тырысуымыз керек. Ауру түрлері, ауыратындардың саны, жасы туралы жаңа мәліметтер қолыма тиген сайын қайта зерттеулер жасауға тапсырма беремін. Алғашқы нұсқалардың дұрыстығына көз жеткізген бойда жаным мұрнымның ұшына келеді. Нағыз мағынасында айтып тұрмын, нағыз еркектер жойылып бара жатыр! Содан қорқамын… Бірақ үкімет тарапынан қашан менің сөзіме құлақ асып, шын назар салатын күн туарын білмеймін. Біз 2007 жылы желтоқсан айында ерлердің денсаулығын қорғауға бағытталған бағдарлама жасадық. Өміршең бағдарлама аймақтарда «Ерлердің денсаулығы күндерін» өткізіп, Ерлер денсаулығы орталықтарын ашуға мүмкіндік берді. Ақтөбе қаласында да осы орталықты ашып, жұмысын жолға қойғанымыз көп проблемаларды оңтайлы шешуге бағыт сілтеді. Енді біз осылай дабыл қағу арқылы әрбір азаматтың санасын оятатын жол табуымыз керек. Әйелдер гинекологқа ауырмаса да, жылына бірнеше мәрте барып, тексеріліп тұрады. Ал ерлер ешқашан себепсізден-себепсіз урологқа бармайды. Санамызда надан түсінік қалыптасқан, урологтың қабылдауына барған еркекті «белсіз» деп, сыртынан тон пішіп отырамыз. Әңгіме тек белсіздікте ғана емес. Белсіздікке апаратын эрекция функциясының бұзылуы, простатит, қуық асты безінің өзгерісі сияқты ауруларды елемей, өз бетімен емделетін, тіпті емделмей, ішкілікке салынып кететін ерлер қаншама. Ауруын жасырған өледі. Біз осыны әлі де айта түсуіміз керек.
Елімізде 50 мыңнан астам акушер-гинеколог бар, 585 уролог қана жұмыс істейді. Ақтөбеде 22 уролог бар. Бұл — елде уролог жетіспейді деген сөз. Мен әлем елдерінің зерттеулерінен ерлердің урологиялық проблемаларымен қалай күресетіндерін салмақтап көрдім. АҚШ-та семіз адамдар өте көп. Артық салмақ — еркекті белсіздікке ұшырататын себептердің бірі. Англияда ерлер дәрігерге бармастан, дәріханаларды жағалайды екен. Бұл елде белсіздікке әкеліп соғатын аурулардан өз бетімен емделушілер түрлі препараттарға жылына 1 миллиард фунт стерлинг жұмсайды. Ресей, Сингапур көп қаражат бөледі десек, былтыр Қазақстанда 44800 ер адам республика бойынша тексеруден өтті. Солардың 70 пайызының патологиялық ауытқулары бар екен. Қазақстанда «Ерлер денсаулығы мен отбасылық ұзақ өмір сүру» орталығы ашылғалы 10 жыл ішінде жағдай айтарлықтай өзгерді. Бұл орталыққа сонымен қатар дені сау адамның да келіп, қаралуына мүмкіндік жасалған, — дейді еліміздің бас урологы М.Алшынбаев.

Жігіт неге төсегінен жиренді?..

Елімізде жұмысқа қабілетті ерлер арасындағы өлім-жітім себептерін зерттеп көрген мамандар Еуропа елдерімен салыстырғанда біздің азаматтардың жүрек-қан тамырлары ауруларымен көп ауыратынын анықтады. Бұған қан қысымының жоғары болуы, холестерин мен қанттың мөлшерден тыс болуы және спирттік ішімдіктерді жиі пайдаланып, жаппай темекі шегетін, спортпен айналыспайтын, отызға толмастан денесі толысып кететін біздің жігіттердің өздері кінәлі. Дегенмен «еркектердің денсаулығына жауапкершілікпен қарамауы салдары простатит диагнозын жиі қойылатын және «жасарып» кеткен аурулардың қатарына жатқызуға тура келіп отыр», — дейді мамандар. Расында да, простатит медициналық шеңберден шығып, әлдеқашан әлеуметтік аурулар санатынан орын алуы тиіс жағдайға жетті. Еліміз бойынша ер адамдардың 45 пайызына жуығында простатит белгілері кездеседі десек, Ақтөбе облысы урологиялық аурулардың бұл түрінен 14 облыстың бел ортасында тұрақтайды. Простатиттің созылмалы түрі қазір жұмысқа қабілетті жастағы жігіттердің арасында жиі кездесіп, оның салдары көп жағдайда сары уайымға салынғандарды миокард инфарктіне, стенокардияға, крон ауруына шалдықтырады. Сөйтіп жігітті төсегінен жирендірген ауру психологиялық және әлеуметтік пробемаларға жетелеуі әбден мүмкін. Осыдан кейін қыр астынан маскүнемдік пен суицидтің «ауылы» қылтиып көрінбесіне кім кепіл?
Қазақстанның бас урологы эрекциялық функцияның бұзылысы жүрек-қан тамырлары ауруларымен, қант диабетімен ауыратын ерлердің 50-60 пайызында кездесетіні туралы тағы бір жағаңды ұстатар проблеманы індетіп айтты.

Тестостерон болмаса, ол еркек емес!

Ал жыныстық гормондардың жетіле бастағанынан-ақ бозбаланы қалыптастыратын, атпалдай азаматқа «айналдыратын» қасиеті бар тестостеронның ер адамның ағзасы үшін маңызы өте зор. Оған бас уролог Мырзакәрім Алшынбаев: «Тестостерон болмаса, ол еркек емес!» деп анықтама берді. Сол тестостеронның жетіспеушілігі проблемасы өз алдына бір тақырып. Урологиялық орталық зерттеуге қатысқан 2035 пациенттің қан сынамалары 37,3 пайызында, яғни 759 адамның ағзасынан тестостерон жетіспеушілігі проблемасын анықтаған. Негізі еркектің жасы ұлғайғанда тестостерон табиғи түрде 1-2 пайызға төмендейді. Ал жас жігітте тестостерон жетіспеушілігі — қасірет!
Еліміз бойынша ерлердің репродуктивті денсаулығын скринингтік зерттеу нәтижелері көңіл көншітпейді. Қазақстанның 14 облысында тұрып жатқан 24369 пациенттің 56,3 пайызында эрекциялық функцияның бұзылу белгілері байқалғаны туралы деректерді еліміздің бас урологы жариялаған кезде «Бұл — жалған ақпарат, біздің жігіттердің көп бөлігі қауқарсыз болғаны ма?» деп қарсылық білдіргендер, тіпті деректерді жасыруды талап еткендер болыпты. Бірақ тағы да сол баяғы «ауруын жасырған өлетінін» жақсы білетін антына берік дәрігер ақпаратты БАҚ өкілдеріне жеткізіпті. Оның айтуынша, жауып-жасыратын ештеңе жоқ. Әлем елдерінде де, көрші Ресейде де бұл үлкен проблема екені әлдеқашан мойындалған.
Скринингтік тексерулерге қатысқан пациенттердің 10343-і, яғни 42,4 пайызында жыныстық жолмен жұғатын инфекциялардың түрлері, оның ішінде біразында ВИЧ те анықталыпты. Бұл жерде профессор Алшынбаев Кеңес одағы ыдырап, Қазақстан әлемге қақпасын айқара ашқан уақытта оң-солын тани алмай, нәпсісін тыя алмай дал болған қоғам жақсы мен жаманды айырмай «жұтқанын» басты себеп көреді. Сырттан келген кеселге, жыныстық жолмен жұғатын инфекцияларға алдымен ерлер жағы ұрынғаны шындық. Кесел індеп, жиырма жылдам астам уақытта ұрпақ өрбіту мүмкіндігінен айрылған ерлердің қатары артты. Дәрігерлердің дабылына бүгін көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың өздері үн қосуы керек. Мамандар отбасында ұл баланың тәрбиесіне көңіл бөліп, жыныстық жетілу кезінде жасөспірім балаға «өтпелі кезеңін» өткізіп алмай, жақсы мен жаманды ашық айтуды талап етіп жатыр.

Ең алдымен ата-ана тәрбиелі болуы керек

Еркектің өз денсаулығы туралы көзқарасы өзгермейінше, дүние өзгермейді. Бұл — мамандар пікірі. 86 жастағы белгілі дәрігер Михаил Зельцер эндокриндік жүйе қызметінің тікелей ерлер денсаулығына тигізер айтарлықтай әсері барын атап өтті. Дәрігерден жұрт ұзақ жасаудың сыры неде деген сауалды жиі қояды екен. Ол былай деп жауап береді:
— Ең алдымен ата-анаң жақсы ортадан шыққан, тәрбиелі адамдар болуы керек, екіншіден, аспан бұлттанғанда, оны көз алдыңызға көгілдір әрі таза деп елестетіңіз. Үшіншіден, әрдайым көңіл-күй жарқын жүрсін, төртіншіден, жақсылап еңбек ету керек. Сонда ғана өміріңіз ұзақ болады!

Айгүл БАЙМЕНОВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *