жұма , 23 маусым 2017
Бастапқы бет / Сұхбат / Қалқаман Сарин, ақын: «Ақын ұлттың сыздаған жерінің бәріне ем болып, мұздаған жерінің бәрін жылыта алатын болуы керек!..»

Қалқаман Сарин, ақын: «Ақын ұлттың сыздаған жерінің бәріне ем болып, мұздаған жерінің бәрін жылыта алатын болуы керек!..»

Қалқаман Саринді поэзияны сүйетін оқырман өлеңдері арқылы біледі. Ән тыңдайтындар әнге сөз жазатын ақын ретінде таниды. Ал теледидар алдында отыратындар оны бір кездері «Кеш емес» бағдарламасын жүргізген тележүргізуші ретінде білетін шығар. Шын мәнінде Қалқаман Сарин кім? Оны не толғандырады? Ол қазір не жазып жүр? Ол «Кеш емес» бағдарламасынан неге кетті? Осы және басқа да тақырыптар төңірегінде сөйлескен едік. Мархабат…

Ерке өстім, бірақ ессіз ерке емеспін…

—    Әпкеңіз Гүлмира Сарина керемет әнші. Сіз де домбыра шертіп, ән салатын шығарсыз?
—    Әнді тек достарымның ортасында, келіншегімнің қасында, үйде отырғанда ғана айтамын. Домбыра тартуды біздің кезімізде ешкім үйретпейтін, өсе келе өзіміз үйреніп алатын едік. Ербол, Нұрбол деген ағаларым, әпкем Гүлмира осы салада оқыды, кәсіби музыканттар. Солар домбыра тартқан кезде қарап отырып, қағып алатын едік. Домбыра үйде менің қолыма ең соңынан тиетін, солар басқан пернені басып, қайталап, ыңылдап отырып, үйреніп алатын едім. 1994 жылы мектеп бітірген кезде Ақмолаға музыка факультетіне барғым келді. Бірақ, аға-әпкелерім: «Үйде музыкант жетеді» деп онда барғанымды дұрыс көрмеді. Содан аздап жазатыным болғандықтан, филология факультетіне барғым келді. Әпкем: «Ол жерде кілең қыздар оқиды» деген соң, тарих факультетін таңдадым. Осылайша Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдадым. Үлкендерді, әке-шешені тыңдап өскендіктен, олардың алдын кесіп өте алмадым. Үйдің кенжесімін. Әке-шешем 12 құрсақ көтерген. Бірақ бір баланы ата-анам ағайындарға берген, біреуі шетінеп кеткен. Сөйтіп, он бала бір шаңырақта өстік. Өте ерке бала болдым, бірақ ессіз ерке болғаным жоқ. Бар мен жоқтың қадірін біліп өстік. Ержетіп, мектеп бітіріп, оқуға түсіп жатқан кезіміз тұтас елге қиын болған тоқсаныншы жылдар еді. Ол жылдарды өзіңіз де жақсы білетін шығарсыз. Мектеп бітірген жылы Абайдың 150 жылдық тойымен тұспа-тұс келді. Сол тойға атсалысып, домбыра тартып, терме айтып, барлық шараларға белсене қатысқаным есімде. Абай туған, Шәкәрім туған Семейдің Архат ауылындағы ұстаздарымды әлі күнге дейін сағынып тұрамын. Олар болар баланың бетін қақпайтын…

Өзімді мықты ақынмын деп есептемеймін

—    Ақындарды мықты, мықты емес деп бөлуге бола ма?
—    Маған салсаңыз, бөлмес едім. Кімнің қандай ақын екенін уақыттың өзі дәлелдеп береді. Өкініштісі, қазір анау ақын, мынау ақын емес деп, өзінше баға беріп, өздерінше пәтуа айтатындар көбейіп кетті. Ондай пікірді қадір-қасиетімен, жүрген жолымен, өнегесімен ортада сыйлы, аузы дуалы адам айтса, бір жөн. Поэзия — бір жолмен, бір өлеңмен емес, тұтастықпен өлшенетін дүние. Ал тұтастықты тұтас уақыттар ғана айтады. Сондықтан жазып жүрген жігіттер мен қыздардың барлығына құрметпен қараймын, ешкімді жақсы-жаман деп бөлмеймін. Олардың ішінде мен де бармын. Біреуге жақсы, біреуге жаман шығармын. Алайда бұл менің басымды ауыртып, балтырымды сыздатпайды, өйткені шамамның жеткенінше жазып жүрмін. «Құстың да әні әртүрлі естіледі» деген бір ағамның өлеңі бар еді, сол секілді әркімнің өзінің дауысы, өзінің үні, шама-шарқы, деңгейі болады. Барлығы бірдей Төлеген, Мұқағали, Фариза болуы міндетті емес, бола алмайды да. Сондықтан біз қалам ұстаған әр адамға, сөз өнерімен ауыратын әр адамға құрметпен қарауымыз керек.
—    Сіз мықты ақынсыз ба?
—    Бұл сұрағыңызға жауап берген секілдімін. Өзімді мықты ақынмын деп есептемеймін. Мықтымын десем, ұят қой. Олай десем, мен емес, сіз ұялып кететін шығарсыз. Сондықтан, Алла сақтасын, мықтымын деп айта алмаймын. Мақтымқұлы атамыздың:
«Ұлықпандай тапсаң дерттің дауасын,
Рүстемдей жыртсаң жаудың жағасын.
Ескендірдей алсаң әлем қаласын.
Бәрібір сен жермен-жексен боласың», — деген өлеңі бар… Сондықтан мықтылық дегенді басқаша өлшемдерге сыйғызуымыз қажет шығар.
—    Неге сіздің тұстастарыңызды поэзиядағы «Керіағыс» өкілдері деп айтады?
—    Менің тұстастарымды тұтастай «Керіағыс» өкілдері деп айтуға болмайды. Бұл сөз әдебиеттегі жаңашылдыққа ұмтылып, жаңа үлгіде, постмодернистік бағытта жазып жүрген, жазғысы келіп жүрген қыз-жігіттердің шығармашылығына қатысты кейбір зерттеушілердің тарапынан ғана айтылған сөз шығар. Мен өзімді бұл топқа жатқыза алмаймын.
Жалпы, қай кезде де аға буынның кейінгі толқынға көңілі толмаған. Ол заңдылық секілді. Біздің де тұстастарға аға буын тарапынан боркемік, жылауық, мұңға, пессимизмге жақын деген секілді сын жиі айтылады. Бірақ, егер біздің тұстастарымыз сондай болса, онда алдымыздағы поэзияның, сол поэзия өкілдерінің жемісі. Себебі біз оларды оқып өстік, солардың сүтін іштік, ауасын жұттық, яғни сол әдеби әлемнің аурасымен өстік. Одан кейін Тәуелсіздік алдық, еркінірек болдық… жалпы, бұл аға буынның бізді тұқырту үшін айтылған пікірі деп ойламаймын, қайрау, қамшылау үшін айтылды, меніңше.
—    Сіздерді жас ақындар дейміз. Сіздердің өздеріңіз 40-қа келіп қалдыңыздар. Кейінгі жастар сіздерге қарағанда еркінірек болады деп ойлайсыз ба?
—    Ақындар о бастан еркін жүретін халық қой. Кейінгі буын тіпті еркін болатынына күмәнім жоқ. Бірақ еркіндік деген не? Жауапкершілікті сезінбеу деген еркіндік емес. Ақын әр сөзіне жауапты болуы керек. Еркін болу үшін де ес, білім, тәжірибе керек шығар. … Мен қазақ поэзиясының соншалықты көркемдігінен өлеңге құмар болдым. Мен үшін өлеңнен асқан көркем өнер жоқ болып көрінді. Соншалықты мөлдіреген ұйқаспен, көркем образбен суреттелген, адамның жанын керемет ләззатқа бөлейтін дүниелерді мен қазақ өлеңінен көрдім. Біз алдымыздағы қаламгер аға-апаларымыздың шығармаларын оқып өстік. Біздің алдымызда тұтас дәуірлер бар, біз көпір ғанамыз. Осы алдымыздағы қазақ поэзиясының қаймағын бұзбай кейінгі ұрпаққа тапсыруымыз керек. Міне, жауапкершілік деген осы. Бізден кейінгі буын да осал болмайтын шығар, себебі алдымызда тұтас байлық, тұтас дәуірлер жатыр.

Қоғамдағы кей жайттарға қатысты іштей тынатын кездер болады

—    Ақын-жазушы қоғамның рухани тәрбиешісі дейсіз. Сіз өзіңізді қай бағыттағы тәрбиеші деп есептейсіз?
—     Ақын-жазушылар қоғамның идеологиялық тұрғыдағы тәрбиешілері. Әрине, ақын «мен осыны оқырманды былай тәрбиелеу үшін жазайын» деп мақсатты түрде жазбайды. Өлең жазылады, ол жазылғаннан кейін оның қоғамға, оқырманға әсер ететін дүниесі көріне бастайды. Төлеген Айбергеновтің «Ақын боп өмір кешу оңай деймісің, қарағым, аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның» деген өлең жолдары бар ғой. Міне, осының бірінші жолын ғана айтып, кеудемізді соғып, «ақын болу оңай деймісің» деп, бәріне міндетсігендей болып жүрдік. Ал негізгі салмақ екінші жолда жатыр ғой — «аузында болу сыздаған барлық жараның». Яғни ақын, меніңше, ұлттың сыздаған жерінің бәріне ем болып, мұздаған жерінің бәрін жылыта алатын болуы керек. Ақын елдің басына күн туған кезде жақсы жырымен жігерлендіретін, жақсылықты сүйіншілейтін адам болуы керек.
—    Қоғамда сыздаған жара көп қой. Сіздің кейде осындай жайттарға қатысты үндемей қалатын кездеріңіз бола ма?
—    Иә, болады. Іштей тынатын кездер болады. Кейде айтпай қалсаң, неге айтпады дейді. Айтсаң, бүлікке шақырғандай қабылдайды. Шындықты бас-көзі жоқ айта салу шындық емес. Шындықты да шындыққа сүйеніп айту керек. Ал жұрттың көңілінен шығу үшін, белгілі бір топтың мүддесі үшін ештеңе айта алмаймын.
—    Сізді әнге мәтін жазатын ақын, орыстар айтпақшы, поэт-песенник деп айтуға бола ма?
—    Мені қазақ Қалқаман Сарин деп алғаш танығанда ән мәтіндерінің авторы ретінде таныды. Мен оны жасырмаймын. Мен оған арланбаймын. Қазақта мықты ақындардың барлығы әнге сөз жазған. Әнге сөз жазбағандардың өлеңдерінің өзі ән салып тұрады. Мысалы, Мұқағали ақынның кез келген өлеңі ән салып тұр. Сондықтан әнге сөз жазу да өзінше шеберлікті қажет етеді. Қадыр мен Тұманбай ағаларым 300-ге жуық әнге мәтін жазған деп естиміз, одан да көп болуы мүмкін. Әні де тыңдалды, өлеңдері де оқылды. Мен жақсы ән болса, сөз жазамын. Оқырман мені кім деп қабылдаса да, өз еркі.
—    Қазір неге аз жазып жүрсіз?
—    Мен о бастан аз жазамын.

Мен «Кеш емес» хабарынан неге кеттім?

—    Немен айналысып жүрсіз қазір?
—    Еуразия ұлттық университетінде сабақ беремін. Телеарнада жұмыс істедім. «Кеш емес» хабарын жүргіздім. Жеті ай болды, ол жақтан кетіп қалдым.
—    Неге кеттіңіз?
—    Бұл хабарды жүргізуден өзім саналы түрде бас тарттым. Себебі ол жерге әлеуметтік ток-шоу болады деп шақырған болатын. Кейін ол өнер адамдарының, эстрадалық әншілердің дау-дамайын, қазақтың қыздарының жеңіл жүріске салынғаны, мешіт маңындағы қазақтың қайыршылары, тәуіп, құмалақшы қазақтар сынды тақырыптарды ғана көтеретін болды, бақсы-балгердің, сақал мен тоқалдың төңірегіндегі әңгімелер ғана айтылатын болды. Жарайды, саяси мәселелерді көтермей-ақ қоялық, әлеуметтік кесек-кесек дүниелерді талдайық деген едім, бірақ оған редакцияның аса бір құлқы бола қоймады. Қазір телевизия саласы рейтингінің құлы болып кеткен. Білім, мәдениетті айтқаннан гөрі, екі адамның арасындағы дау-дамайды жиірек көрсетеді, соған үйір. Соңғы хабарда МС Сайлаубекке қатысты хабар түсірілетін болды. Сол кезде мен бұл хабарды жүргізуден түбегейлі бас тартып, рақметімді айтып, жұмыстан кеттім. Бар шындық осы. Телеарна басшылығына рақмет, маған ешқандай қиянат жасаған жоқ, менің уақытыммен санасты, 3 жылға жуық тату жұмыс істедік. Бірақ елдің алдына мен тележүргізуші болып шыққаннан кейін көрермен оны менің хабарым ретінде қабылдайды. Қысқасы, бұл хабар менің ішкі позицияммен, азаматтық ұстанымыммен сәйкес келмеді.
—    Сайлаубек түсірілетін хабарды жүргізген жоқсыз ба?
—    Жоқ осы хабарды түсіреміз деген кезде бас тарттым. Әрине, Сайлаубектің жеке басына қатысты менің еш қарсылығым жоқ. Бірақ, әр адамның ұятты комплексі секілді ұлттың да ұрымтал тұстары болады ғой. Біз соларды жасырып, жұртқа көрсетпей ұстауымыз керек қой. Ал біз керісінше, қоғамды жалаңаштап, қайыршы қазақтарды, жеңіл жүрісті қазақ қыздарын көрсетеміз.
Сайлаубек Ресейге Малаховтың бағдарламасына барды. Мен ұлтым үшін ұялдым. Әрине, адам орнын тапса, жер мен көктің арасы кең ғой. Бірақ қазақтың сахнасына кім көрінген шыға береді деген түсінік қалыптастырмауымыз керек емес пе? Әлде жезөкшелер тек қазақ па, қайыршылар тек қазақ па? Менің арланатын, намысыма тиетіні осы. Қазақтың осал тұстарын қайта-қайта көрсету қазаққа жаны ашымастың ғана қолынан келетін шығар. Мені осы жиіркендіріп жіберді. Керісінше, сүйіншілейтін жақсы хабарларды айтар кезде қазақ тілін білетін мамандардың жоқтығы, министрліктерден шақырған адамдардың келмеуі, келсе де, қазақ тілін білмеуі сынды мәселелер де қажытты. Әрине, менің де кемшіліктерім болған шығар, себебі мен журналист емеспін, мамандығым басқа. Үш жылда біраз нәрсе үйрендім. Сол үшін ұжымға алғыс айтамын.
—    Егер сіздің көңіліңізден шығатын хабар жүргізуге шақырса, барасыз ба?
—    Мен телеарнаның есігін қағып жұмыс іздегенім жоқ. Шақырды, бардым. Егер тағы шақырса, егер түсірілетін бағдарлама, ондағы көтерілетін мәселелер менің ішкі позицияммен үйлесіп жатса, барамын. Бірақ мұны жұмыс іздеп жүр деп ойлап қалмаңыздар.
—    Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан М.Рахатқызы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *