сенбі , 24 маусым 2017
Бастапқы бет / Басты жаңалықтар / Қазақ жеріне қазақ жерінде жасалған рельстер төселе бастады

Қазақ жеріне қазақ жерінде жасалған рельстер төселе бастады

Ақтөбе рельс-арқалық зауыты өз өнімдерін нарыққа шығара бастады. Бұл зауыт — мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасының алғашқы бесжылдығы аясында іске қосылған еліміз бойынша бірегей жобалардың бірі.
Кәсіпорынның бас директоры Андрей Кузьминнің айтуынша, зауыттың құрылысы үшін технологияның ең соңғы үлгілері қолданылған.
— Заманауи қондырғыларды алып келдік. Бізге қондырғыларды жеткізуші компания бүкіл әлем бойынша ең үздік үштіктің қатарына кіреді. Ол — Primetals Technologies Italy S.r.l. (бұрынғы «Siemens-VAI») компаниясы. Ол — мұндай қондырғыларды шығаратын компаниялардың арасында дүниежүзілік көшбасшы. Сондықтан біздің прокаттау қондырғымыз дүниежүзі бойынша бірінші орында, яғни ең жаңа қондырғы. Біз сол қондырғының қожайынымыз, — дейді ол мақтанышпен.
Бүгінгі күні дайын өнімді шығару кезеңіне өткен зауытта 700-ге жақын адам еңбек етеді. Жұмыскерлердің 99 пайызы жергілікті тұрғындар. Зауыт басшылығы жұмысқа негізінен жастарды алуға тырысатындарын, оларды біліктіліктерін арттыру үшін оқуға жіберіп алатындарын айтады.

Ақтөбе рельс-арқалық зауыты алғашқы өнім түрі — рельс үшін СТ-КЗ сертификатын алған. Бұл сертификат Қазақстан жерінде шығарылған рельстердің ұлттық стандарттарымызға сәйкес келетінін көрсетеді. Оның үстіне Қазақстанның сапа сертификаты Кедендік Одақ аумағы бойынша да жүреді. Сонымен қатар, зауыт басшылығы енді өз өнімдерінің Ресейдің ГОСТ Р стандартына сәйкес екендігін дәлелдейтін құжатты алу үшін сертификаттау жұмыстарын жалғастырып жатыр. ГОСТ Р сертификаты зауыт өнімдерін саудаға шығару нарығын кеңейтуге мүмкіндік бермек. Зауыттың Батыстағы және Шығыстағы серіктестерінің рельстердің сапасына деген сенімін одан сайын арттыра түспек.

Зауыт еуропалық стандарттарға сәйкес келетін Р-60 рельсін дайындауды игерген жағдайда ТМД шеңберінен шығып, Таяу Шығыс, Еуропа және оның арғы жағында Оңтүстік Америка елдерінің нарықтарына ашылуды жоспарлайды.
— Дәл қазір зауыттың жобалық қуаттылығын игеру үшін жұмыс жасап жатырмыз. Өйткені жобалық қуаттылыққа шығу процесінің ұзақ жалғасатыны белгілі. Күн сайын өнім өндіру мөлшерін арттырып келеміз. Соңғы айда шамамен 5 мың тонна рельс жөнелттік. Біздің рельстеріміз «Қазақстан теміржолының» «Алматы-Шу» аралығындағы екінші желі жобасына, тағы бір инвестициялық жоба «Құрық» портының құрылысына пайдаланыла бастады. Бұдан өзге рельстеріміз «Қазақстан теміржолының» басқа да магистральдық жолдарының күрделі жөндеу жұмыстарына пайдаланылуға жіберіліп жатыр, — дейді Ақтөбе рельс-арқалық зауытының директоры Андрей Кузьмин.

Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясындағы қолға алынған квазимемлекеттік кәсіпорын. Зауыттың құрылтайшылары: «Қазақстан теміржолы» компаниясының еншілес кәсіпорны «Ремлокомотив» АҚ мен жеке инвестор «Транспортные технологии» ЖШС.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *