жұма , 23 маусым 2017
Бастапқы бет / Сұхбат / Досай Кенжетай, теолог-ғалым: Кеш те болса мемлекеттің тұрақтылығы мен баяндылығы үшін салафизмнің тіршілігіне тосқауыл қою шарт!

Досай Кенжетай, теолог-ғалым: Кеш те болса мемлекеттің тұрақтылығы мен баяндылығы үшін салафизмнің тіршілігіне тосқауыл қою шарт!

Ақтөбеде болған лаңкестік оқиғаның себеп-салдары қазір барынша жан-жақтан талқыланып, сарапталып жатыр. «Актобеньюс» сайтының тілшісі де осы мәселе бойынша белгілі теолог-ғалым Досай Кенжетаймен сұхбаттасқан болатын. Мархабат…

— Ақтөбедегі лаңкестік оқиғасы мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Рамазан айында болды. Лаңкестердің әскери бөлімге басып кірерде «Аллаһу акбар» деп айғайлағаны айтылады. Ислам мен терроризм. Бұлар бір-бірімен еш үйлеспейтін ұғымдар емес пе?
— Рас, исламның мәні мен терроризм арасында ешқандай байланыс жоқ. Ислам терроризмге қарсы дін. Исламның негізі — адамшылық, ар мен ұят. Ал терроризмде надандық пен адамға деген дұшпандық, зұлымдық бар. Бұл жерде адасқандар дінді өздерінің пасық мақсаттарына қолданып, оған күйе жаға отырып, үреймен адам санасына соғыс ашуды мақсат тұтады. «Алла деген сөз жеңіл» болып тұрған уақыт. «Аллаһу акбар» деп ұрандатумен Алланың ұлықтығын дәріптедім деп ойлайды, ал өз бауырына оқ атудың Исламға жат екенін білмейді. Адасқандар ең басты ислам құндылықтарынан адамдарды ажыратқысы келеді. Олар оразаның қуанышын аза тұтуға ауыстырып, елді исламнан бездіруге бағыттап отыр. Бұл исламға қызмет емес, керісінше жахандық «исламофобияға» құрал болу ғана.
Діни фанатизм мен діни фундаментализм деген тіркестер өзара жақын. Бұлар ақиқат өлшемі ретінде алғашқы ислам дәуірін дәріптеген болып, бүгінгі мұсылмандарды өткен ғасырлардағы арман болған «тазалыққа» шақырғысы келеді. Өздерінің жолын «ақиқат» деп танытады. Бірақ өздері оны танымайды, білмейді, сезінбейді де. Мұндай мұсылманшылықтың исламға үш қайнаса да сорпасы қосылмақ емес. Бір адамның өмірін сақтап қалуды бүкіл адамзатты құтқарумен тең балаған ислам ұстанымы қайда, бұлардың әрекеті қайда жатыр? Жер мен көктей. Сондықтан мұның исламмен қатысы жоқ. Ислам біздің қазақ болмысының мәні.
— Қару-жарақ дүкенін тонап, қарулы қақтығыс ұйымдастырғандардың ақпарат құралдарында жарияланған суреттеріне қарап отырсақ, ел арасында уахабистер деп аталатын «сақалдыларға» келіңкірейді. Ресми түрде олардың дәстүрлі емес діни ағымның өкілдері екені де айтылды. Бұл қандай ағым сонда?

Қазіргі күні Қазақ мемлекетінің мемлекеттік тұтастығына басты қауіп осы ағымдар әрекетінен туындап отыр…

— Мүмкін бәрі…Уахабистер ме…олар, өзіңіз айтқандай, сақал қойып, шолақ балақты шалбар киіп, қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан мұсылмандық шарттарына шекесінен қарап, менсінбей, өздерін «таза ислам» өкілдері ретінде көрсетіп, ішкі агрессиясы мен наразылығын сыртқы формалары арқылы жариялап жүргендер. Бұларды мен «неосалафилер» деймін. Бұлар қазақ санасындағы мұсылмандық туралы түсінікті ревизиялау арқылы жік тудыруды мақсат етеді. Қазақтың әдет-ғұрпы, салт-санасына, уахабилік шаблонмен қарайды да, оларды бидғат, ширк, куфр деген қалыптар арқылы қайта трансформациялағысы келеді. Мазар, зиярат, өлілерге құрмет, рух ақиқаты, ас беру, сопылық таным, әулилерге құрмет деген сияқты бүгінге дейін құндылық болып келген діни танымдарымызды құнсыздандырғысы келеді. Бұл — зардабы кешегі коммунистік идеология жүргізген ұлтсыздандыру саясатынан да асып түсетін қасірет. Бұл зайырлылық ұстанымына қайшы әрекет. Олар қазақ мұсылмандық түсінігіндегі әулиелерге құрмет, молаларды қастерлеуі, қайтыс болған адамға ескерткіш орнатуы, зікір жасауы, тұмар тағу – олардың исламға әкелген бидғаттары деп қарайды. Бұл қоғамды қайшылықтар мен келеңсіз жайларға акеліп соғып отыр. Музыка, театр, өнер, туған күн тойлауды харам, күнә деп есептейді. Бұлар уахаби ағымындағылар үшін Аллаға серік қосу (ширк) және дінге жаңалық қосу (бидғат). Уахабилердің түсінігіндегі «кәпір» ұғымына қазіргі Қазақстан халқының 100 пайызы кіреді. Уаххабилік ағымның ерекшелігі – сенім мәселесінде фанатизмге бой алдырса, өзінен басқа түсініктегі мұсылмандарға экстремистік өшпенділікпен жауап береді. Мысалы, егер бір адам Құдайдың құлы ретінде Алла заңына (шариғатқа) емес, Конституцияға бағынса, ол адам Бір Құдайға сену формуласын бұзғаны үшін «көп Құдайға табынушы» (арабша – мүшрік, кәпірдің бір түрі) атанады. Уахабилік «ілімді» ұстанушылардың пікірінше, ажалды пенделер ойлап тапқан Конституцияға бағынған адам Конституцияны Құдай заңына теңгеріп, оны жазған адамдарды Құдайға санағанмен бірдей күнә жасайды. Бұл ел ішінде бүлік шығаруға әкелік соқтыратын идеологиялық кеңістік қалыптастырып жатыр.
Қазіргі күні Қазақ мемлекетінің мемлекеттік тұтастығына басты қауіп осы ағымдар әрекетінен туындап отыр. Қазақ халқының ғасырлар бойына қалыптасқан діни-рухани көзқарасы мен мәдени мұралары осы ағымдар тарапынан аяусыз соққы көріп келеді. Қазіргі күні қазақ халқы өздерінің діни көзқарастарына қарай әртүрлі топқа жіктеле бастады. Уахаби неосалафи идеологияның елімізде көрінісі табуы, қазақ мұсылмандығының бұрынғы діни танымы мен тәжірибесінен, мәдениетінен жеріндірудің құралы ретінде пайдаланбақшы болған сырттан енгізілген күштердің саясаты екендігін ашып көрсету қажет. Уахабилік әлем мұсылмандарына қауіп төндіріп отырған басты діни, саяси, идеологиялық бағыт болып отырғанын, уахабилікті қабылдау кез-келген халықтың дәстүрлі мәдениетінен ажырата алатын қуаты бар бүлдіргіш екенін түсіндіру және ол ағымның жаһандану үдерісінде трансұлттық корпорациялардың қолындағы діни-идеологияға айналып отырғанын жастар санасына жеткізілуі тиіс.
Жалпы, сәләфилік немен ерекшеленеді дегенге келетін болсақ, бұл ағым буквалистік тенденциясымен ерекшеленеді. Яғни аят-хадистердің астарына, мән мақсатына, себеп мұратына үңілмей, сол қалпы сөздік мағынасындағы түсініктен барып осындай ағым пайда болады. Себебі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисіне, оны қандай заманда, қалай, кімге арнап айтты, қандай жағдайда, қандай мақсатта айтты, осының бәрі әбден зерттеліп барып қана амал етілетін діни норма, яғни үкім шығарылады.
Сонымен қатар уахабилер қазіргі таңда «мадхали, сурури, тәкфиршілер, жихадшылар» деген секілді арнайы бөлшектеулерге бағытталған саясаттың да артында сыртқы күштердің ізі жатыр. Өкінішке орай, сәләфилерді «радикал» немесе «қалыпты», «байсалды» деп бөліп, қалыптыларын қолдау қажет деген пікір айтылып жатыр, бұл қате әрі қауіпті. Неге десеңіз, олардың ақидалық, сенімдік, идеологиялық, методологиялық, танымдық базалары ортақ. Ал бұл өз кезегінде біздің ұлттығымызға, мемлекеттілігімізге қауіпті.
— Жастарымыздың дені осы ағымдарға көп бет бұруының басты себептерін атап өтсеңіз?
— Тәуелсіздік алған тұста дін құбылысына баса назар аудармадық. Кеңестік режимнен шыққан кезде дінге тек «гүл» деп қарадық. Гүлдің тікені де болатындығына көңіл бөлмедік. Сол кезде арабша жазылған мәтіннің бәрін киелі, қасиетті деп бағаладық. Әйтеуір дінін білсін деген ниетпен жастарымызды Арабстанға тоғыттық, оқыттық.
Екіншіден, осы жоғарыдағы себепке байланысты, саяси ислам оңай дендеп алды. Артында үлкен қаржы топтары мен ұйымдар атой салды. Мемлекет бұған көз жұмды. Базарларымыздың барлығы «салафизм базарына» айналды. Билік оған да көз жұмды. Ақыры олар мемлекеттік институттардан орын алды. Мықтап күшейді. Мектеп ашты, университет ашты, бизнес, саясат, биліктен бір-ақ шықты. Ақыры Ақтөбеден «сынақ алаңы» жасады. Бәрін кеш біліп, кеш ұғындық. Саясиланған ислам құбылысын тазарту билікте әлі талай дүрбелең мен дүмпулерді алып келеді.
Жаһандық саясатқа да мемлекет құрал болды. Сирияға баратын коридорды да сыртқы күштер жасады, билік көз жұмды. Терроризмге қарсы күресеміз деп жасалған қадамдармен қоса оның тіршілігін қорғау деген астыртын тапсырмалар да ашылып жатыр. Бұл бір құбылысқа қатысты екітүрлі стандарт ақиқатын көрсетті. Жастар тек құрал ғана, олар роботқа, тек тапсырма орындаушыға айналды. Мұны басында қадағалап, бақылап тұрамыз деп ойлады. Бірақ енді ол ойлары далаға кеткенде барып айқай-шуға басып отыр.

Соңғы ширек ғасырда орыс тілді қазақ пен қазақ тілді қазақтың жеке діни танымы қалыптасып үлгерді

— Өткенді қайта әкеле алмаймыз. Енді қайтпек керек?
— Бар мәселе жат ағымның діни танымында болып отыр. Діни таным бұл адамның Алла мен арасындағы байланысының орталық платформасы. Ол сол адамды адам қылған тұтас болмыстың мәні. Адам іштей Алламен жеке байланыс құрғанымен, сырттай осы болмыстан әсте бөлек бола алмайды. Себебі дін құбылысы тек қана адамның ішкі сенімі, санасы, ішкі тәжірибесінен ғана тұрмайды. Ол алдымен сол адамның тіршілік кеңістігі мен уақытындағы әлеуметтік шарттармен рухани ортақ сезіну психологиясын қамтамасыз етіп барып, жеке құлшылығын жүзеге асырады. Яғни оның діндестерімен ортақ туыстық сезімі мен бақыт, ақиқат, сенім мен мақсат бірлігін сезінуі шарт. Осы сезім таным, сенім мен ортақ сана арқылы олардың ортақ мәдениеті, яғни болмысы олар үшін ең басты қорғанға айналады. Сондықтан біз кез-келген мәдениеттің мазмұнында дін құбылысы бар деп айтамыз.
Енді осы болмыс салафилік діни таныммен қазақты жікке бөлді. Бір қазақ екінші бір қазаққа дос, туыс, діндес бауыр емес, керісінше өзара қарсы жақтағы бөтен тарапқа ажыратып жіберді. Екеуі де бір-бірін құтқару немесе ақиқатты өздерінің жағында деп есептеді, солай танып, білді. Бұл құбылыс ғасырлар бойы ортақ туыстық сезіммен қалыптасқан қазақ болмысын бөлшектеудің басты себебі деген сөз. Екі таным, екі ұлттық бастауға айналары хақ. Оған негіз де жоқ емес. Кешегі кеңестік режимнің ұлтсыздандыру үдерісінен кейін қазақ орыс тілді және қазақ тілді болып жіктеле бастады. Соңғы ширек ғасырда орыс тілді қазақ пен қазақ тілді қазақтың жеке діни танымы қалыптасып үлгерді. Сонда қазақ діни танымы мен тілі жағынан да қайшылыққа түсіп отыр. Бара-бара екі жақ агрессиялық, танымдық платформасы бар мінездегі, болмыстағы екі ұлтқа ажырайды. Бұл Қазақстан деген мемлекетті құрушы қазақ деген ұлттың болмыстық тұрғыдан екіге бөлінуіне апарып соғады да, мемлекеттіліктің баяндылығына ең басты қауіпті туғызады. Енді қазақ бүгін өз ішінен шыққан «неосалафтардың нормаларын» тоқтатуды талап етсе, онда, қазақ өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан болмыстық ерекшелігін сақтауды дерт етіп отыр деген сөз. Қазақтың дерті — болмыстық дерт. Оны мемлекеттік институттан, үкіметтен талап етуге құқылы. Себебі қазақтар бұл мемлекетті өз болмыстық мәні мен ақиқатын сақтау, дамыту, қорғау үшін құрған. Бұл жағынан келгенде «неосалафилерге тыйым салу» шарт.
Сондықтан кеш те болса мемлекеттің тұрақтылығы мен баяндылығы үшін, екінші жат діни танымның, яғни салафизмнің тіршілігіне тосқауыл қою шарт. Бұл шешім бүгін елдің тыныштығына да, өзара қырғи-қабақтық, жаттану, мүмкін жауласу психологиясына дейін барып, соны салдарынан тағы агрессиялық қылмыс топтары шығуы ықтимал. Бірақ бұдан қазақ болмысы аман қалады. Тұтастығы мен тарихи тәжірибесіне қайта оралып, ұлттық бірлігіне қауышады. Ол дегенің елдің болашағы үшін де қазақ болмысы үшін де ең қажетті шарт.
Мемлекеттің ұлттық қауіпсіздік құрылымдары, үкімет пен билік, парламенттегілер мен құқық қорғаушылары бәрі бір ауыздан осы болмыстық ақиқатты негізге алғанда ғана қазақтың болашағына жарқын қадам ашылатын болады.
— Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *