жұма , 23 маусым 2017
Бастапқы бет / Сұхбат / Ақтөбе облысының «Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасына» 55 жоба енгізілген

Ақтөбе облысының «Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасына» 55 жоба енгізілген

Өңірімізде шағын және орта бизнесті дамытудың оңтайлы тетіктерінің бірі — Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы. Aktobenews.kz тілшісі Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы жобаларды қолдау бөлімінің бастығы Дидар Боранқұловтан аталған өңірлік бизнес картасы туралы сұрап, білген еді.
— Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасының бизнес үшін не береді?
— Ең алдымен, аталмыш өнім немесе интерактивті карта, отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар үшін қолайлы және қолжетімді құрал. Ол әрбір кәсіпкерлік субъектісі үшін алдағы қысқа және ұзақ мерзімді перспективада өз қаражатын экономиканың қай саласына салып, оны молайтуға болатыны туралы нақты бағыт-бағдар береді. Яғни кәсіпкер салған қаражатын қай саладан қандай мерзімде қайтаратындығын алдын ала жоспарлап, одан әрі өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алады.
— Бизнес өкілдері мен жергілікті атқарушы орындардан бөлек, бұл картаның қарапайым халыққа қандай көмегі бар?
— Қазір нарықтық экономика, оған қоса елімізде әрбір экономикалық белсенді тұрғынның өзінің кәсіпкерлік бастамасын жүзеге асыруына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалады. Тиісті мемлекеттік және салалық бағдарламалар дайындалып, қазір олар жүзеге асырылуда. Осы орайда, өз кәсібін ашуды жоспарлап отырған қарапайым тұрғын үшін Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасының пайдасы көп деп есептеймін. Өйткені, бұл картада әрбір өңірдің немесе облыстың экономикалық мамандануы, экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштері, сол өңірдегі бизнес-климаттың деңгейі, кадрлық әлеуеті, сонымен қатар шикізат қорлары мен жүзеге асырылып жатырған инвестициялық жобалары және іске қосылған өндірістері туралы ақпараттар бар. Мұның барлығы Картаны қолданушыға немесе ісін жаңадан бастаған кәсіпкерге жол-бағыт көрсетеді.
— Облысымыздың картасына қанша жоба енгізілмекші және ол жобалар қалай таңдалады?
— Картаға әзірге 55 инвестицияны қажет ететін жоба енгізілді, бұған қоса Кәсіпкерлер палатасы инвестициялық жобаларды іріктеу жұмыстарын белсенді түрде жалғастыруда.
Жобаны іріктеу барысында жобаға қажетті инвестиция көлеміне, болашақ өндірісте қолданылатын заманауи және инновациялық құрал-жабдықтар мен технологиялардың болуына, сонымен қатар өндірістің экспорттык әлеуетіне аса мән беріледі.
— Кәсіпкерлікті дамыту картасының көмегімен кәсіпкерліктің дамуын шектейтін кедергілерді анықтап отыруға бола ма?
— Карта бірнеше құрылымдық бөлімдерден тұрады. Соның бірі, Палатаның сарапшылары, кәсіпкерлер, бизнес-құрылымдары және мемлекеттік органдардың қатысуымен жүргізілетін сауалнамалардың, талдаулардың нәтижесінде облысымыздың бизнес ахуалына (шарттар, бизнес-климат) баға беріліп, қорытындысы шығарылады.
— Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасының облыс экономикасына инвестиция тарту әлеуетіне тоқталсаңыз?
— Қазіргі таңда еліміздің атқарушы органдары мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алдыңдағы ең негізгі мақсат — экономиканың шикізаттық емес секторына инвестиция тарту, соның нәтижесінде қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуын қамтамасыз етіп, ұлттық экономикамыздың экспорттық әлеуетін арттыру.
Осы орайда, Картадағы мәліметтер, яғни облысымыздың индустриялық дамуы, мамандануы, шикізат қоры, логистикасы, кәсіпкерлік субъектілерінің белсенділігі, инвестицияны қажет ететін жобалар саны және басқа да экономикалық әлеуеті туралы ақпараттар инвесторлар дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді есепмейміз.
— Әңгімеңізге рахмет!

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *