жұма , 23 маусым 2017
Бастапқы бет / Сұхбат / Алмаз Аманбайұлы: Мүмкіндігінше өкінбей өмір сүру керек

Алмаз Аманбайұлы: Мүмкіндігінше өкінбей өмір сүру керек

Ақтөбе қаласындағы ең жас әкімдердің бірі Алмаз Аманбайұлы Aktobenwes.kz тілшісіне сұхбат берді.

Қызметін Қандыағаш қаласында мұғалім болып бастаған Алмаз Әлімбаев бүгінде бір ауылды басқарып отырған әкім. Ақтөбе қаласына қарасты Қарғалы ауылдық округының 37 жастағы басшысы биік белестерді бағындыру жөніндегі өзі ұстанатын қағидаларымен бөлісті.

— Сіз басқарып отырған ауылдық округтың негізгі мәселелері қандай? Тұрғындар қандай мәселелермен жиі келеді?

— Қай елді мекенді алсаң да, бірінші жол мен су және жарықтандыру проблемалары тұрады. Биыл ауылда 15 көшені жарықтандырамыз деп жоспарлап отырмыз. Жол мәселесі қиындау болып тұр. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбегенімен, ойықтарды бітейміз. Су мәселесі үлкен қаржыны талап етеді, қажетті қаражаттың бөлінгенін күтіп отырмыз.
Елді мекен бойынша 21 мың тұрғын бар. Аз қамтылған отбасылар жеке проблемаларымен келеді. Үйі өртеніп кеткендер, қаржы мәселесі күнкөрісіне қолбайлау болған адамдар бар. Ауылдағы азаматтарды осындай көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын беруге шақырамыз. Жақында баласы мүгедек болып қалған тұрғын келді. Баласын Ресейге барып емдету керек екен. Оған жол қаражатын тауып бердік. Екі жылда үш үй өртенген жағдай болды. Оларға құрылыс материалдарын жинап беріп, үйлерін қайта көтеруге көмектестік. Ақжар елді мекенінің үйі өртенген тұрғынына да осындай көмек көрсеттік.
— Сіз қолға алған қандай нақты жұмысты айтар едіңіз?
— Қазір өзім басқарып отырған ауылға 2000 түп гүл отырғызғым келеді. Он жерге, әр мекемелердің алдына отырғызамыз. Осыны қолға алғалы отырмын. Оны суару, гүлдерге қарау жұмыстарын сол мекемелер міндеттеріне алуға келісіп отыр. Көшеде гүл көп болса, әдемі емес пе?
— Қайырымдылық шараларына қаншалықты қатысасыз?
— Мен мүмкіндік болса жұма сайын мешітке барып, садақа беріп тұрауға тырысамын. Аруақтарға құран бағыштаймын.
— Арманыңыз, алға қойған мақсаттарыңызбен бөліссеңіз?
— Алға қойған мақсаттар бар, соған жету үшін жұмыс жасаймыз. Әуелі әке-шешемді бақытты еткім келеді. Одан кейін жан-жағым, достарым аман болса деймін. Кәсіби деңгейде өсу, қызметке қатысты да армандарым бар. Бір бөлмелі үйімді үлкендеуіне ауыстырғым келеді. Бұл, дұрысы, менің мақсаттарым шығар. Ал арман деген, аты айтып тұрғандай, орындалмайтын шығар…
— Бос уақытыңыз қалай өтеді?
— Жұмыстан кейін кешкі уақытта спортзалға барамын. Волейбол, футбол, теннис ойнаймын. Қазір мемлекеттік қызметкерлер арасында ұйымдастырылатын жарыстарға қатысып жүрмін. Сөзжұмбақ шешемін. Интеллектуалдық ойындарды жақсы көремін. Жұлдызнама бойынша Сарышаянмын. Жұлдызнамадағы Сарышаяндар туралы оқысам, менің мінез-құлқыма дәл келеді екен. Достықты жоғары бағалаймын. Сатқындықты ұнатпаймын. Көңілімді қалдырған адаммен қайтадан дос болу кете алмаймын…
— Өкінетін жайттар бар ма?
— Өткенге өкінбеуге тырысамын. Мүмкіндік болса ұмытуға, тезірек естен шығаруға тырысамын. Бірақ, қатты өкінетін нәрсе жасап қойдым немесе соншалықты өкінішті жағдай болды деп айта алмаймын. Адам мүмкіндігінше өкінбей өмір сүру керек.

Лауазымды қызметте жүрген бойдақ жігіт дүркіретіп той жасайтын бақытты күнінің болатынына сенеді. Ол қыздардың тәрбиелі, өз ортасы, мамандығы болғанын жоғары бағалайды.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *