сенбі , 24 маусым 2017
Бастапқы бет / Денсаулық / Ақтөбеде ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар арасында әйелдердің саны басым

Ақтөбеде ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар арасында әйелдердің саны басым

Биыл 4 айда Ақтөбеде ВИЧ инфекциясын жұқтырған 10 адам анықталды. Оның ішінде, жыныстық жолмен ауру жұқтырған 7 адам бақуатты отбасылардың мүшелері десек, олардың арасында 4 адамның тұрақты жұмысы бар. 5 — жұмыссыз және біреуі — зейнеткер.

Бұл мәліметті таратып отырған СПИД дертінің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталық жыл сайын ауруды жыныстық қатынас арқылы жұқтыратындардың саны көбейіп бара жатқанына алаңдаулы. Биыл да анықталған дерек осыны растап отыр. 70 пайызы — бей-берекет жыныстық қатынас арқылы және 30 пайызы есірткі егу кезінде немесе анадан іштегі балаға берілу жолымен жұққан. Әрі әлем халқы ғасыр қасіретіне балаған бұл дерт әлеуметтік статусы жоғары, көзі ашық, қызметте белгілі бір деңгейге жеткен, табысты адамдардың арасында жиі кездесіп отырғаны қоғамды дабыл қақтыратын жағдай деп түсіну ләзім.

 

Ақтөбеде ВИЧ инфекциясын жұқтырған 348 адам тіркеуде тұр

 

Көп жылдардан бері кеселдің алдын алумен тұрақты айналысып жүрген орталық бас дәрігерінің орынбасары Айбарша Төребаеваның пікірінше СПИД-ті жыныстық жолмен жұқтыру тек ерік-жігері әлсіз, мінез-құлқында ауытқушылық байқалған адамдарға тән.

Бүгінгі күні әлемде шамамен 42-45 млн. адам ауырады деген деректі келтіріп отырғанымызбен, мамандардың айтуынша, әлемдік медицина ұйымдары үрей туғызбас үшін бұл аурудың соңғы сатысына өткен, яғни ВИЧ-тен СПИД жағдайына жеткен адамдардың санын ғана жариялап отырады. ВИЧ вирусының  адам ағзасында 4 сатыда дамитынын ескерсек, аурудың бастапқы сатысында зардап шегіп жүрген адамдар саны туралы нақты деректі жариялау Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы үшін адамзатқа қауіпті ақпарат таратқанмен бірдей дегенді білдіреді.

СПИД-ке қарсы күрес орталығы осы уақытқа дейін Ақтөбе облысында ВИЧ инфекциясын жұқтырған 348 адамды тіркеп қойды. Дегенмен, ауру жұқтырғанын білмей жүргендердің саны және осындай болуы мүмкін. Орталықта 72 адам облыстық бюджеттен бөлінетін қаражатқа ем-дом қабылдайды. Ал мұндай емдік шараларға жылына шамамен 400 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейін жұмсалады.  Аурудың соңғы сатысын бастан өткеріп жатқан ауыр халдегі пациенттер саны — 10. Олардың ішінде Қазақстанға табыс табуды көздеп  келген Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан азаматтары да болған. Жалпы, Ақтөбе республикада СПИД жұқтырғандар саны бойынша 13-ші орында және есепке алынған науқастардың басым көпшілігі 18 бен 49 жас аралығындағы тұрғындар болып отыр.

 

Жезөкшені райынан қайтару мүмкін емес

 

Бұл туралы орталық бас дәрігерінің орынбасары Айбарша Төребаеваның айтары бар:

— Мен ұзақ жылдардан бері осы кеселдің алдын алумен айналысып жүрген мамандардың бірімін. Түнгі көшелерде, қонақүйлер мен сауналарда жезөкше қыздармен жиі сөйлесіп, СПИД туралы деректі фильмдерді көрсетемін. Бұрын біз СПИД көбіне нашақорлар арасында кездеседі деген байлам бойынша ерінбей-жалықпай жұмыс жүргізіп, қоғамның қарсы пікіріне қарамастан, оларға шприц, т.б. үлестіріп жүрдік. Қазір бұл ауруды жыныстық қатынас арқылы жұқтырғанына шағым айтқан пациенттер көбейіп кетті. Соңғы уақытта біздің тіркеуімізге іліккендердің бәрі дерлік кездейсоқ жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандарын айтады. Осы ұзақ жылдарғы тәжірибемнен ұққаным, көп нәрсе адамның мінез-құлқына тікелей байланысты. Мәселен, туберкулезді әлеуметтік аурулардың қатарына жатқызатын болсақ, СПИД-ті мен «мінез-құлықтың ауруы» деп атар едім. Нәпсіні тыя алмау, кез келген ортада көрінген біреумен жыныстық қатынасқа түсу сияқты соңы өкінішке соқтыратын әрекеттерге баратындар, өз өміріне жеңіл-желпі қарайтындар өзгенің тағдырына тұсау салады. Жазғы демалысқа шығып, ауылдан алысқа ұзағанда, теңіз жағалағанда көңіл көтеремін деп жүріп ауру жұқтырып алған жақсы қызметтегі, көзі ашық адамдарды да көзім көрді.

СПИД адамға жас ерекшелігіне, әлеуметтік жағдайына, ұлтына емес, тек мінез-құлқына, ұстамдылығына, алған тәрбиесіне байланысты «жолығатынына» көзім жетті. Оның ішінде, жезөкшені райынан қайтару мүмкін емес, бар проблема олардың «қызметін» пайдаланатын еркектерде деп түсіну керек. Тұтынушы табылса, «тауарға» сұраныс әрқашан болады, — дейді Айбарша Махмұдқызы.

 

Бұрын еркектердің саны басым еді…

 

ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың арасында биылға дейін саны жағынан еркектердің басым екені анық дерек болды. Мәселен, әлемде жыл сайын 2,5 миллион еркек осы инфекцияны жұқтырады екен. Егер, интернет мәліметтеріне сенсек, эпидемиялық тажал тамырын жайғалы бері жер бетінде 24,8 миллион адам құрбан болыпты немесе оның жартысынан көбі ер адамдар көрінеді. Бұл «еркек үйден 40 қадам алыс шықса — бойдақ» дегеннің санамызға сіңіп алғанын білдіретін болу керек. Әлде, «анау бір жылдары» жұмақтан қуыларда Хауа Анаға алданып алма жеген Адам Атаның ұрпақтары нәпсінің арбауына қарсы тұруға келгенде әлсіз бе? СПИД сияқты қасірет «серілік құрарда» сақтық шараларын ойлаған дұрыс екенін ескертеді.

… Енді әйелдер жағы «алға шықты». «Бұрын негізі ВИЧ жұқтырғандар тіркеуінде ер адамдар саны басым болды. Соңғы уақытта әйелдердің үлесі артып отыр. Биыл, мәселен, қатерлі вирусты жұқтырғаны анықталғандардың көпшілігі — әйелдер. Бұл — қоғамды қатты алаңдататын жағдай. Біз қоғамның, ұлттың деңгейлік сапасын әйелдердің денсаулығына, тәртібіне қарап бағалайтын халықпыз», — дейді СПИД-пен күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары Айбарша Төребаева.

…Дәрігердің сөзі ойландырып тастады. «Қызды тәрбиелегенің — ұлтты тәрбиелегенің», «Қызға қырық үйден тыйым»… Осы ұғым қазіргі буын үшін маңызын жойып алған жоқ па?

Орталық мәліметіне сүйенсек, Ақтөбе облысында 45 әйелден ВИЧ жүкті кездерінде анықталған. Олардың кейбіреуі ауру екенін біле тұра жүкті болғандарын жасырмаған. Жалпы саны 70 жүктіліктің 35-інде әйелдер өмірге бала әкелген. Ал 31 жағдай медициналық түсік жасатумен аяқталған. ВИЧ статусы анықталған үш әйел биыл босануы тиіс. Дәрігерлер ауру анадан сау бала туғызу үшін жанталасып жүр. Бұл да мүмкін екенін бүгінгінің медицинасы әлдеқашан дәлелдеді.

— Бірден есепке тұрған әйелге ем жасалады. Жатырдағы баланы бір Аллаға тапсырып, жүктіліктің 14 аптасына дейін ешқандай дәрі-дәрмек бермейміз. Себебі, 14 аптаға дейін ұрық әбден қалыптасып үлгеруі керек. Осы кезеңде берілген дәрі-дәрмек әйелдің мүгедек бала тууына әкеліп соғады. Одан кейін бірден арнайы емдік шаралар тағайындалады. Бала сап-сау болып туған жағдайда да сақтық үшін 28 күн бойы оған СПИД-ке қарсы сұйық препараттар береміз, — дейді А.Төребаева.

Жыныстық жолмен вирус жұқтырғандардың тағдырына үңілсеңіз, осындай бірінен-бірі айнымайтын оқиғалар желісіне тап боласыз. Бұл — санасы ояу, оңы мен солын танитын қоғамның  бүгіні десек, әлемді билеген аштық, үрей, нәпсі — үш сезімнің үшіншісінің екіншісіне үстемдік құрғанының белгісі шығар, сірә

 Р.S. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп мақалдап отырып, бейімделгіштік «қасиетіміз» СПИД, гомосексуализм, есірткі сияқты әлемнің кеселін жұқтыруға да «бейімдеді». Осы күні емі жоқ аурудың атауын да қазақшалап алдық. ВИЧ — адам иммун тапшылығының вирусы. СПИД — жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы. Бірақ одан тапқан пайда кәні?  Бай-бағланға да, кедей-кепшікке де ортақ кесел ағзада сыр берместен 10-15 жыл бойы жасырын дамитынын ескерсек, бір жезөкше ауруы анықталғанша «тауарын» қанша клиентке «сататынын» пайымдай беріңіз… 

 Айгүл БАЙМЕНОВА.

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *