сенбі , 24 маусым 2017
Бастапқы бет / Сараптама / Жер мәселесі — ел мәселесі

Жер мәселесі — ел мәселесі

Елімізде Жер реформасы бойынша құрылған комиссияның 14 мамыр күні Астанада алғашқы отырысы өтті. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық еткен жиын 7 сағатқа созылды. Үзіліссіз! Комиссияға мүше 75 адамның 70-і қатысты, 5-уі белгілі бір себептерге байланысты келе алмады. 63 адам жерге қатысты өз ой-пікірін ашық, бүкпесіз білдірді. Комиссияның отырысына 150-ге жуық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты. Жиын енді әр сенбі сайын өтеді.

Жер заңнамасын жетілдіру жөніндегі комиссия деп ресми ат қойылған кеңестің басты міндеті жер кодексінің күнгейі мен көлеңкелі тұстарының басын ашу. Президент Нұрсұлтан Назарбаев жұртты дүрліктірген Жер кодексіндегі 4 бапқа мораторий жариялады. Сол жиында Мемлекет басшысы нақ осы мәселені ашық, әрі жариялы түрде қоғамға түсіндіретін комиссия құруды тапсырған. Бақытжан Сағынтаев бастаған кеңеске — 75 адам мүше. Осы 75 адам 17 млн халықтың атынан сөз алды.
— Дауласу үшін емес, ақылдасу үшін жиналып отырмыз. Ақыл-парасат, сабырмен шешуіміз керек. Осы арқылы жас буынға мәселені шешудің жарқын үлгісін көрсетеміз. Ашық, жария жиналыс. Барлық өңірлерде облыстық комиссиялар құрылды, — деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев.

Алдымен регламент бекіді. Әр спикер 5 минутта ұсыныс тілектерін айтуы шарт. Көпшіліктің көңіліне күдік ұялатқан регламенттің 9-бабы алынып тасталды. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, ақын Мұхтар Шаханов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан, академик Оразалы Сәбден, саясаттанушы Дос Көшім, Қазақстаның агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев, тағы басқа да көп адам сөз алды.
Бұл жиын халықпен биліктің арасындағы байланыстың жарқын мысалы болды. Десе де, комиссия мүшелерінің ішінен жиынның жариялылығына күмән келтіргендерде болды. Жер сатылады екен деген қауесет қоғамда қызу талқыланды. Түрлі пікір туғызды. Кеңесте Мырзатай Жолдасбеков «халықты ашындырған жер мәселесі ғана емес, басқа да себептерде бар», — деп ой өрбітті.

— Біз Тәуелсіздіктің туын тіккен адамдармыз. Жер сылтау ғана. Әділетсіздік бар. Билік басындағы отырған адамдар халық білмейді деп отыр. Тіл мәселесі бар. Осындай мәселелер халықты ашындырады. Ашу алысқа апармайды. Украина, Араб не болды? Ынтымақ, бірлік болмаса бәрі бекер, — деді Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Қазаққа қанмен қалған жерді өзгенің қанжығасына байлап беру мақсат емес. Бұл — ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің сөзі. Ал, бос жатқан жерді кәдеге жарату кәдуілігі нарықтың талабы.

— Жайылым, егіндік, тыңайған жерлер. 243 егістікке жарамды жер. Әлі күнге дейін айналымға қосылмаған. Қарап жатыр. Жер шетелдікке сатылмайды. Тек жалға ала алады. Елімізде жекенің еншісіндегі ауыл шаруашылығы алқаптары дұрыс игерілмей, қараусыз қаңырап жатыр, — деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.

Ауыл шаруашылығы жыл сайын миллиардтаған субсидия алады. Бірақ одан қайыр жоқ. Қазақстан агро индустриалды мемлекет болам десе жер жаппай игерілуі керек. Иесі, бабы бар жер ғана сапалы өнім бермек. Бұл да осы кеңесте айтылған пікірлердің бірі.
— 99 жылға шетелдіктерге жалға беру. Бұл — 1999-жылғы жер кодексіндегі бап. Осы заң 2005-ші жылға дейін кез-келген өзге мемлекеттің азаматына жерді жалға алуына құқық берген. Алайда, сол кезде ешкім Қазақтың жерін қан талапайға салған жоқ. Жердің иесі — халық. Осы халықты алаңдатпайтын шешім ұсын деп отыр Елбасы. 15-20 жылда ауыл шаруашылығы жерлері азайып бара жатыр. Біздегі өнімнің бәрі қымбат. Бәсекеге тұра алмайды, —  деді академик К.Сағадиев.

Сағатты күткенмен, сәт күттірмейтін кезең болады. Қысыл-таяң тұста жиналғандар жерді сатуға үзілді-кесілді қарсы екенін айтты. Ал оны жалға беруге қарсы шығу бұл түсінуге қиын қарсылық. Бұл — нәпақасын жерден жеп отырған шаруалардың пікірі.
Жерді өзімдікі деп қарап, қадіріне жетіп, баласындай баптайын ие табу керек. Кеңесте көптің көкейін тескен мәселе — осы. Шетелдіктер агро салаға келсе, тек инвестициясымен ғана келеді. Ал жұмыс күші жергілікті жерден болуы тиіс. «Жерді жалға беру бұл біздің ноу-хау емес. Бұл әлемде тәжірибеден бар жүйе» — десті ғалымдар.

75 адам ғана жер мәселесін отырып шеше салмайды. Әр облыста әкімдік жанынан қоғамдық кеңес құрылды. Ондай кеңес Ақтөбе облысында да бар. Өңірде өз пікірімді білдірсем деген адамдардың ойы ескеріледі. Қазірдің өзінде жер туралы сайт іске қосылды. Ол жерде кез-келген қазақстандық ұсыныс білдіруіне болады. Ал қорытынды құжатты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халық сүзгісінен өткеннен кейін өзі мақұлдамақ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *