Елжан Біртанов: Жалған есептері үшін емдеу мекемелеріне ірі көлемде айыппұлдар салынады

Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Медициналық сақтандыру қорына жалған есеп беретін емдеу мекемелерін қатаң жазалауға тапсырма берді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, осы жылы барлық медициналық ұйымдар цифрлық құжаттамаға көшіп болады. Соның арқасында бүкіл мәлімет ашық әрі шынайы болмақ.

«Мәселен, диспансерлік есепте тұрған науқастардың кейбіреуі әлдеқашан өліп қалған. Басым бөлігі есепте тұрғандарын және тиісті дәрі-дәрмек ала алатындығын білмеген. Енді барлығын цифрлық құжаттамаға көшірдік. Диспансерлік есепте тұрған науқастар туралы ақпарат арнайы регистрде шығып тұрады. Егер науқасқа дәрі берілсе, оған бірден СМС барады. Дәрі-дәрмегін алмаған науқас «алмадым» деп хабарлай алады. Болашақта барлық медициналық қызметтер осылай көрсетілетін болады», — деді министр Елжан Біртанов.

Сондай-ақ, министр қай дәрігердің қанша көлемде жалақы алып отырғанынан хабардар екен. Себебі, министрліктің электрондық базасы «Азаматтарға арналған үкімет» және «1С» бағдарламасымен байланысқан.

«Өкінішке қарай, бізде артық ақша қосылып, жалған есеп тапсыру деген әлі бар. Мәселен, былтыр қараша, желтоқсан айларында скринингтен өткен науқастардың 40 пайызы – бұл ауруханалардың қызметкерлері. Мұны оңай тексеруге болады. Арнайы базаға науқастардың ЖСН-ін енгізіп, қайдан, қанша жалақы алып отырғанын біле аламыз. Осындай жалған есептермен күресетін боламыз. Егер дәрігер артық науқастарды есепке кіргізсе, онда берілген қаржы кері қайтарылады, сондай-ақ, шығынның үш есе көлемінде айыппұл салынады. Бұл жазалау үшін емес, ішкі ресурстарды табу үшін жасалады. Айыппұлдан түскен қаржы халыққа керек медициналық қызметтерге жұмсалады», — деді Елжан Біртанов.

Пікір қалдырыңыз