Оңдасын Оразалин Үкіметтің жұмыс тобына әлеуметтік мәселелердің шешілу жолын айтты

Өңір басшысы Оңдасын Оразалин вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықоваға облыста 900-ге жуық отбасыға көмек көрсетілгенін айтты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілішісі.

Бүгін, 14 наурызда Ақтөбе облысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған Үкіметтің жұмыс тобы келді. Алдымен астаналық меймандар Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің Жастар орталығына барып, студенттердің пікірі мен ұсыныстарын тыңдады.

Сондай-ақ, облыс әкімі Оңдасын Оразалин келген қонақтарға әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардың мәселесі ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

«Ақтөбе облысы әкімдігінің бастамасымен ашық есік күндері өтті. Аталған акция аясында 5 мыңнан аса тұрғын өз мәслелерін айтты. 6 мыңға жуық мәселе көтерілді. Олардың басым бөлігі тұрғын үй, несиелердің өтелуі, мемлекеттік жеңілдіктер алу мәселесімен байланысты. Жергілікті атқарушы билік өкілдері осы сұрақтарға жауап беріп жатыр. Соңғы бір айдың ішінде әлеуметтік көмекке мұқтаж 877 отбасыға 50 миллион теңгеге көмек көрсетілді», — деді Оңдасын Оразалин.

Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова жастарға үміт артып отырғанын жасырмады. Оның сөзінше, Жастар жылына орай Үкімет 26 млрд теңге қаржы бөлді.

«Алдыңғы қатардағы белсенді жастар басқа да жастарға көмектің қол ұшын беруі тиіс. Жастар – біздің болашағымыз», — деді Гүлшара Әбдіхалықова.

Пікір қалдырыңыз