Еркін өзгермелі айырбастау бағамы саясатын жалғастырамыз — Ұлттық банк төрағасы

ҚР Ұлттық банкі еркін өзгермелі айырбастау бағамы режімін ұстануды жалғастырады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында аталған банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық банкі басшысы 11 наурыздағы жағдай бойынша теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 379,48 теңге болғанын атап өтті.

«Қазақстан Ұлттық банкі еркін өзгермелі айырбастау бағамы режімін ұстануды жалғастырады. Ұлттық банктің валюта нарығындағы нетто-интервенцияларының көлемі 2019 жылғы ақпанда нөлге тең болды», — деді ол.

Е. Досаевтың айтуынша, Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері 1 наурызда алдын ала деректер бойынша 29,2 млрд АҚШ доллары, Ұлттық қордың активтері 59,0 млрд АҚШ доллары болды. Жалпы халықаралық резервтер 88,2 млрд АҚШ долларын құрады.

Сондай-ақ ол 2019 жылғы қаңтарда депозиттер көлемінің 19,2 трлн теңгеге дейін 3,7 пайызға өскенін атап өтті. Ұлттық валютамен депозиттер 11,9 пайызға артты.

«Көп жағдайда мұндай өсу «Цеснабанк» АҚ-ны қолдау бойынша іс-шараларды іске асыруға байланысты болды. Шетел валютасымен депозиттер 5 пайызға төмендеді. Нәтижесінде, депозиттерді долларландыру 44,4 пайызға дейін кеміді», — деді ол.

Пікір қалдырыңыз