Ақтөбелік жастар үш отбасына газ кірзігіп берді

Ақтөбе облысы, Ембі қаласының жастары үш отбасына газ кіргізіп берді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ембі қаласының жастары «Жайдарман» әзіл кешін ұйымдастырып, көпбалалы, мұқтаж отбасыларға газ кіргізіп берді. Бұған дейін от жағып, қатты отын сатып алып отырған отбасы енді арзан газды пайдалана алады. Қазіргі уақытта пәтер жалдап, қыста бөтеннің жылы үйін паналап жүрген көпбалалы ана Динара Балғазинаға көмек берілді.

«Менің 6 балам бар. Өз үйімізді қыста жылыту мүмкін болмаған соң 15 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамыз. Коммуналдық қызметке 10 мың теңге беремін. Көпбалалы болған соң пәтер табу да қиынға соғады. Ал жастар үлкен ерлік жасап, бізге көмек көрсетті. Қазіргі кезде біз өз үйімізге қайта оралып, пәтерақыға берген қаржымызды үнемдеуге мүмкіндік алдық. Жастардың ісі біздің отбасыға қуаныш сыйлады», — деді 34 жастағы «Күміс алқа» иегері Динара Балғазина.

Әзілкештер сайысын «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі, жас кәсіпкер Наурызек Сарбасов ұйымдастырды. Ол колледж студенттері мен оқушыларды, жас мамандардың басын қосып, үш отбасыға көмектесуді ұсынды. Сөйтіп бір күнде Ембі, Жем қалаларның үш отбасына газ берілді. Олар балаларын өзі бағып отырған Айым Әлқуатова, «Күміс алқа» иегері Динара Балғазина және Сән Махамбетова. ​

«Ауыл халқына ерекше көңіл күй сыйлап, кейін билеттен түскен қаржыға үш отбасына газ құбыры кіргізілді. Біз әлеуметтік жағдайы ауыр, көпбалалы отбасыларға басымдық бердік», — деді жастардың игі ісіне бастамашы болған қала тұрғыны Наурызбек Сарбасов.

Пікір қалдырыңыз