Интернет арқылы ем іздеген ақтөбелік мұғалім қатерлі ісіктен мерт болды

Өз-өзін емдемек болған 58 жастағы әйел дәрігерге тым кеш барған, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Екі жоғары білімі бар ақтөбелік мұғалім интернет арқылы дертінен ем іздеп көрді. Ол өз бетінше ғаламтордан материалдар оқып, өзіне дәрі-дәрмектер еккен. Бұл туралы Ақтөбе облыстық онкологиялық аурухананың дәрігері Зиза Бөлекова мәлімдеді.

«Оқиға 2015-2016 жылдары болды. 58 жастағы мұғалім екі жоғары біліміне қарамастан дәрігерге бармай, өзін-өзі емдеген. Ол интернеттен дәрі-дәрмектердің атауларын оқып, 10-20 күн бойы сүт безіне ине салған. Жарасы әбден асқынып, иіс шыға бастағаннан кейін ғана дәрігерге барған. Бастапқыда сүт безін алып тастау бойынша ота жасалды. Дегенмен жара өкпесіне де түскен екен», — дейді Зиза Бөлекова.

Онколог дәрігердің айтуынша, егер науқас уақытында дәрігерге барып, дұрыс ем қабылдағанда жағдай қайғылы болмас еді.

«Біріншіден, скринингтен өту керек. Екіншіден, салауатты өмір салтын ұстану қажет, яғни, зиянды әдеттерден бас тарту керек. Үшіншіден, дәрігердің айтқанын орындау қажет. Дегенмен, адамдар бала-шағасын асыраймыз деп дәрігерге баруға уақыт таппайды немесе жалғызбасты ана балаларын асырау үшін ауру асқынғанша дәрігерге қаралмай жүре береді. Бұл дұрыс емес. «Мен емделемін, өмір сүремін» деп науқас алдымен өзінің сана сезімін өзгертуі керек», — дейді онколог дәрігер.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалының мәліметінше, 2019 жылға Ақтөбе облысында халыққа тегін ұсынылатын скринингтерге бюджеттен 201 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Осындай скринингтердің арқасында ақтөбелік тұрғын қатерлік ісікті дер кезінде емдеген.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында қатерлік ісік бойынша 7,5 мыңға жуық адам есепте тұр. Соның ішінде 1730 адамнан қатерлі дерт бірінші рет анықталған.

Пікір қалдырыңыз